Елорданың алғашқы қадасы қағылып, әкімшілік нысандар бой көтере бастаған кезде бас қалада жаппай тұрғын үйлер де салына бастады. Алғашында құрылыс жұмыстары қызу жүрді. Тұрғын үйлер салу тоқтаған жоқ. Бірақ кейін дағдарысты жағдайларға байланысты сала баяулай бастады. Ақшаға құнығып, азаматтардың тірнектеп жинаған ақшасын алдын ала алып алған компаниялар тығырыққа тірелді. Екі ортада ел азаматтары үйсіз қалды. Соңында мемлекеттің көмегімен біраз құрылыс аяқталды. Бірақ бұл жағдай да жұртшылыққа сабақ бола қойған жоқ. Күрмеулі құрылысқа ақша салмаңдар дегенге құлақ аспағандар тағы да осы қиындыққа тап болды. Кейін құрылысы аяқталмай, ұзаққа созылған кешендерді қалалық әкімдік қолына алды. Бүгінде елордада он жылдан бері құрылысы бітпей жатқан тұрғын үйлер бар.
Айталық, «Жеті жол» тұрғын үй кешенінің салынып болмай жатқанына он жыл толды. Мұндағы үлескер саны – 600-ге жуық. Қала әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, бұл үйдің инженерлік желілеріне жобалау-сметалық құжаттаманы түзету бойынша жұмыстар жүргізілген. Терезелерді орнату, инженерлік желілерге қосу сынды жұмыстар жалғасып жатыр.
«Сақалды құрылысқа» айналған тағы бір кешендер − «Зере-1» және «Ақерке-2». Алғашқысында 200-ге жуық үлескер бар. Бірінші кезекте үйге де, инженерлік желілерге де барлық жобалау-сметалық құжаттама дайындалған. Алғашында мұнда үйдің қаңқасы ғана болған. Енді тұрғын үй кешенінің қасбеті жөнделген, терезелері, есіктері, лифтісі орнатылған. Сонымен қатар ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп, суға, электр энергиясына, жылуға және кәрізге қосылған екен.
«Ақерке-2» тұрғын үй кешенінің тұрғындары да жеті жылдан бері үйін күтіп жүр. Кешеннің қаңқасы аяқталып, терезелері мен есіктері салыныпты.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерінде жүріп жатқан жұмыс жөнінде айта келіп, «Жеті жол», «Зере-1», «Ақерке-2» тұрғын үй кешендеріне барғанын, пандемияға қарамастан, құрылысты тоқтатпас үшін қолдан келген мүмкіндіктер жасалғанын жеткізді. Жоғарыда аталған үйлер осы жылы пайдалануға берілмек.
Жақында қала әкімдігі құрылысы көпке созылған, талай адам үздігіп күтіп жүрген «Шығыс» тұрғын үй кешенінде де үлкен сең қозғалғанын айтып, тұрғындарды қуантып қойды. Бұл көп қабатты тұрғын үй кешені бірнеше блоктан тұрады. Үлескерлердің жалпы саны 2 мыңнан асады. Әкімнің айтуынша, барлық блокқа қаржы бөлінген техникалық аудит жүргізілген, мердігерлері де анықталған.
Жалпы соңғы 1,5 жылдың ішінде елордада құрылысы ұзаққа созылған нысандардың саны екі есе қысқарыпты. Ұзаққа созылған әрбір құрылыстың тұрғындары бүгінде үйін сарыла күтіп жүр. Көбі қазір жүрексініп қалған. «Бір күні құрылыс жұмысы тоқтап қалама деп қорқамыз» дейді. Өйткені салынып жатқан әр үйдің артында бір отбасының тағдыры тұр. Құрылысы ұзаққа созылған үйлердің тұрғындары сол кездегі сәбиіміз бүгінде үлкен азамат болды, тіпті немере сүйдік деп отыр. Тіпті көптен күткен үйін көре алмай, өмірден озғандар да бар...
Нұр-Сұлтан