Әлемдегі 12 мемлекетті мекен еткеніне қарамастан, «Қызыл кітапқа» енген ақсүйек аңның жер бетінде 4 мыңға жуығы ғана қалыпты. Ғалымдардың пайымдауынша, соның шамамен 120-130-ы Қазақстан аумағында тіркелген екен. Жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған жыртқыш аңның сирек кездесетіні де сондықтан.
Енді міне, тектілігі мен ептілігі талайды таңғалдырған қар барысы қайта көбейіп келе жатқан секілді. Олай дейтініміз, әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатқан әлгіндей кадрлар бұған дейін Жамбыл облысына қарасты Меркі ауданының аумағында, Алматы облысындағы «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, Алматы мемлекеттік табиғи қорығында, «Іле Алатауы» ұлттық табиғи паркінде түсірілген болатын. Ал Ақсу-Жабағылыда дәл мұндай бейнетаспа өткен жылы қазан айында түсірілген еді. Жарты жылға жетер-жетпес мерзімде осындай оқиға тағы қайталанып отыр. Бұл ненің белгісі? Мұны «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, жұрт жақсылыққа балап жатыр. Жақсылық емей немене, мемлекетіміздің нышанына айналған қастерлі жануармен бірге байырғы өр рухымыз, намыс пен жігеріміз бой көрсете бастады. Қайырылып келіп, қайта-қайта фототұзаққа түсіп қалып жүрген қар барысында ел мен жердің киесі бар секілді.
Орайы келгенде айта кетейік, көзге көп түсе бермейтін жануардың санын нақтылау, мекен ететін аумағын анықтау мақсатында арнайы мамандар орманның экожүйесін сақтап қалу үшін бірқатар қадамға барып жатыр. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының ғаламдық экологиялық қоры мен еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінiң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті фототұзақтар орнатты. Тарап жатқан қайталанбас кадрлар – осы жұмыстардың жемісі.
Иә, «Қызыл кітапқа» енбей жатып көз жазып қалған жан-жануарларымыз аз емес-ті. Бір кездері Ұлы дала төсін Азия арыстаны, Тұран жолбарысы, қабылан, құлан мекен еткен дегенді тарихшылардың, экологтардың аузынан жиі естиміз. Тұрпаты бөлек Тұран жолбарысының тақсіретті тағдыры туралы М.Мағауиннің «Шақан шері» романында айтылады. Ал Азия арыстаны Африкадағы тұқымдастарынан жалының жатаған, тұрқының сәл шағындау болуымен ерекшеленіпті.
Қазақстанда қабылан қалмағанымен, осыдан тура 3 жыл бұрын 2018 жылы қазанда Маңғыстау облысындағы Үстірт мемлекеттік қорығында алғаш рет Түрікменстаннан келген Орталық Азия қабыланы фототұзаққа түскен болатын. Әлгі қабылан сол жылы қарашада, кейін 2019 жылы ақпанда тағы экологтардың назарына ілікті. Тіпті оған «Тау шері» деген ат қойылған көрінеді. ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін үйір-үйірімен жайылып жүрген құланды бүгінде ұлттық парктерден ғана кездестіруге болады. Оның өзі бір кездері біржолата жойылып кетіп, өткен ғасырдың ортан белінде Түрікменстаннан жеткізіліп, жерсіндірілген еді. Өткен жылы олардың жалпы саны 4 мыңға жуықтапты.
P.S. Қар барысы дегенде ең алдымен Алматыдағы Республика алаңында орналасқан «Тәуелсіздік монументі» ойға оралар еді. Оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағы бар дулығалы жас сарбаз біз айтып отырған барыстың үстінде тұрған жоқ па? Қатардағы барыс емес, қоладан құйылған қанатты барыс. Осы монументке қараған сайын рухтың асқақтамауы, жігердің жанылмауы мүмкін емес. Ендеше, барысымыз барда – намысымыз бар деген сөз.