Қазақстан • 29 Наурыз, 2021

Көлік салығын төлеудің қолайлы әдісі

3050 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көлік салығын төлеу мерзімі биыл 1 сәуірде аяқталады. Мемлекеттік кірістер комитеті осы төлем түрін алғаш рет e-Salyq Azamat мобильді қосымшасына енгізіп отыр, яғни барлық жүйе цифрландырылды. Енді көлігі бар көпшілік үйден шықпай-ақ смартфон арқылы көлік салығын төлей алады.

Көлік салығын төлеудің қолайлы әдісі

Кеше Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен бри­фингте Қаржы министрлігі Мем­лекеттік кірістер комитеті депар­таментінің директоры Азамат Садықов комитет пен ІІМ Әкімшілік полиция коми­тетінің арасында ведом­стволық ақпараттық жүйелерді біріздендіру жүріп жатқанын атап өтті. «Мемлекеттік кіріс­тер комитеті «Салықтық әкім­шілен­діруді реформалау» жобасы шең­берінде «Интегра­ция­ланған деректер базасы» ақпараттық жүйе­сінде «Жер­гілікті салықтар» кіші жүйесін әзір­леді. Соның аясында екі жыл бойы көлік салығын есептеу жұмыстары жүргізілді. Төлем­дерді есептеу кезінде Әкімшілік полицияның ақпараттары пайдаланылды», дейді ол.

Тұрғындарға тиімді e-Salyq Azamat мобильді қосымшасын кез келген азамат пайдалана ала­ды. Ол үшін ұялы телефонға қосымшаны жүктеп алса жет­кілікті. Жүйе арқылы салық төлеу­шілер қанша қарызы барын және мүлік, жер, көлік құрал­дары жөнінде мәліметтерді тек­сере алады. «Көлік салығы туралы деректер «Алдын ала тө­лем­дер» бөлімінде орналасқан. Мо­бильді қосымшаға кіру үшін аза­маттардың телефон нөмірінде жеке сәйкестендіру нөмірі тір­кел­ген болуы керек. Бұл салық төлеушінің жеке дерегін қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақ­сатында енгізілген. Содан кейін дайын тұрған реквизиттер арқылы өзіңізге қанша салық есептелгенін білуге болады»,  дейді А.Садықов.

Комитет өкілінің айтуынша, қолға алынған цифрландыру жұмыстары саладағы біршама кем-кетікті түзеуге мүмкіндік береді. Мысалы, баяғыда сатылып кеткен көліктің салығын бұрынғы иесінің мойнына жазу сияқты келеңсіздіктер болмайды деп сендірді мамандар. Мемлекеттік кірістер комитеті өнді­рістік емес төлемдерді әкім­­­шілендіру басқармасы бас­шы­­сының орынбасары Олжас Отардың сөзінше, егер бірнеше жыл бұрын көлік сатылып кеткен болса, соған қарамастан бұрынғы иесіне  салық төлеу туралы хабарлама келсе, онда E-Salyq-Azamat  қосымшасындағы тү­зету қызметін пайдалануға болады. Қазіргі уақытта бұл түзету қыз­метін 11 мыңнан астам адам қол­данып, мәліметтерді өзгерт­кен. «Егер көлікті келісімшарт ар­қылы сатып, есептен шығарған болсаңыз, онда оны уәкілетті органның есебінен шығаруға болады. Ал сенімхат арқылы сатыл­ған көлік бұрынғы иесінің атында қала береді. Мемлекеттік тіркеу кімнің атынан жүргізілсе, сол азаматта қалады. Сондықтан уәкілетті органға барып, көлікті есептен шығару керек. Сонымен қатар жүрмейтін, жарамсыз көліктің салығына байланысты көптеген азаматтан шағым түсіп жатады. Мұндай жағдайда пайдаланбайтын, істен шыққан көлікті өз меншігіңіз ретінде есеп­тен шығарып тастағаныңыз жөн», дейді О.Отар.

Мамандардың айтуынша, са­лық төлеушінің бір қаладан екін­­ші қалаға тұрғылықты мекенжайы ауысқан жағдайда са­лық төлеу жүйесі де автомат­ты түрде ауысады. Көлік салығы бұрынғы мекенжай бойынша төленіп қойса, онда жүйені бақылап отыр­ған салық қызметкерлері түзе­ту ен­гі­зіп, жаңарған дерек­терді  жаңа мекен­жайға жібереді.

Басқа жаққа көшкен кезде кө­ліктің мемлекеттік  нөмірін ауыс­тыру міндетті емес. Көлік салығы тұрғылықты жері бойынша есептеледі.

«Салықты уақтылы төлеп отыру – әр азаматтың міндеті. Мер­­зімінде төленбеген салыққа қосым­ша үстемеақы жүретінін және төленбей қалған салық шек­тен асып кетсе, шетелге шығу да мүмкін болмайтынын ескерте кетейік. Жеңіл кө­лік салығының мөлшері қоз­ғалт­қыштың кө­ле­міне, ал жүк көліктері үшін­ жүк көтеру салмағына, автобустар үшін оты­­ратын орындар санына байланысты болады. Ал мотоциклдер үшін көлік салығы қоз­ғалтқыштың қуатына байланысты есептеледі», дейді мамандар.