Экономика • 26 Наурыз, 2021

Қалдық қалдырмайтын кәсіпорын

498 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 2020-2025 жылдар арасында жалпы құны 173,3 млрд теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 803 жұмыс орны ашылады. Бұл – өңірлерді индустрияландыру картасының ІІІ бесжылдық жоспары.

Қалдық қалдырмайтын кәсіпорын

Елімізде өңірлерді индустрия­ландыру картасы қолға алын­ған 2010-2014 жылдары Батыс Қазақстан облысында жаңадан 30 жоба жүзеге асырылған болатын. «Өңір кәсіпкерлігін қол­дау­дың бірінші бесжылдығы» деп аталған бұл кезеңде жалпы құ­­ны 257,5 млрд теңгенің ин­вес­ти­­­­ция­­сы игеріліп, 1 813 жұ­мыс ор­­ны құ­рылған екен. Ал ин­­дус­трия­­­­лық-инновациялық да­му бағ­дар­­­­ла­масының III бес­жыл­дығы ая­­­сын­да жалпы құны 93,9 млрд тең­­г­елік 36 жоба іске қосылды. 1 497 адам жұмыс тапты. Өңірдің эко­но­микалық әлеуетін өсірген бұл өз­герістерге мемлекет тарапы­нан жасалып жатқан жүйелі қол­даудың да әсері зор. Жыл сайын өсіп-өркендеп, қанатын кең жайып келе жатқан осындай өндірістің бірі – оралдық «Күблей» кәсіпорны.

«Күблей» ЖШС тәуелсіздік­тің таңсәрісінде, сонау 1992 жыл­дың 2 қарашасында құрылған кә­сіп­орын. Одақ кезінде қалып­тас­қан жүйе күйген киіздей ке­неуі кетіп жатқан кезде жаңа өн­д­і­рісті ашқан кәсіпкер Талғат Бе­ре­кешовке оңай тимегені анық. Үш жылғы тынымсыз еңбектен кейін 1995 жылы кәсіпорын кон­серві-қалбыр өндірісін жолға қой­ды. Еттен, балықтан және ет пен өсімдік өнімдерінен қал­быр­дың сан алуан түрін шығаратын «Күб­лей» бүгінде «Испат Кар­мет», «Agrimat export» «Roja», «Sokolow-export», «Воха Агро Сервис» сынды алпауыт компа­ния­лармен серіктес болып, олар­дың қосалқы бөлшектері мен шикі­затынан тамаша туындыларды тұ­тынушыға тарту етіп отыр.

1

«Күблей» кәсіпорны жүзден астам өнім түрін шығарады. Кә­сіп­­орында ауысымына 150 мың­нан астам қалбыр өнімдері шы­ға­ды. Еліміздің бүкіл аймағын айт­пағанда, Қырғызстан, Түрік­мен­стан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей жұрты «Күблейдің» бұқтырылған еті мен балығының дәмін татып, бағасын бас барма­ғымен беріп қойған. Соңғы кезде дайын өнімді шығару айына 2 млн банкаға дейін ұлғайған екен.

«Күблей» консервілерінің сапасы жоғары. Кәсіпорын өз өн­­дірісінде азық-түлік қоспа­лары мен ГМӨ пайдаланбайды. Яғ­ни 100 пайыз табиғи шикі­зат өнім­дерін қолданады. «Күблей­дің» конвейерінен шығатын өнімдердің барлығы да Қазақстан мен Кедендік одақтың техника­лық регламенттеріне және Ұйым стандарттарына сәйкес келеді. Компанияда шикізат пен да­­йын өнімнің микробиологиялық, ор­га­нолептикалық және физика-хи­миялық көрсеткіштері сапасын бақылайтын сертификатталған өндірістік зертхана жұмыс істеп тұр. Әлемдік деңгейде талап еті­­летін РК ИСО 9001 сапа ме­недж­менті жүйесі, ИСО 22000 қауіпсіздік жүйесі сертификаттары алынған.

– Біз өз командамыздың алға қойған мақсатына жетуі, тиім­ді жұмыс істеуі үшін барынша жағдай жасап, сапа менеджменті жүйесінің үнемі жетілдірілуін қадағалап отырамыз. Жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті және қауіпсіз өнімдерді шығаруға әрқашан мүдделіміз, – дейді Т.Берекешев.

