Аймақтар • 30 Наурыз, 2021

Домбыра шертетін шетелдік

724 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өнерде шекара болмайтыны рас-ау. Радек есімді жасөспірім Оңтүстік Африка Респуб­ликасының Кейптаун қаласында туған. Кейін ата-анасының жұмыс бабымен Қазақстанға келіп, Атырауда үш жыл тұрды. Бұрын АҚШ пен Польшада тұрған ол қазақ халқының ұлттық киімі мен тағамдарын, ұлттық аспабы – домбыраны қатты ұнатады екен.

Домбыра шертетін шетелдік

Ал әкесі Хаймиш Полстың айтуынша, оның отбасы Аты­рауға 2017 жылы көшіп келіпті. Өзі осындағы шетелдік компанияда жұмыс істейді.

– Радектің музыкаға құш­тар­лығын байқап, домбыра тартуды үйренгенін қаладық. Біз қай елде тұрсақ, сол елдің мәдениетіне қызығушылық танытамыз. Сол себептен, ұлыма домбыра сатып алып бердім, – дейді Хаймиш Полс.

Шетелдік жасөспірімге домбыра тартуды ұстазы Жа­ңылхан Ғалымқызы үйретіпті. Оның сөзінше, Радек демалыс күндері бір, не екі рет домбыра үйренуге келіп тұрған. Осылай 6-7 айда домбыра шертуді меңгеріп алған. Қазір 4-5 күйді жаңылмай орындайды. Әсіресе, Құрманғазының шығармаларын орындағанды ұнатады. Соның ішінде «Адай» мен «Келіншек» күйлері бар.

– Былтырғы сәуірде пан­демияға байланысты Польшаға барып, Қазақстанға қайта орала алмадық. Қазақ­станда көп дос­тарым бар. Олармен жиі байланысып тұра­мын. Домбыра тартуды үйреткен ұстазымнан әр жексенбі сайын Skype арқылы дәріс алып жүрмін. Польшада қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Көзімнің қарасы» туындысын үйрендім. Қазір шетелдіктерге домбыраның шығу тарихын таныстырып, қазақтың күйлерін орындап беремін, – дейді Радек.

 

Атырау облысы