Аймақтар • 29 Наурыз, 2021

Қостанайда есірткі саудасын кәсіп еткен қылмыстық топ қолға түсті

215 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайлық полицейлер ірі көлемде есірткі саудасымен айналысып келген қылмыстық топты ұстады. Полиция мәліметінше, күдіктілерден жалпы салмағы 10 килодан астам гашиш және марихуана тәркіленіп алынған.

Қостанайда есірткі саудасын кәсіп еткен қылмыстық топ қолға түсті

Облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қарымсақовтың айтуынша, еліміздің бірнеше өңірінде бір мезгілде өткен жедел құрықтау шарасына 7 ұстау тобы қатысқан. 

«22 наурызда  есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қостанай, Жамбыл облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында есірткі тасымалдаумен айналысып келген 8 адамнан құрылған қылмыстық топты ұстады. Қазір күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 297-бабының 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», деді Е. Қарымсақов.

Есірткі сатушылар полицияның көзіне осыдан 4 ай бұрын түскен. Полиция мәліметінше, қылмыстық топты Денисов ауданында тұратын 51 жастағы мал дәрігері ұйымдастырған. Оның нұсқауымен Қостанай облысының тағы бір тұрғыны есірткі тасымалдаумен айналысып келген. Есірткіні Шу ауданының 67 жастағы тұрғыны жөнелтіп отырған. Мұның сыртында, есірткі тарататын тағы бір топ жұмыс істеген. Тәркіленген есірткі заттарының жасырын сауда нарығындағы бағасы шамамен 14 млн теңге болады.

 

 

Қостанай облысы