Әдебиет • 01 Сәуір, 2021

Жамбыл мен Мұқағали шығармалары ұлықталды

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық акаде­миялық кітапхана Қазақстан – Шве­ция Корольдігіндегі елшілігімен бірлесіп, қазақ поэзиясының көрнекті тұлғалары Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Ұлт мақтаныштары» атты онлайн форматта халықаралық дөңгелек үстел өткізді.

Жамбыл мен Мұқағали шығармалары ұлықталды

Қазақстан мен Шве­ция Ко­роль­­дігінің шығар­ма­­шы­лық зия­лы қауым өкіл­де­рін бірік­тірген іс-ша­ра жыр алыбы Жам­был Жабаев пен ақиық ақын Мұқа­ғали Мақатаевтың әлем­дік әдебиет пен мә­де­ниетке қосқан үлесін зерт­­­теу және олардың өмірі мен шығармашылығының ас­пектілерін зерде­леу мақ­сатында ұйымдас­тырылды.

Әдеби жиынға Қазақстан – Швеция Ко­роль­дігіндегі Төтенше және өкі­летті елшісі Сергей Нұр­таев, Швециядағы қа­зақстандық жастар қауым­дастығының өкіл­дері Ре­гина Шепетя-Ларссон, Ди­нара Сабденова, ҰҒА академигі Уәлихан Қалижанұлы, Ұлт­­тық академиялық кі­­тап­хана басшысы Үмітхан Мұңалбаева, филология ғы­лым­дарының докторы, ақын Бауыржан Жақып, фи­ло­ло­гия ғылымдарының док­торы Светлана Ананьева қа­тысты.

Екі елдің шығармашылық интеллигенция өкілдерінің басын қосқан шараның рухани һәм әдеби маңызы зор екенін атап өткен Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Тө­тен­ше және өкілетті елшісі Сергей Нұр­таев: «Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тә­­уелсіздік – бәрінен қым­­бат» мақаласында Нау­рыз мерекесін тойлауда тұжырымдамалық тәсіл­дер­дің маңыздылығына тоқ­­талды. Яғни Наурыз қар­саңындағы әр іс-ша­ра ха­лықтың мәдени-ру­хани үлесі үшін түрлі ма­ңызға ие болуы керек. Ұл­ты­мыздың импрови­затор ақыны Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаев қа­­зақ рухания­тына ора­сан зор еңбек сіңірді. Бү­гінгі жас­тардың осындай көр­некті ақындардың шы­ғар­машылығына қы­зығып, құр­мет көрсетіп жат­қанына өте қуаныштымын. Сон­дай-ақ жас авторларға жаңа тыныс, жаңа табыс тілеймін», деді.

Ал Уә­лихан Қалижанұлы Жам­­былдың жеке тұлғасына тоқ­талып, ақынның ұлттық брендке айналатынын айтты. «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесі аса зор құбылыс. Ол эпик ақын, айтыс ақыны әрі аза­мат­тық өлеңдердің ақыны. Ұлы­ны ұлы ғана таниды: Әуезов мо­йындаған, Сейфуллин бас иген, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Роллан сәлем салған. Тарих доңғалағы кері кетпейді. Тәуелсіз Қа­зақстанда Жамбыл бабамыз ұлттық брендке айнала береді. Жамбыл поэ­зиясы – шыншыл поэзия. Өмірді өлеңмен өрнектеген ақын қазақ тұрмысының, қазақ қоғамының әділетсіз болмысын әшкерелеген өлеңдері оның атын шығарды», деді ол.