Саясат • 01 Сәуір, 2021

Қазақстан Президенті түркі өркениетін жаңғыртуға қатысты нақты ұсыныстар айтты

820 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Түркітілдес мемле­кет­тер­­­дің ынтымақтас­тық ке­ңе­сі­нің бейресми сам­миті онлайн форматта өтті. Жос­­пар бойынша іргелі жиын Түр­кістан қала­сын­да өтуі тиіс еді. Алайда ко­ро­на­вирус пандемия­сы­на байланыс­ты іс-шара­ны бей­не­кон­ференция режі­мін­де ұйымдастыру ұйға­рылды.

Қазақстан Президенті түркі өркениетін жаңғыртуға қатысты нақты ұсыныстар айтты

Саммитке Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Түркі кеңесінің Құрметті ТөрағасыНұрсұлтан Назар­баев, Түркия Президенті Ре­жеп Тайип Ердоған, Әзербай­жан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбек­стан Президенті Шавкат Ми­рзиёев, Қырғызстан Прези­ден­ті Садыр Жапаров, Түрік­мен­стан Президенті Гурбангулы Бер­ді­мұхамедов, Венгрия Пре­мьер-министрі Виктор Орбан қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн фор­­матта өткен Түркітілдес мем­­­лекет­тер­дің ын­ты­мақтас­тық кеңе­сі­нің бейресми сам­ми­тін­де Қазақ­станның ұсыны­сын қабыл алып, Түркітілдес мем­лекеттердің ын­тымақтастық кеңесі­нің бейресми саммитіне қатысуға келісім берген Мем­лекет басшыларына риза­шы­лығын білдірді.

– Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйым­­­дастыруды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланыс­ты күрделі ахуалға орай біз сам­митті онлайн форматта өткізу­ді жөн көрдік. Індеттің беті қайт­қан соң, бұрынғыдай бет­пе-бет жүздесеміз деп сене­мін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Наурыз мейрамымен тағы да құт­тықтаймын. Бұл – күллі түркі жұртының төл мерекесі. Бауыр­лас елдерге бақ-береке тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өз сөзін­де Түркістанның барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт екенін айт­ты. Бабаларымыздың осы өңір­де ғұлама ұстаз Қожа Ах­мет Ясауи­ден діни білім алып, түркі-ислам мә­де­ниетін әлем­ге таратқанын, түр­кі­лер Кіші Азияға бет бұр­ған­да бұл құн­ды­лықтар түп-тамыры­мызды сақ­тап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болғанын атап өтті.

1

– Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гу­ма­нитарлық кеңістіктің бірі­не айналдыру. Түркі өрке­ниетін жаңғыртуды, ең алды­мен, Ясауи мұрасы мен қасиет­ті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түр­кі­стан – түркі әлемінің ру­ха­ни астанасы» деп аталып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүкіл әлем теңдессіз сын-қатерлер­мен күресіп жатқан қазіргі­дей қиын уақыттың өзінде Түркі­тіл­дес мемлекеттердің ынтымақ­тастығы бәсеңдемегенін ерекше атап өтті. Алайда күрделі кезеңдегі қарым-қатынасымызға тың серпін беру жолдарын бірлесіп ойластыруымыз қажет екенін жеткізді. Осы мақсатта бірнеше мәселе бойынша ойымен бөлісті.

– Біріншіден, індетті тоқтату­дың бірден-бір жолы – азаматтарымызды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету екені айдан анық. Біздің елдеріміз де екпе шығаруды қолға алды. Ортақ мүддеге сай тәжірибе бөлісіп, бір-бірімізді қолдауымыз қажет деп санаймын.

Өкінішке қарай, халықаралық қауымдастық пандемияға қарсы күрес кезінде тұтасып әрекет ете алмады. Негізгі ірі мемлекеттер арасында қайшылықтар туындап, вакциналық қақтығыс басталып кетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы да осындай күрделі жағдайда өз әлеуетін көрсете алмады. 

Осы күрделі кезеңде денсау­лық сақтау және биоқауіп­сіздік мәселесінің маңызы арта түсті. Бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Бас Ассамблеясының 75-ші сес­сия­сында Қазақстан Био­­ло­­гия­­лық қауіпсіздік жөнін­­дегі ха­лық­аралық агент­тік құру туралы бастама көтер­гені белгілі. Сіздер осы тың идея­ны қол­дайсыздар деп сене­мін. Агент­тік болашақта биоло­гия­лық қатердің алдын алуға және қауіпті дерт бойынша мәлімет алмасуға мүмкіндік берері сөзсіз.

