Коронавирустың кеселді екпінінен зардап шегіп отырған Қазақстандағы жағдай да қалың жұртты алаңдатып отыр. Қауіпті кірме індетке байланысты қабырғамызды қайыстырып отырған жайт, елімізге коронавирус келгелі барлығы 200 мыңнан аса адам науқасқа шалдыққан, 2 мыңнан астамы қайтыс болған. Сондықтан індетпен күресті пәрменді ету мен алдын алу шараларын жетілдіруге ой салу – әр қазақстандықтың парызы.
Әуелі мемлекетіміздің құзіретті органдарының қойған кейбір маңызды талаптарына көңіл бөлейік. Сонымен, Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 5 шiлдедегi «Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру мен жүргізудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сай бекіген талаптар жеткілікті орындалып отыр ма? Жоқ деуге мәжбүрміз. Өйткені күнделікті көзімізбен көріп жүрген жағдай мүлдем басқаша. Халық көп шоғырланатын дүкендер, супермаркеттер мен басқа да орталықтарда адам арасы 2 метрлік әлеуметтік қашықтық сақталмайды. Дүкен кассасына кезекте тұрғандардың көбісі бір-бірінің желкелеріне төніп тұрып алады. Сорақысы, бетперде кимей жүрген азаматтар да кезігеді. Ал бетперде кигендерінің біразы оны иектеріне түсіріп қояды немесе тек ауызын ғана жауып жүреді. Ал нақты қауіп тыныс жүйесінен келетінін көбісі ескермейді. Ал тыныс жүйесін бетпердемен жапқандардың ішінде, оның жоғарғы жағындағы сымды мұрынның қырына қапсырып ұстатуға көбіне мән бермейді. Ол солқылдақ түрінде ілініп тұрады. Дұрысы, бетперденің шетінде еш саңылау болмауы тиіс. Ғалымдардың кейінгі зерттеулері бойынша қолданыстағы бетперделерді біріне-бірін қосақтап таққан тиімді. Коронавирустың адам көзіне түссе ағзасына қауіп тудыратынын ғалымдар анықтады. Бұған бетперде өндірушілері неге көңіл бөлмей келеді? Пайдалысы, бетперде өндірушілер бетті көзбен қоса түгел жауып тұратын бетперде шығарғаны жөн болар еді. Жұртшылыққа кең тараған сөздікте мынадай түсініктеме берілген: «БЕТПЕРДЕ Адамның бет-жүзін жасырып тұратын арнайы жапсырма, маска». Сонымен, санамызға жетерліктей түсініктемеге сай «бетперде» немесе «маска» (Специальная накладка, скрывающая лицо... И.И.Ожегов. Словарь русского языка. М.,1973, стр.321) адамның бетін түгелдей жауып тұратын құрал, медициналық бұйым болуы ықтимал еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, мемлекет басшылары мен медицина құралдары мен бұйымдарын шығаратын өндірушілер әлі күнге дейін оған мән бермегені өкінішті жағдай. Өйткені коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлерінің барлығының да беттері бетперделермен толық жабылған. Қазір адамдар өмір мен өлім қылкөпірінің арасында тұрғаны айқын. Әр азамат осыны жіті түсініп, өз іс-әрекетіне жауаптылықтың мәнін санасына жүктеуі айнымас қажеттілік. Бақылау шаралары жолға қойылмай кеселді індетпен күрес дәрменсіз болатыны анық. Ал бірді-екілі тексеріс болса да, оның түсірілімін күнделікті теледидардан ұсынылғанын көрмедік. Індетпен күрес іс-шараларын насихаттау бұқара халыққа түсінікті де көрнекті болуы керек. Яғни қоғам мүшелерінің құқықтық санасы мен мәдениетін көтеру мәселелеріне көңіл бөлу керек.
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
заңгер, публицист