Ал оның орнына жаңа қолбасшы болып тағайындалып жатқан адмирал Джон Акуилино 23 наурызда мұндай оймен келіспейтінін білдіріп: «Бұл проблема біз үшін көп адам ойлап жүргеннен де жақынырақ деп ойлаймын» деп, Қытайдың Тайваньға одан да ертерек әскери шабуыл жасауы мүмкін екенін айтты.
Жаңа қолбасшының бұл сөзіне Қытайға қарсы қатаң саясатты қолдайтын саясаткер ретінде белгілі сенатор Том Коттон араласып, Ресей 2014 жылғы ақпан айында Сочи Олимпиадалық ойындары аяқтала сала, Қырымды өзіне қосып алғанын тілге тиек етіп, ал Қытайда келесі жылғы ақпан айында Бейжің Олимпиадасы болатынын алға тартып, Қытайдың Тайваньды келесі жылы-ақ тартып алуға талпыныс жасауы әбден мүмкін екенін меңзеді.
Әскери қолбасшы сенатордың бұл сөзіне нақты пікір білдіруден қалыс қалғанымен, жеке пікірін жасырмайтын қатардағы саясаттанушылар мен сарапшылар деңгейінде емес, жоғары деңгейдегі әскери тұлғалар мен саясаткерлердің сенат комитетінің ресми жиыны барысында жуық арада Азияда соғыс басталуы ықтимал екенін ашық айтып жатқаны әлемді алаңдатпауы мүмкін емес.
Ресейлік БАҚ-та жоғарыда аталған АҚШ сенатының екі жиыны жайлы, жиындар барысында айтылған мәселелер жайында жаңалық ретінде ақпарат жарияланғанымен, сенатор Коттонның көтерген мәселесі жайында, жалпы Тайвань тақырыбы туралы нақты ештеңе айтыла қойған жоқ.
Ал Жапонияның ең ірі бұқаралық ақпарат құралының бірі болып табылатын «Санкэй Шимбун» газеті жоғарыда аталған саясаткерлердің сөздеріне сілтеме жасай отырып, бұл мәселеге арнайы тоқталды: «АҚШ-тың әскери салаға қатысты мамандары арасында Ресейдің 2014 жылғы ақпан айында Сочи Олимпиадасы аяқтала сала Қырымды жаулап алғанын үлгі тұтып, Қытай да келесі жылғы ақпан айына жоспарланған Бейжің Олимпиадасынан кейінгі көктем мезгілінде Тайваньға шабуыл жасау қаупі бар екені айтыла бастады» деп жазды. Оның үстіне, адмирал Акуилиноның Тайваньға қарсы Қытайдың әскери шабуыл жасауы ықтимал мезгілге байланысты: «Ауа райы мен климаттық жағдайды ескерсек, әскери тұрғыдан көктем айлары ыңғайлырақ» деген сөзіне жапондық журналистер көп көңіл аударғанын байқадық.
Ал жоғарыда аталған АҚШ сенатындағы жиындардан бірнеше күн ғана бұрын, яғни 5 наурызда әйгілі америкалық «Pew Research Center» зерттеу орталығы жүргізген қоғамдық сауалдаманың нәтижесі бойынша бүгінгі таңда америкалық он азаматтың тоғызы (89%) Қытайды «бәсекелес ел» немесе «жау ел» деп қабылдайтыны белгілі болып отыр. Ал АҚШ пен ҚХР-дың қарым-қатынастарын температуралық көрсеткішпен есептеп көру мақсатында қойылатын сұраққа берілген жауаптар бойынша қазіргі америкалық қоғамда екі елдің арасы «салқын» деп есептейтіндер мен «өте салқын» деп ойлайтындардың саны 2018 жылмен салыстырғанда күрт көбейіп отыр (46%-67% және 23%-47%). Екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің маңыздылығына қатысты қойылған сұрақтарға берілген жауаптар да оңды болмаса, Қытайдағы саяси-әлеуметтік мәселелер мен адам құқықтарына байланысты, сондай-ақ ҚХР басшылығына деген сенімге қатысты қойылған сұрақтарға берілген жауаптардан да көп нәрсе аңғаруға болады. Сауалдамаға қатысқан азаматтардың жартысынан астамы (52%) Қытайдың әскери күшінің ұлғаюы өте үлкен проблема деп жауап бергені де оған дәлел болып отыр.