Екіншіден, пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырды. Ін­дет­тің салдарынан өзара сауда айна­лымы азайып кетті. Нақ­ты айтқанда, Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасын­дағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 миллиард доллар болды. Бұл – пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен. Сондықтан біздің ел­дері­міз үшін алыс-берісті ұл­ғайта түсу – басты міндет­тің бірі. Осы орайда тоғыз жол­дың тора­бын­да орналасқан Түркі­стан­ның ин­вес­тициялық және сауда-эко­номикалық мүмкін­дігі зор. Оның қомақты таби­ғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркі­стан өңірінде түркі елдерінің бір­лескен «Арнайы эконо­ми­ка­лық аймағын» құруды ұсынамын.

Бұдан бөлек, су-энергетика саласы – қатынастарымыздың тағы бір құрамдас бөлігі. Өйт­кені су мәселесі біздің аймақ­та­ғы өте маңызды, күрделі пробле­ма­ға айналып отыр. Транс­ше­каралық су ресурстарын тиім­ді әрі әділ пайдалану – ел­дері­міздің тұрақтылығы мен өсіп-өр­кендеуінің кепілі. Осы орай­да, өздеріңізбен бірлесе гидро­құ­рылымдар салу жобалары­на атсалысуға дайынбыз, деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіне мүше елдер арасында жасанды интеллектіні дамы­ту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Мемлекет басшысы технология қазіргідей жылдам дамып жатқан дәуірде бұл қадам инновацияларды игеруге және бәсекеге қабілетімізді арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді. Бұл ретте Қазақстан электронды үкі­­мет, банк және қаржы жүйе­сін­дегі озық технологиялар мен цифр­лы шешімдер төңіре­гін­дегі тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін айтты.

– Үшіншіден, Түркі инвести­ция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету қажет. Бұл – біздің елдерімізге ортақ алғашқы қаржы институты. Бастаманы барлық мүше мемлекеттер пы­­сық­таған соң оның штаб-пә­терін «Астана» халықаралық қар­­­жы орталығында орнала­с­ты­­­ру­ды ұсынамын. «Астана» қаржы орталығы – халық­аралық деңгейдегі қаржы институт­тары­ның үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктір­ген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең көлемде инвестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым болмақ.

Төртіншіден, білім беру сала­сын­дағы ынтымақтастық – бола­шақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Осы ретте ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн. Сол ар­қылы жастардың заман талабы­на бейімделуіне жол ашылады. Оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асы­руға болар еді. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлес­тіреді. Біз бауырлас елдердің жас­тарына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу үшін 50 грант бөлуге дайынбыз (Ясауи атындағы стипендия).

Бесіншіден, қазіргі заманда гуманитарлық және академиялық ықпалдастықтың өзектілігі артып келеді. Іргетасы орта ғасырда қаланған Түркістан шаһары археологиялық және ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелген жоқ. Сондықтан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылы­ми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізу­ге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек, тамырластық сим­волы ретінде Түркістанда халық­тарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Кеңес­тің мәртебесін арттырып, инс­титуттық құрылымын нығайту мақсатында оны толыққанды ұйымға айналдыратын уақыт кел­генін айтты. Мемлекет бас­шысы осы ұсынысты саммит қорытындысы бойынша қабыл­данатын Түркістан декларациясына енгізіп, бекітуді ұсынды.

– Қазіргі халықаралық саясат пен қарым-қатынаста Түркі әлемінің маңызы арта түс­кені баршаға мәлім. Ендеше,Түр­кі кеңесі аясындағы ынтымақтас­тықтың болашағы зор деп айту­ға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелер бо­йынша өзіміздің көзқарасымыз­ды білдіруіміз керек. Біздің дауысымыз нық әрі айқын болуға тиіс. Осы орайда біз бар­лық бас­та­ма мен ұсыныс­ты бауыр­­лас елдермен бірлесе жүзе­­­­ге асыруға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде саммитті барша түркі халықтарының киелі мекені –  Түркістан қаласында өткізу жоспарланғанын, алайда соңғы уақытта халықаралық іс-шара­лар эпидемиялық ахуалға байланысты онлайн режімде өтіп жатқанын айтты. Соған бай­ланысты осы бас­қосуды да бей­неконференция фор­матын­да өткізу туралы шешім қабыл­данғанын жеткізді.

– Бүгінгі басқосуымыз «Түр­кі­стан – Түркі әлемінің рухани ас­танасы» тақырыбымен өте­ді, – деді Түркітілдес мемле­кет­­тер­дің ынтымақтастық кеңе­сі­нің Құрметті төрағасы.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­­денті облыс орталығы 2018 жылы Шымкент қаласынан Түркі­станға көшіріліп, сол уа­қыт­тан тұтас өлкенің жаңа тарихы басталғанына тоқталды.

