«Наурыз» картинасының иесі – белгілі қылқалам шебері Дәурен Макин. Ұлттық құндылықтарымызды кенеп бетіне кескіндеген суретшінің еңбегі жүрекке жылы тиеді. Неге десеңіз, ғұлама ғұрпымызбен тыныстап тұрған картинаның ішінде қазақтың байырғы бітім-болмысы, тыныс-тіршілігі қоныстанған. Қытымыр қыстан мал-жаны аман шыққан халықтың көктемнің алғашқы мерекесімен қауышқан сәті әр түрлі түстермен айшықталып, оқырманның қиялына қанат бітіріп тұр.
Суретші тұрмыстық жанрда орындалған көпбейнелі картинасы арқылы қазақ халқына тән салттық образдарды бейнелеген. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға бет алған қарапайым адамдардың көңіл күйі, лала лебізі, бір-біріне деген сағынышы көзге оттай басылады. Бес мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келе жатқан жылдың басты мейрамын қарсы алған ауыл халқының тұрмысы кенеп бетіне әдемі орналасқан. Құдды сурет сөйлеп тұрғандай күй кешесіз.
Әз-Наурыз – табиғаттың жаңару мерекесі, жылдың басы, армандарға ұмтылыс жасайтын мезет. Аталған мерекеге халықтың жаппай қатысып, ерекше атап өтетіні әмбеге аян. Жастар алтыбақан қасына жиналып, ән салып, би билейді. Ұлттық ойындар насихатталып, күш сынасады. Жалынды жігіттер арасында күрес пен бәйге жарыстары ұйымдастырылып, ақындар айтысады. Осындай ұлтқа тән игіліктердің бәрі картинада орын алған. Сурет композициясының ерекшелігі осында.
Ұзақ уақыт көріспеген ақсақалдар әңгіме-дүкен құрса, ақ жаулықты әжелер келіндерге наурыз көже жасауды үйретіп жатыр. Атқа мінген бозбалалар сұлуларға қарай жақындай түсіп, танысуға оқталуда. Асық ойнаған балалардың қам-қарекеті қызық та күлкілі. Суреттен мереке, сауық-сайран, тілектестік тынысы анық байқалады.