24 Сәуір, 2010

БАЛАЛАР ҚҰҚЫ ЖЕТЕ ҚОРҒАЛМАЙДЫ

583 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қызылағаштағы су қойма­сы­ның бұзылуы орны толмас қасі­рет әкелді. Бұдан соң шаруа қожа­лықтарының иелігіне өткі­зіл­ген не күтімсіз, бақылаусыз қал­­­ған басқа да су қоймалары­ның жағдайы жұрттың алаңдау­шылығын туы­ғыз­ды. Соған орай ондай жағдай енді қайталанбауы үшін жіберілген кемшіліктерді анықтау мақсатында Бас про­кура­тура республикадағы су қой­маларының жәй-күйіне шұғыл тексеріс жүргізг­ен еді. Кеше оның нәтижесі анықталға­нын құзырлы органның ресми өкілі хабарлады. Прокурорлардың тексерулері­мен 400-ге жуық су қоймалары қамтылған. Олардың көпшілігі­нің белгіленген тәртіпті, оның ішінде қауіпсіздік талаптарын бұза оты­рып пайдаланылып жүр­гендігі анықта­лыпты. Су дең­гейін бақы­лауға ар­нал­ған бекет­­тер­дің және су өлше­гіш құрал­дар­дың болмауы, сондай-ақ жөн­деу және реттеу, бекіту тетіктері­нің жай-күйіне ба­қы­­лау тексері­сін жүргізу мерзім­дерінің тия­нақ­сыздығы жиі кезде­сетін заң бұзушылықтарға жатады. Сөйтіп, тексеру барысында бір­қатар иесіз қалған су шаруашы­лы­ғы нысан­дарының барлығы нақты тіркелді. Анықталған заң бұзушы­лық­тарды жою мақсатында про­курорлар 50 ұсыныс енгізді, 5 ұйғарым орындалды, су шаруа­шы­лығы құрылыстарын пайда­лану ережелерін бұзу фактілері бо­йынша 17 әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы іс қозғалды. Бар­­лық иесіз қалған су қойма­лары уәкілетті мем­лекеттік ор­ган­дардың бақы­лауына алын­ды. Қазір Бас прокуратура осы тексерудің нәти­желері бойын­ша Үкімет атына ұсыныс әзірлеуде. Мұндай тек­серу­лердің арқасында халықтың өмірі мен денсау­лығына қауіп туған жағдайда әрекет етудің нақты тетіктерін, түрлі құры­лымдар жауапкерші­лігін белгілеу арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесі жетілдірілу қажеттігі айқын­далды. Сондай-ақ Бас прокуратура кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға бағыттал­ған Қазақстан Республикасының заң­на­масы мен халықаралық келісім­дердің сақталуына тексеру жүргіз­ген еді. Мұнда да көп­теген, әсіре­се, балаларды жұмыс­қа еңбек шартын жасамай және медицина­лық тек­серу­сіз қабыл­дау, жасөспі­рімдерді түнгі уақытта, сондай-ақ заңнамада белгіленген жұмыс уақыты­ның ең жоғары ұзақты­ғынан да көп уақыт­қа жұмысқа тарту және тағы да басқа заң бұзу­шылықтар анық­талған. Мәселен, кәмелеттік жасқа толмаған Н.Мол­дабай, Н.Рахиев және Е.Кравец еңбек шартынсыз және медицина­лық тексеруден өтпей Ақтөбе қаласында “Арцах” мейрамхана­сында түнгі уақытта даяшы болып жұмыс істеген. Балқаш қаласында орналас­қан “Берлога” дәмханасында 17 жасар Брусенко аптасына 50 сағаттан астам уақыт бойы дая­шы ретінде жұмысқа тартыл­ған, ал жасы 16-дан 18-ге дейінгі жастардың жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс еді. Тіпті кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау тікелей міндеті болып табылатын мемлекеттік қызметшілердің өздерінің де бала­ларды жұмысқа заңсыз тартқан жағдайлар орын алған. Мысалы, Шалқар қаласының полиция инспекторы Мұңайтбас кәсіптік-техникалық мектебінің оқушысы Б.Жанұзақовты екі жыл бойы жеке меншік үй құрылысын жүргізу жұмыстарына заңсыз тартқан. Қазіргі таңда оған қылмыстық іс қозғау туралы мәселе қаралуда. Оқу кестесін бұзып, балалар­дың еңбегін заңсыз пайдалану фактілері де анықталған. Қара­ған­ды облысы­ның Осакаров ауда­нындағы бір ауыл­дың мек­теп оқушылары мал бағу үшін оқудан босатылған, ал Оң­түстік Қазақ­стан облысының Мақта­­арал ауданының 2 мыңға жуық мектеп оқушылары сабақ кезінде мақта жинауға тартыл­ған. Сөйтіп, Бас прокура­тура тексерісі уәкілетті мем­лекеттік органдардың бала­лардың еңбек құқықтарын қам­тамасыз ету мәселесіне тиісті көңіл бөлмейтін­діктерін көрсетіп берді. Александр ТАСБОЛАТОВ.