– Екі жыл ішінде қала түбе­гей­лі өзгерді, бұл жұмыс әлі де жал­ғаса береді. Қаланың келешек архитектуралық келбетін қалып­тастырғанда, әлбетте тарихи сабақтастық сақталады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы іс-шараға қатысушы­лар­ды коронавирус пандемиясы­на байланысты ахуал түзелген­нен кейін Түркістанға келуге ша­қырды. Қазақстанның Тұңғыш Пре­­зиденті бейресми саммит Түр­­кі кеңесіне мүше бауырлас ел­дер арасындағы достық пен ын­­­ты­­мақтастықты одан әрі ны­ғай­­ту­ға тың серпін беретініне се­нім біл­дірді. Сондай-ақ Нұр­сұл­тан На­зар­баев COVID-19 панде­мия­­сы­на байланысты халықара­лық қо­ғам­дастық үшін қиын-қыс­­­тау ке­зеңде де түркі елдері бір­­­лігін сақтап қалғанын атап өтті.

– Менің ұсынысым бойынша «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты дер кезінде әзірленді деп есептеймін.  Бұл құжатты биыл күзде Түркияда өтетін кезекті сам­митте қабылдаймыз. Баку­дегі саммитте Кеңесті Ұйым дең­гейіне көтеруді ұсынған бо­ла­­тын­мын. Сол маңызды ұсы­ныс­ты қолдағандарыңыз үшін бар­шаңызға алғысымды білді­ремін, – деді Елбасы.

Түркітілдес мемлекеттердің ын­тымақтастық кеңесінің Құр­метті төрағасы экономика сала­сында өзара сауда мен инвестиция көлемін ұлғайтудың әлеуеті зор екеніне тоқталды.

– Баку мен Ереван арасын­дағы бейбіт келісімдер Ұлы Жібек жолын қайта түлетіп, Кас­пий теңізінің рөлін арттырады. Бұл  Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ар­тық­шы­лықтарын елдеріміздің тиім­ді пайдалануы үшін жаңа мүм­кіндіктерге жол ашады. Транс­каспий халықаралық көлік дәлізі («Тұран» дәлізі) Еуропа мен Азияны жалғайтын ең қауіпсіз әрі қысқа сауда жолына ай­налып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

1

Саммит аясында түркітілдес мем­лекеттер арасындағы эконо­ми­ка, көлік, коммуникация және мә­де­ни-гуманитарлық сала­лар­дағы ынтымақтастық аясын ке­­ңей­тіп, нығайту жайы талқыланды.

Сондай-ақ Елбасы күллі адам­зат алдында тұрған жаңа сын-қатерлерге назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев түркі мемлекеттерінің көшбас­шы­ларын қазіргі күрделі халық­аралық ахуалға орай Вашингтон, Мәскеу, Бейжің және Брюссель арасында ауқымды келіссөздер процесін бастау жөніндегі өзінің ұсынысын қолдауға шақырды.

– Аталған төрт тарап адам­заттың болашағы, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін өздеріне жүктелген ерек­ше жауапкершіліктің салмақ­ты екенін толық сезінеді деп се­немін. Түркітілдес мемле­кет­­тердің басшылары мені қол­дай­тынына және бұл мәселе бойын­ша байыпты пікір білдіре­тініне сенімдімін. Біздің ортақ көз­қарас-пікіріміз алпауыт мем­ле­кет­тердің астаналарына жете­ді деп үміттенемін, – деді Қазақ­станның Тұңғыш Президенті.

Соңында Елбасы түркі ел­дерінің көшбасшыларын ортақ мейрам  Наурызбен құттықтап, бауырлас халықтарға тыныштық пен игілік тіледі.

Жиын барысында Түркия Пре­зи­денті Режеп Тайип Ердо­­­ған сөз сөйлеп, Түркі кеңесі­нің ынтымақтастықты нығай­тудағы рөліне жоғары баға бер­ді. Сонымен қатар Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтас­тық кеңе­сінің 8-ші саммиті 2021 жылдың 12 қарашасында Ыстанбұлда өтетінін жеткізді.

– 2018 жылғы қыркүйекте Қырғызстанның Шолпан ата қала­сында Түркі кеңесінің VI сам­миті өткен болатын. Сол жиында IV Дүниежүзілік көш­пенділер ойынын Түркияда өткізу туралы шешім қабылдаған едік. Егер сіздер рұқсат етсеңіз­дер, бұл ойындарды мына коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырып, 2022 жылы өткізбек ойымыз бар, – деді Түркия Президенті.