АҚШ-та өткен осы сауалдаманың нәтижесі жайлы да сол күні-ақ барлық дерлік ірі жапондық ақпараттық агенттіктері жарыса жазып жатты. Себебі Жапония АҚШ-тың Азиядағы ең жақын саяси-әскери одақтасы болса, бұл елдің бүгінгі таңдағы ең үлкен саяси қарсыласы – Қытай екені белгілі. Сауда-экономикалық тұрғыдан Жапония мен көрші жатқан Қытайдың қарым-қатынасы өзара тиімді болғандықтан, Токио Вашингтонға ұқсап қытайлық компаниялар мен ресми тұлғаларына қарсы саяси немесе экономикалық санкциялар жариялап отырмағанымен, жалпы АҚШ саясатын қолдауға мәжбүр.
Америка тарапының қысымымен Жапония үкіметі Қытайда жұмыс істеп жатқан жапондық ірі өндірістік компаниялардың ол елден кетіп, Жапонияға қайта оралуына жағдай жасауды ұйғарып, көшіп-қонуға қажетті қаражаттың көп бөлігін үкіметтік қолдау ретінде төлеп беруге дейін дайын екенін мәлімдеген болатын. Кейбір компаниялар үкіметтің айтқанына құлақ асып жатса, көптеген ірі компаниялардың басшылары Қытай нарығынан бұлайша оңай кете салуға болмайтынын айтып отыр. Жапония үкіметіне қарасты сыртқы сауда ұйымының (JETRO) өткен жылғы қыркүйек айында жүргізген сауалдамасының нәтижесі көрсеткендей, Қытайда жұмыс істеп жүрген жапондық компаниялардың аз бөлігі ғана (тек 7,2%) ол елден кетуді қарастырып отырған болса, бұл көрсеткіш көбеймек түгіл, алдыңғы жылмен салыстырғанда (9,2%) керісінше төмендеп кеткен.
Жапондық ірі компаниялардың мұндай ойларының астарында ең бірінші үлкен нарық факторының жатқаны анық. Мысалы, сонау 1980-жылдары жапониялық компаниялар арасынан ең алғаш Қытайға инвестиция құйып, зауыт салып, өз өнімін шығара бастаған Panasonic компаниясының қазіргі таңдағы осы елдегі табысы 16 млрд долларға жетіп, компанияның жалпы табысының төрттен бір бөлігін құрап отыр. Олай болса, бұл компания мұндай нарықтан, мұндай бизнес көзінен қалай оңай бас тартсын?! Осыған байланысты Panasonic компаниясының жергілікті басшысы Тецуро Хомма: «Қытай сияқты үлкен нарықсыз жапондық өндіріс компаниялары ғаламдық деңгейде аман қалуы екіталай деп ойлаймын. Қытай қазір күллі әлемнің компанияларын өзіне тартып отырғандықтан, бұл елде өте қатаң бәсекелестік орта орнап отыр. Сондықтан Қытай нарығында болу деген әлемдік бәсекелестікке жол ашу деген сөз» дейді белгілі жапондық Nikkei ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында.
Тұрмыстық электроника өнімдерін шығаратын компания үшін ғана емес, Toyota сияқты көлік шығаратын жапондық ірі трансұлттық компаниялар мен өндіріс және өңдеу салаларындағы тағы да басқа жүздеген жапондық компания үшін Қытай нарығы ең маңызды сауда-экономикалық факторға айналып отыр. Ал нарығы мен экономикасы дамыған сайын Қытай мемлекеті жапон бағытында да саяси тұрғыдан күрт өзгеріп, күшейіп келе жатыр. Егер жиырма бірінші ғасырдың басында Қытай экономикасы Жапониядан төрт есе кем болса, небәрі он жылдан кейін оны басып озды. Одан тағы он жыл өткен қазіргі таңда Қытайдың экономикасы керісінше жапон экономикасынан үш есе көп деңгейге жетіп отыр. Әлемдегі екінші және үшінші экономика ретінде екі елдің бір-біріне деген сауда-экономикалық және техника-технологиялық өзара тәуелділігі күннен-күнге тереңдей түсуде.
