Тарих • 26 Наурыз, 2021

Елді елең еткізген екі сурет

988 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазағым деп қан жұтып, жағасы жау қолында кеткен асыл тұл­ғаларымыз аз емес. Десек те, қызыл империяның қан сүмек­теген қы­лышынан қаймықпай, Алаш мұраты жолында ғазиз жанын пида еткен ұлт зиялысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның орны алабөтен.

Елді елең еткізген екі сурет

Жуырда ардақты Алаш сер­кесінің бұрын еш жерде жа­рияланбаған жаңа екі суреті та­былып, төл мейрамымыз – Нау­­рыз тойы қарсаңында қуа­ны­шымыздың үстіне қуаныш қо­сылды. Оның ар жағында ел Тә­уелсіздігінің отыз жылдығымен тұспа-тұс келген бұл сүйінші ха­барды біз шынымен жақсы ырымға баладық. Бодан елімді бос­тан етем, еңсесін тіктеп, егемендік әперем деп саналы ғұмырын сарп еткен Алаш арыстарының бұл тәуелсіздік жолына төккен терін айтпай кетуге болмайды. Ақжолтай хабарды белгілі тарихшы ғалым, әлихантанушы Сұлтан- Хан Жүсіп жеткізді. Тарихшы өзінің жеке парақшасында жазып, жариялағандай алғашқы суретті ізденімпаз журналист, әріп­тесіміз Серікбол Хасан тапса, екінші тарихи құнды фотоқұжатты жас тарихшы ғалым Рамазан Әбілдосұлы тарихи айналымға қосып отыр. Жалпы, Серікбол Хасанның әлихантануға қосып отырған бұл жалғыз еңбегі емес. Бұған дейін әріптесіміз 2016 жылы Әлиханның революцияға дейінгі жылдары Петерборда өмір сүрген фотограф Карл Булла (1853-1929) түсірген Ә.Бөкейханның жаңа фотосуреттерін жариялап, елден сүйінші сұраған болатын. Кейінгі суретті ол Ресей музей қорының мем­лекеттік каталогы сайтынан тауыпты.

Құнды құжаттың толық сипаттамасын С.Жүсіп өзінің па­рақ­шасында кеңейтіп жазды. «Фо­тоқұжатта Омбы қаласында шыға бастаған ең алғашқы бейресми тәуелсіз «Степной край» газетінің ұжымы бейнеленіпті: үшін­ші қатарда, солдан оңға қарай төртінші тұрған жас Әлиханның бейнесі көзге оттай басылады. Егер Әлиханның «Степной край» газетінде Петербор оқуы мен «Тобыл экспедициясынан» кейін Омбыға оралған 1895 жылдан 1897 жылға дейін қызмет істегенін ескерсек, бұл фотосурет 1895-1897 жылдары түсірілген болса керек. Әлихан ол кезде 29-31 жаста болатын», дейді әлихантанушы ғалым.

Ал енді екінші фотосуреттің та­рихына келер болсақ СПб-де­гі Ресейдің саяси тарихы мем­­­ле­кеттік мұражайынан та­был­ған жаңа жәдігерді Рамазан Әбіл­­дос­ұлы (профессор Талас Омар­бектің шәкірті) Сұлтан-Хан Жүсіпке хабарласып, былтыр ға­ламтор желісінде Госкаталогтан Амангелді Иманұлы туралы тың мәлімет қарастырып жү­ріп, Ә.Бө­кейханның бір суретін кезік­тір­генін, оның скан-көшір­месін СПбМУ-да оқитын досы арқылы алдырғанын, бірақ ол суреттің бұрын-соңды жарияланған-жария­ланбағанынан бейхабар екенін айтқан.

1

«Ең қызығы,  жас ізденуші маған наурыздың 22-нен 23-іне қараған түнгі сағат бір жарымда хабарласты. Фотода 1906 жылдың сәуірі мен шілдесі аралығында жұмыс істеген І Мемлекеттік Дума құра­мындағы Конституциялық-демо­кратиялық халық бостандығы пар­тиясы (қысқаша кадет, халық бостандығы немесе Ка-де партия­сы) фракциясының 20 мүшесі бейнеленіпті. Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейхан – екінші қатарда оңнан солған қарай екінші тұр.

Фото мен Алаш көшбасшы­сының І Мемдума мәжілісіне қа­тысу үшін СПб-ға барған сә­тімен тығыз байланысты еке­ніне еш күмән жоқ. СПб-ға табан ті­реген 1906 жылдың 8 шілдесі күні Ә.Бөкейханның Ресей аста­насындағы Булла ательесінде түскен әйгілі фотосы соның бұл­тартпас дәлелі. Екі сурет бір күнде болмаса да, бір-екі күннің ішінде түсірілгені айдай анық.

Десе де соңғы фотодан бірнеше маңызды сауал туады. Бірінші, кадет фракциясының тобы бұл фотоға Мемдума орналасқан Тав­рия сарайында түсті ме әлде партияның өз кеңсесінде ме? Онда сауалдың сыры: Ә.Бөкейхан Омбыдан СПб-ға 1906 жылдың 8 шілдесінде келіп жеткен болса, Ресей патшасы ІІ Николай І Мемдуманы тарату туралы жар­лыққа сол күні-ақ түн ортасына қарай қол қойған болатын. Дума мүшелері І шақырымның күштеп таратылғанын 9 шілде күні таңертең Таврия сарайының есіктеріне жапсырылған хабарландырудан ғана оқып білді. Ал Таврия сарайының есігін суық қаруланған, тіпті зеңбірегі бар күзет бөгеп, Дума мүшелерін ішке кіргізбей тұрды.

Оған қоса Алаш көшбасшы­сының СПб-ға 8 шілдеде түске дейін не түстен кейін табан ті­регені де әлі беймәлім. Егер 8 шіл­денің таңында жеткен болса, ол Бул­ла фотоательесінде суретке де тү­сіп, Таврия сарайында партия­лас­тарының Думадағы фракциясы мүшелерімен жүздесіп, екінші рет суретке түсіп үлгергені де анық еді.

Әйтсе де келесі сұрақ – екінші фото Дума қуылмай тұрып тү­сірілді ме әлде одан кейін бе? Кейін болса, онда фото кадет пар­­тия­сының Таврия сарайының ірге­сінде орналасқан кеңсесінде түсірілген болып шығады», дейді Сұлтан-Хан Жүсіп.

Биыл 5 наурызда ұлт кө­се­мі, көрнекті қоғам және мем­ле­кет қайраткері Әлихан Нұрмұ­ха­медұлы Бөкейханның туғанына 155 жыл толды. Өз мерейтойы қарсаңында көркем бейнесі көп­шілікке жол тартып жатқан көш­басшы тұлғаны біз әлі де зерт­тей түсуіміз керек. Бұған дейін Қарағандыдағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімін беру туралы қоғамдық тыңдау өтіп, ұсыныс бірауыздан мақұлданып, Алаш ардақтысына аудан аты берілген болатын. Бүгінгі жақсы жаңалық та осынау игі істердің ізін ала жеткен қуанышты хабар.

Қазақ үшін қызмет қылмай қоймаймын деген хан баласының елі үшін еткен еңбегі келешекке темірқазық.

Ұлт тарихындағы Әлихан Бө­кейхан есімі біздің азат сана­мызға алтын әріптермен жазылады.

Біз, Әлихан аруағының алдында мәңгілік қарыздар болуымыз ке­рек.