Бұдан бөлек, Режеп Тайип Ердоған Түркі кеңесіне мүше елдердің басшыларын Анта­лия дипломатиялық форумына, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитіне шақырды.

– Анталия дипломатиялық форумы маусым айының ішінде өтеді. Форум түрлі салада пікір алмасу алаңы ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар Түркі кеңесінің VIII саммитін 2021 жылдың 12 қарашасында Ыстан­бұлда өткіземіз деп үміттенемін, – деді Түркия басшысы.

Жиын барысында Әзербай­жан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйлеп:

– Осы саммиті ұйымдас­тыр­ған­дарға ерекше алғысымды айт­қым келеді. Осы орайда, Қазақ­стан­­ның Тұңғыш Президенті Нұр­­сұлтан Назарбаевқа риза­шы­­­лы­­ғымды білдіремін. Нұр­сұл­­­тан Әбіш­ұлының еңбегі зор, Түр­кі ке­ңе­сінің құрметті төраға­сы ре­тін­де осы саммитті ұйым­дас­тыруға ауқымды үлесін қосты, – деді.

Сонымен қатар Әзербайжан Президенті Таулы Қарабақтағы жанжалдың реттелуіне қатысты өз пі­кірін айтты. Осы орайда ол бұл мәселе бойынша өткен жыл­дарда болған фактілерге тоқталды.

– Біз өзіміздің ұстаным­да­ры­мыз бойынша жұмыстарды ат­қар­дық. Қарашада Әзербайжан, Ресей президенттері, Армения­ның Премьер-Министрі тиісті мәлім­демеге қол қойды. Осылай­ша, Әзербайжанның жері қай­тарылды. Біз аталған аумақтағы елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстарын атқарып жатырмыз, – деді Ильхам Әлиев.

Сөз соңында ол аталған мәсе­леде мемлекеттің аумақтық тұтас­тығы бойынша Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне және басқа да ұйым­дарға алғысын айтты.

Өз сөзінде Өзбекстан Прези­денті Шавкат Мирзиёев Түркі кеңесі елдерінің Даму банкін құратын кез келгенін атап өтті. Сондай-ақ түркітілдес мемлекеттердің әлеуетін толық пайдалануға шақырды.

1

– Дамудың жаңа дәуірін­де біз кез келген сын-тегеурінге дайын болуымыз, әлеуетімізді бір­лесе отырып пайдалануы­мыз керек. Сонымен қатар осы жыл­дардың ішіндегі басты мақ­сатымыз экономикалық қа­рым-қатынасымызды нығайту болды. Дегенмен ол нақты құ­жаттарға негізделуі тиіс.

Түркі кеңесі өзінің инвести­ция­лық қорын жасақтап, Даму банкін ашатын уақыт келді. Осыған қатысты нақты жұмыс­тарды бастауға дайынбыз. Мұ­нан бөлек, көлік-транзит әлеуеті­мізді дамытудың маңызы артып келеді. Оған өңіріміздің барлық мүмкіндігі де, әлеуеті де бар. Яғни Орталық Азия арқылы Қытай, Үндістан, Пәкістан сынды әлемдік нарыққа шығар жол ашуымыз қажет. Ал Әзербайжан мен Түркия арқылы Еуропа елдеріне шыға алар едік. Ал бұл инфрақұрылымдық жобаларды қажет етеді, – деді Өзбекстан Президенті.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Түркістан қала­сының тарихи мұрасы өте бай екенін және түркі әлемінің өте маңызды орны саналатынын атап өтті. Бұдан бөлек, ол Түркітілдес мемлекеттер ынты­мақтастық кеңесінің жұмы­сына алғысын жеткізді.

– Ежелгі Түркістан қаласы туралы әлем елдері жақсы біледі және шаһар түркітілдес елдердің тарихына алтын әріппен жазыл­ған. Бұл қала түркітілдес әлем бірлігінің символы, сондай-ақ түркі өркениетінің негізі деп айтуға болады.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі арқылы экономикалық, мәдени, гумани­тар­лық және әлеуметтік мәселе­лерді шешу үшін көп тарап­ты қатынастарымызды жалғас­тыруымыз керек. Ұйым елдері коронавирус инфекциясы салдарын еңсере алады деген үміт­те­мін. Бір-бірімізге көмек көр­сетіп, түрлі көп тарапты жобалар­ды жасасақ деген ұсыныс бар. Түркі кеңесі инвестициялық қор жасауды ұйғарды және бұл өте маңызды жоба, – деді Садыр Жапаров.

Сондай-ақ жиында  Түрік­менстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Пре­мьер-Министрі Виктор Орбан, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев сөз сөйледі.

Түркітілдес мемлекеттер ын­ты­мақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан декларация­сы қабылданды.