Бұл құр айтыла салған сөз емес. «Күблей» қол жеткізген жүлделер мұны дәлелдеп тұр: 2011 жылы компания «Қорша­ған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» номинация­сында «Парыз» сыйлығына ие болды. 2013 жылы «Үздік азық-түлік өнімдері» номинациясы бойынша «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінде бірінші орын алды. 2012-2014 жылдары компания өнімнің сапасы саласында әлеуметтік жауапты бизнеске, оның қауіпсіздігі, сондай-ақ ұйымның өнім сапасын басқарудың аса тиімді әдіс­терін енгізуге бағытталған жұмыс­тары бойынша айтарлықтай нәти­жеге жеткені үшін «МІНСІЗ» белгі­сіне ие болды. 2013 жылы өткен «Сапалы өнім» көрмесіне қатысып, 1-орынға қол жеткізді. 2013 жылы Елбасының «Халыққа арналған өнімдер шығаратын ең үздік өнеркәсіп» номинация­сында «Алтын Сапа» сый­лы­ғы­ның иегері атанды. Қаржы­лық-экономикалық ранжир­леу рейтингісінің 2015 жыл қоры­тындысы бойынша «Күблей» тағы да жоғарғы сатыға жайға­сып, «Алтын белгіге» ие болды. Қазақ­стан Республикасы кәсіп­орын­­дары арасындағы «Салық мөлшері» (ОКЭД-10.13.0) (ОКЭД-10) көрсеткіші бойынша 2017 жылы 1-орынға шыққаны үшін алған «Алтын медалі» тағы бар.

Әрине, кәсіпорынның төрт аяғын тең басып кетуіне мемлекет те барынша көмектесті. Елдегі индустрияландыру бағ­дар­ламасы аясында өңірдегі бір­неше кәсіпорын еңсесін тіктеп алды. «Күблей» 2015 жылы ауысымына 400 бас ірі қара мен 700 бас қой-ешкі соятын цехы бар ет өңдеу кешенін іске қосты. Мұнда ет өңдеу цехтары толықтай автоматтандырылған, онда жоғары сапалы еуропалық жабдықтар орнатылған. Ал қазіргі заманғы технологияға сәйкес түрлі температуралы режімдегі 10 тоңазытқышта жылына 3 мың тоннаға дейін етті сақтауға болады. Ет зауытының тағы бір ерекшелігі – мұздатылған, жаңа мұздатылған және жартылай фабрикат өнімдер дайындауға қол жетті. Бұл өнімдерді бүгінде еліміздің барлық өңіріндегі супермаркеттерден табуға болады. Сондай-ақ Иран, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан секілді елдер де тұтынуда.

2018 жылы кәсіпорында мал қалдықтарын қайта өңдеу цехы жұмысын бастады. Ет өндіру кешені базасында малға арналған жемдік ұн өндіретін тәулігіне 20 тонна қуаты бар өндіріс жолға қойылды. Яғни мұнда жануарлар өнімдерінің тағамдық емес қалдықтарын өңдейтін және ет-сүйек ұнын өндіретін жаңа цех іске қосылды. Бұл ет-сүйек ұны дегеніңіз – бройлер тауықтарды тез өсіретін, ал мекиендердің жұмыртқалағыш қасиетін арттыратын, жұмыртқа қабығының сапасын жоғарылататын нағыз минералды ақуыз екен. Протеин мөлшері 50%-дан асатын мұндай өнімді және техникалық майды қазақстандық құс фабрикалары таласа-тармаса алып кетеді. Сондай-ақ заманауи сабын өндірісінде қолданылатын жануар майын алу жүйесі де жолға қойылған.

Өткен жылдың соңында «Күблей» ЖШС көптен жоспар­лаған тері өңдеу цехын іске қосты. Хромдалған былғары – «WET-BLUE» жартылай өнімін өңдейтін тері цехы италиялық технологияға негізделген. Оның қуаты бір ауысымда 600 теріні өңдеуге жетеді. Ал жартылай фабрикатты жергілікті нарықта да, Ресей, Қытай, Еуропа елдеріне де экспорттау көзделген.

Осылайша, «Күблей» кәсіпор­нында мал өнімдері еш қалдық қалмай, түгелдей өңделеді. Ет өз ал­дына, сүйек, мүйіз, тұяқ, сіңір, шеміршек, ішек-қарын толы­ғымен әжетке жаратылады. Оны айтасыз, кәсіпорында пайда­ланылған техникалық судың өзі механикалық, химия­лық және биологиялық сүзгі-тазарт­қыштардан өткен соң ғана қаланың кәріз жүйесіне жібері­леді. Ешнәрсені ысырап етпейтін, қоршаған ортаның да қамын қалт жібермейтін «Күблей» кәсіп­орнының тәжірибесі баршаға үлгі болса дейсің.

 

Батыс Қазақстан облысы