Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
«Өңірде вакциналау ісі 1 ақпанда басталды. Қазақстан Республикасы Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, екпенің екінші бөлігін алу алғашқы вакцинадан соң үш аптадан кейін жүргізіледі. Наурыздың 3-і күнгі мәлімет бойынша, Батыс Қазақстан облысында 1 мың медицина қызметкері «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) вакцинасының І және ІІ компонентін алды» дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Наурыздың 4-і күні облысқа «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасының 5 500 дозасы келген еді. Мұның 3 250-і – бірінші, 2 250 данасы – екінші кезеңде егуге арналған. Әрине, екпе ең алдымен коронавирус жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлеріне, одан соң педагогтер мен күштік құрылымдар өкілдеріне жасалуда. Бұл жұмыс күн сайын кесте бойынша бақыланып, мониторинг жасалып отыр.
19 наурызда вакцинаның І кезеңінде егілетін тағы 1 мың дана екпе облысқа келді. Наурыздың 25-індегі мәліметке қарағанда, өңірде 3 255 адам вакцина қабылдап үлгерген. Олардың арасында 768 педагог, 199 әскери қызметші бар.
Екпе жұмысы қалай жүреді? Әуелі денсаулық сақтау басқармасы түрлі мекеме-ұйымдарға: білім басқармасына, күштік құрылым басшыларына хат жолдап, екпе алатын азаматтардың тізімін алдырады. Ол тізім жедел түрде екпеге шақырту үшін жергілікті емханаларға жіберіледі. Бұған қоса, басқарма күн сайын екпенің барысын бақылап, тізімді тексеріп отырады.
Бүгінде облыста COVID-19 індетіне қарсы вакцина жасайтын 28 кабинет жасақталған. Оның 7-еуі – қалалық мемлекеттік емханаларда орналасса, бесеуі «Медициналық орталық», «Медикер Ақсай», «Батыс АвиГип», Uniserv Medical Center және INTERTEACH секілді жекеменшік орталықтар. Бұған қоса 15 аудандық аурухана мен Тайпақ ауылдық аурухана базасында да екпе жұмысы жүріп жатыр.
Екпе жұмысы ерікті түрде жүргізіледі. Пациент алғашқы вакцинаны аларда міндетті түрде дәрігер қарауынан өтіп, қызуы өлшенеді, эпидемиялық анамнез алынады. Дене қызуы 37-ден жоғары болса, екпе жасалмайды. Екпеден кейінгі 30 минут және иммундаудан соңғы 3 тәулік бойы вакцина алған адам дәрігердің бақылауында болады. Жоғарыда айтылған екпе кабинеттері вакцинадан кейін болатын ықтимал асқыну кезінде қажет болатын барлық құрал-жабдықпен, препараттармен қамтылған.
Батыс Қазақстан облысы