Оқиға • 26 Наурыз, 2021

Қуатты автоматты реттейтін жүйе

457 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында «KEGOC» АҚ жиілік пен қуатты автоматты реттеу жүйесін құруды аяқтады. Ол Біртұтас электр энергетикалық жүйе жұмысындағы нақты режімнің үздіксіз мониторингін жүзеге асырады.

Қуатты автоматты реттейтін жүйе

Телеметрия деректері ауыт­қулардың анықталғанын куә­лан­дыратын болса, жиілік пен қуатты автоматты реттеу жүйе­сіне қосылған электр стан­сала­рының генерациясын өзгер­туге команда жібереді. Жүйе отандық электр стансаларының маневрлік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады. Оның кірісін арт­тыруға, сондай-ақ шекарадағы Ресейдің энергия жүйесі арасын­дағы теңгерімсіздікті екі есе азай­туға мүмкіндік береді.

«2021 жылы жиілік пен қуатты автоматты реттеу жүйесіне Екі­бастұз ГРЭС-1 стансасы, Мой­нақ, Бұқтырма, Шүлбі және Өс­кемен гидроэлектр стансаларын қосу жос­парлануда. Бұл ретте «KEGOC» компаниясы жиілік пен қуатты автоматты реттеу ресурстарымен қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруда. Қазіргі уақытта реттеу жүйесіне «Топар басты таратушы энергостансасы» ЖШС және «Karabatan Utility Solutions» ЖШС қосылу жайы талқылануда. Сондай-ақ Орталық Азияның Бі­ріккен энергожүйесі тарапынан жиілік пен қуатты автоматты реттеу жобасына қы­зығушылық бар», делінген ком­панияның ресми хабарламасында.

Қазақстанда жиілік пен қуат­ты автоматты реттеу сияқты технологиялық жағынан күрделі және терең ғылымды қажет ете­тін жобалардың енгізілуі сирек кездеседі. Бұл ретте жүйені жобалаудан бастап ретке келтіруге және іске қосуға дейінгі бар­лық кезеңде отандық компания­лар жұмылдырылған. Олар – Алматы энергетика және бай­ла­ныс университеті, «Қазсельэнер­гопроект» институты «Энерго­информ» АҚ және «JBR Group» ЖШС. Сондай-ақ ресейлік Энер­гожүйелерді автоматтандыру инс­титуты да атсалысқан.

Компанияның хабарлауынша, жобадағы бірлескен жұмыс қа­зақстандық мамандардың бі­регей құзыреттерін дамытуға ық­пал етеді. Болашақта бұл отан­дық компанияларға шетелдердің энергожүйелеріне ұқсас цифрлы жүйелерді құру кезінде көмегін тигізбек.

Жиілік пен қуатты автоматты реттеу жүйесі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ая­сындағы «Біртұтас электр энер­ге­ти­калық жүйесі режімдерін бас­­­­қарудың апатқа қарсы және ре­­­жімдік автоматикасының орта­лық­тандырылған жүйесін енгізу» жобасы шеңберінде енгізіледі. Ол пайдалануға енгізілгеннен бас­тап, жүйелік оператордың табысы жылына 800 млн теңгені құрауы мүмкін.