Ал енді екінші жағынан Жапония мен Қытай арасында тарихи мәселелер мен шешілмеген жер дауы бар. Әсіресе, Сэнкаку (қытайша «Дяодао») аралдары – екі елдің мемлекетаралық байланыстарының басты проблемасы. Қытай «тарихи әділеттікті орнату мақсатында» аралдарды тартып алам дегенді меңзеп, оларға жақын жерлерге өзінің әскери кемелерін жіберуді жиілетіп жіберсе, Жапония үкіметі: «Сэнкаку аралдары тарихи тұрғыдан да, халықаралық құқық тұрғысынан да Жапонияға тиесілі, өз жеріміз ретінде пайдаланып отырған аралдар болғандықтан, бұл мәселеге байланысты Қытай мемлекетімен шешілмеген мәселе жоқ бізде» дегенді қайталап келеді. Жапония үкіметі аталған аралдарды Қытай теңіз әскерінен қорғау мақсатында өз әскерін күшейтіп, кемелер санын көбейтуге талпынып отыр. Дегенмен, әсіресе әскери күш тұрғысынан Жапония қазіргі Қытайға қарсылас бола алмайтыны анық. Міне, сондықтан да Жапонияның АҚШ-қа әскери және саяси тұрғыдан тәуелділік деңгейі одан әрі өспесе, жақын арада төмендемейді.
Ал АҚШ үшін Қытайдың жалпы Тынық мұхит өңірі мен әсіресе, газ және басқа да түрлі минералды ресурстарға бай Шығыс-Қытай теңізінде көрші мемлекеттерге күш көрсетіп отырғаны дәл осы аймақтағы одақтас елдерді қорғау тұрғысынан маңызды саяси мәселе болып отыр. Мәселен, сөз басында айтылғандай, егер коммунистік Қытай Тайваньды әскери күштің көмегімен өзіне бағындыруға бел буса, АҚШ ондайға жол бермеуге тырысып бағатыны сөзсіз. Олай істемесе, яғни Қытай көздегеніне қол жеткізіп, діттегенін орындай алса, онда АҚШ-тың Тайвань алдында ғана емес, аймақтағы одақтастары болып табылатын Оңтүстік Корея, Филиппин, әсіресе Жапония сияқты мемлекеттер алдында саяси абыройына нұқсан келіп, жалпы әлем елдері арасында беделі төмендеп кетері сөзсіз.
Ондай жағдайдың қалыптасуына АҚШ сияқты алып елдің басшылығы жол бере қоймас, тіпті Жапонияның өзі де қарап қалмас десек, онда әскери қақтығыстан басқа қандай жол бар, міне, дәл осы сұрақ бүгінгі таңда ғаламдық деңгейдегі ең маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Жақында ғана Аляскада өткен АҚШ пен ҚХР арасында өткен жоғары деңгейдегі келіссөздердің нәтижесі екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық соғыстың саяси соғысқа айналып отырғанын көрсетсе, екі ел арасындағы саяси салқындық жуық арада жыли қояды дегенге сену қиын. Сондықтан АҚШ-пен саяси тұрғыдан, ал Қытаймен сауда-экономикалық тұрғыдан жақсы қатынаста болуға мәжбүр болып отырған Жапония үшін сындарлы кезең туып отыр. Азияда өрт шығып кетуі әбден мүмкін заман туғанда Жапония үкіметінің сыртқы саясаты мен дипломатиясына дәл бүгінгідей әлемдік деңгейде үміт артылмаған еді десек, артық айтпаған болар едік. Осы тұрғыдан келесі айға жоспарланып отырған Жапонияның премьер-министрі Ёшихидэ Суганың АҚШ-қа ресми сапары мен президент Джо Байден арасындағы келіссөздер тек екі ел үшін ғана емес, халықаралық қоғамдастық деңгейінде маңызды саяси іс-шара болғалы тұр десек, қателеспейміз.
Әлем коронавирус індетімен алысып жатқан тұста жанкүйерсіз болса да биыл Жапонияда жазғы Олимпиадалық ойындар өтсе, келесі жылы Қытайда қысқы Олимпиадалық ойындар өтеді. Ол ойындардың қалай, қандай деңгейде өтетіні де осы алып елдердің саясаты мен өзара саяси-дипломатиялық қарым-қатынастарына байланысты болып отыр. Ең бастысы, Олимпиада ойындары саяси ойынға айналып, Олимпиаданың оты Азия елдері арасындағы үлкен отқа айналып кетпесе екен деп тілейік...
Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,
шығыстанушы, халықаралық қатынастар саласы бойынша PhD докторы,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін