Экономика • 29 Наурыз, 2021

Шектеу шаруаны қажытып тұр

375 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Былтыр Ведомствоаралық комиссия мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының отырысында тірі малдың экспортына шектеу қою мәселесі талқыланған еді. Осыған байланысты жылдың басында Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын сыртқы нарыққа сатуға қатысты мораторий енгізген болатын. Алайда бұл шешім фермерлердің кәсібін тығырыққа тірейтіндіктен тиісті ведомство шектеуді жеңілдетіп, экспортқа рұқсат беретін квотаны қарастыратынын айтты.

Шектеу шаруаны қажытып тұр

Ірі қаралардың ішіндегі асылы

Бұл мәселеге кейінірек оралармыз, алдымен ұлттық бренд төңірегіндегі әңгімені тарқатсақ. Әдетте, Қазақстанның имиджін сырт­қы нарықта танытатын отан­дық өнім туралы қаузағанда, ой­ға бірден қазба байлықтар келе­ті­ні мәлім. Шикізат ре­сурс­тары, оның ішінде мұнай, уран және тағы да басқа пай­далы қаз­ба­лар ұлттық экономи­ка­­­­ның қоз­ғау­шы күші әрі еліміз­дің бе­де­лін белгілі бір деңгейде арт­ты­рып отырғаны сөзсіз. Десек те та­биғи байлықтар түптің түбін­­де сарқылып бітетінін ес­тен шығаруға тағы болмайды. Әл­бетт­е, германиялық, жапо­ния­лық автоөнеркәсіп орын­дары неме­се америкалық IT компа­ния­­лары сынды көлік пен тың техн­о­ло­гия­лар шығаруымыз екіта­лай. Бірақ та бұрыннан қа­лып­тасып, халқымыздың оң жам­ба­сына келетін кәсіп түрлері жоқ емес. Оның ішінде мал шаруашылығының орны бөлек. Айталық, қазақтың ақбас сиыры. XX ғасырдың 30-50-жылдары қазақ сиырын қалмақтың ірі қарасы мен ұлыбританиялық герефорд бұқасын будандастыру арқылы шығарылған бұл асыл тұқымды малға қазір сұраныс біртіндеп жоғарылап келеді. 1991 жылы Қазақстанда қазақ ақбас сиырының саны 1 млн 200 мыңды құраса, 2010 жылы оның тек 75 мыңы ғана қалған еді. Бүгінде қазақ ақбасының саны 430 мыңға жуықтап, оның ішін­де асыл тұқымды малдың басы 315 мыңнан асыпты. Тұтастай алған­да, еліміздегі етті бағыттағы асыл тұқымды 740 мыңнан астам ірі қа­раның 60%-ға жуығын қазақ ақбас сиыры құрап отыр. Бұған осыдан 9 жыл бұрын құ­рыл­ған қазақ ақбас сиырының рес­пуб­ликалық палатасы әсер етті.

«2010 жылы сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Асыл­жан Мамытбеков асыл тұ­қымды зауыттар мәртебесін алып тастап, оның орнына етті мал шаруашылығы саласындағы көшбасшы елдердің үлгісінде арнайы бағдарлама әзірлеп, «асыл тұқымды мал» ұғымы енгізілді. Осы арқылы асыл тұқымды мал шаруашылықтарының рес­пуб­­ликалық палаталары құры­лып, оның ішінде біздің палата­мыз­дың да жұмысы жолға қойыл­ды. Бұрын министрліктің құзы­ретінде болған кейбір міндеттер жаңадан құрылған палаталардың басқаруына берілді», деді Қазақ ақбас сиыры республикалық палатасының атқарушы директоры Дәурен Матақбаев.

Қазір палатаның құрамында 350-ден астам мүше бар. Қазақ­станда өсіріліп, бапталған Зеңгі баба тұқымының шетелдік етті бағыттағы ірі қарадан айыр­машылығы сол, қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығы­на төзімді. Демек, жергілікті қатаң климатқа бейімделгенін аңғартады.

«Жергілікті ірі қара мен герефорд тұқымын будандастыру арқылы қазақ ақбас сиырының сапасы арта түсті. Мәселен, төл тұқымның салмағы мен еттілігі шетелдік асыл тұқымды малдан аспаса, кем түспейді. Бұған қоса, ол мал азығын талғамайды, сондай-ақ еліміздің табиғи-кли­маттық ерекшеліктеріне төзімді келеді. Қазақ ақбас сиы­ры­ның артықшылығын авто­көлік маркілерінің мысалы негізінде түсіндірсек, оны жапо­ниялық көліктерге теңер едік. Неге десеңіз, Күншығыс елінің жылжымалы техникасы жанға жайлы, ұзақ уақытқа дейін жүруге қауқарлы. Жиі сынып, мазалай бермейді. Немістің көлігін барлығы алғысы келгенімен оның бөлшектері мен техникалық қызмет көрсету құны қымбат. Сондықтан қазақ ақбас сиырын ірі қаралардың ішіндегі «Тойота» десек артық болмас», деді Д.Матақбаев.

 1

Тірі малдың экспортына кімдер қарсы?

Палата өкілдерінің айтуынша, қазақ ақбас сиырына көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанмен бірге, Моңғолия елінен сұраныс артып, экспортқа шығаруға ұсы­ныстар түсіп жатыр. Бұл ретте осы жылдың басында тірі малдың сыртқы нарыққа сатылуына тыйым салынғанын айта кеткен орынды. Шектеу шаралары шаруаларға оңай болмайтындықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі атал­ған шешімді жеңілдетіп, арнайы квотаның негізінде экспортқа рұқсат беруге дайын екендерін жеткізді. Алайда Қазақстан фермерлер одағы ведомствоның бұл шешімін құптамай отыр.

«Мемлекет басшысы агро­өнер­­кәсіп кешенінің алдына еңбек өнімділігін және қайта өң­делген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге ұлғайту міндетін қойғанымен, бұл орталық органдар тарапынан шешімін таппай отыр. Соның бір дәлелі ірі қара мен ұсақ малдың экспортына қатысты. Бұған дейін біздің тарапымыздан Қазақстан тірі малды экспорттайтын болса, ол ет өнімдері бағасының алыпсатарлық негізде өсуіне негіз болатыны айтылған еді. Экономикалық тұрғыдан мұның пайдасы аз. Ең алдымен, ет және ет өнімдерімен ішкі на­рықты толықтай қамтып, өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру қажет деп мәлімдеген­біз. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі хабар­лағандай, таяу­да бұқа­лар мен қойды экс­порт­қа шы­ғаруға бөлінетін квота мөлшері анықталады. Осы орайда квота фермерлерге қа­лай бөлінеді немесе бұрынғыдай ірі шаруашылықтарға ғана бері­ле ме? Экспортқа арналған ірі қараның жынысын кім анық­тап, қандай мекеме жауап бере­ді деген сауал туындайды?», деді Қазақстан фермерлер одағы басқарма төрағасының орынбасары Ермек Абуов.

Ауыл шаруашылығы ғылым­дары­ның докторы, академик Қыдырбай Аманжоловтың пікірі­не сүйенсек, тауарлы және асыл тұқымды бұқаларды экспорттау іскер азаматтарға кәсібін тоқы­ратып алмауға септігін тигізеді.

«Асыл тұқымды және тауарлы мал басын көбейту көптеген фермердің негізгі кәсібі саналады. Олар шаруашылықтарға инвестиция салмас бұрын рентабельділік мәселесіне ерекше назар аударатынын айта кету керек. Оның ішінде несиеге алынған инвес­тицияны қайтару қанша уақыт алатыны маңызды. Фермер­лер үшін тауарлы және асыл тұ­қымды бұқаларды экспорттау ша­руаларының шатқаяқтамай тұруына жәрдемдеседі. Ішкі нарықта өнімділігі жоғары тауарлы және асыл тұқымды бұ­қаларға сұраныс әрдайым бола бер­мейтіндіктен, экспортқа ты­йым салу азаматтарға инвестиция­ны болжамды және салыстырмалы қысқа мерзімде қайтару мүмкіндігінен айыратынын ескеру қажет. Сондай-ақ экспорттық шектеулер ет индустриясының дамуына, сол секілді тұтынушы­лық бағаның төмендеуіне оң әсер етеді деген қисынсыз. Біздің жағдайда экспорттық шектеуді енгізуден гөрі фермерлер және бор­дақылау алаңдары иелерімен кооперациялық шарт негізінде бордақылау алаңдары мен сою пункттерін, астық және жемшөп өн­дірушілердің өндірістік ин­фра­құрылымын субсидиялау қа­жет. Бұл инфрақұрылым сапасын жақсартып, сәйкесінше өнді­ріс­­тің өзіндік құнын төмен­детуге әсер етеді. Сол секілді логистика­­лық тасымалды бөлшек сауда нүкте­леріне дейін қадағалап отыру керек. Қосылған құнды тек делдалдар мен алыпсатарларға қатысты реттеу қажет. Бұл нақты өнім шы­ғаратын фермерлерге зиянын тигізбеуі тиіс», деген ғалымның пікірі Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының фейсбуктегі парақшасында келтірілген.

 

Еттің бағасы арзандаған жоқ

Шаруалардың айтуынша, асыл тұқымды малға арналған субсидияны алу тәртібі үнемі өзгеріп отырады. Себебі жаңадан тағайындалатын министрге, вице-министрлерге немесе басқа да лауазымды тұлғаға субсидияны көңіліне жаққан сала­ға бағыттауға қиындық тудырмайды. Қолға тигеннің өзінде оны тек шенділермен жақсы қатынас орната білгендер ғана иеленетін көрінеді. Сондықтан да фермерлер субсидияның орнына 25-30 жылға арзан несие берілгені әлдеқайда тиімді болады деген ойда. Бұдан бөлек асыл тұқымды малды өсірумен айналысатындар тірі малдың экспортына қарсылық танытып отырғандардың артында белгілі бір мүдделі топ бар деп санайды.

«Менің ойымша, еліміздегі ірі ет өңдеушілер билік арқылы тірі малдың экспортына тыйым салуды көздеген сыңайлы. Олардың басты желеуі – тірі малдың сыртқы нарыққа сатылуы салдарынан ет өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі төмендеп кетті дегенді алға тартумен болды. Қош, сонымен шектеу енгізілді. Алайда кәсіпорындардың жүктемесі бұрынғыдай жартылай көлемде өзгеріссіз қалып, асыл тұқымды және коммерциялық мақсаттағы малдың бағасы төмендеп кетті. Ал еттің бағасы бір тиынға да арзандаған жоқ. Қазір шектеу алынып, малдың бағасы сәл көтерілді. Бұл жағымды жаңалық. Өйткені елімізде халықтың шамамен 40%-ы ауылда тұрады. Неге ауыл халқының табысы сәл арта бастаса, қолдағанның орнына керісінше кедергілер қоямыз?! Өңірдегі халық малды сату арқылы техниканы жаңартып, шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алады. Тиісінше ауылдың әл-ауқаты артады. Міне, осыны түсінуіміз қажет», деді Қазақ ақбас сиыры республикалық палатасының атқарушы директоры.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігі мал шаруашылығы өнім­дерін өндіру және қайта өң­деу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтің айтуын­ша, бүгінде ведомство сауда мәсе­ле­лері жөніндегі құзырлы ор­ган­мен бірлесіп, арнайы ере­же дайын­дап жатыр. Соған сәйкес, экс­портқа рұқсат беретін квота бекі­тіліп, оны бөлу тәртібі белгіленеді.

«Квотаның негізгі көлемі тауар өндірушілердің өтінімдері негізінде анықталып, бірінші кезекте малды еліміздегі қайта өңдеу нысандарына өткізуге басым­дық беріледі. Бұл талаптар сақтал­ған жағдайда берілетін квота көле­мі анықталады. Өтінімдерді тіке­­лей жергілікті атқарушы орган­дар арқылы, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік қызметтері арқылы беруге болады. Тұтастай алғанда, келіп түскен өтінімдер­дің негізінде және өндіріс пен тұ­тыну балансына сәйкес, квота кө­лемі анықталып отырады», деді Е.Ахметов.

Ауыл шаруашылығы министр­лігі баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, былтыр қаңтар-желтоқсан аралығында еліміз 9,2 мың тонна сиыр етін экспорттаған. Атап айтқанда, ірі қараның еті Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктеріне сатылыпты.

 

P.S. Қазір нарықтық экономиканың дәуірі жүріп тұрғаны белгілі. Десе де қазақстандық фермерлер айтқандай, заң жүзінде еркін экономикаға көшкенімізбен санамыз «кеңестік» жоспарлы экономикадан әлі де арылар емес. Шаруаның шатқаяқтап тұруының тағы бір себебі осында жатыр, дейді шаруалар.