Аймақтар • 01 Сәуір, 2021

Шығыста тұңғыш рет карикатура, шарж көрмесі өтті

661 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұндай көрме бұрын-соңды Шығыста болмаған. Бүгін 1 сәуір – күлкі күніне орай Өскемендегі А. Пушкин атындағы кітапханада «Езу тартар» атты шарж, карикатура көрмесі өтті.

Шығыста тұңғыш рет карикатура, шарж көрмесі өтті

Карикатура – жауынгер жанр. Бұл жанр қоғамдағы түйіткілді мәселелерді, халық пікірін сурет арқылы билікке жеткізудің бір жолы. Билік дейміз, өкініштісі көрмеде әкімдіктегі басшылардың бірі де бас көрсетпеді. Келсе, өздеріне қатысты бірқатар мәселелерді түртіп алуларына болар еді. Жемқорлық, парақорлық, әкім-қаралардың жұмыстарына деген салғырттығы карикатураларда айқын бейнеленіпті. Көрерменді бір күлдіріп, бір жылататындай-ақ суреттер. Сонымен қатар, достық шарждар да топтастырылды.

Шара басында шарж шебері Еркін Нұразхан экран арқылы жерлес суретшілеріне жүрекжарды лебізін білдірді.

– Бүгінгі ақпарат заманында карикатура өнері қоғамға ауадай қажет. Карикатура, сатира, шарж жанрындағы суреттер тілді қажет етпейді. Кенже қалған өнерді қолға алып, көрме өткізіп жатқан жерлестеріме сәттілік тілеймін, – деді Еркін Нұразхан.  

Иә, қылқаламдары жүйрік, ойлары ұшқыр суретшілердің жұмыстары көрмеде көзге бірден түсті. Шығыстағы кәсіби, әуесқой суретшілердің басын қосып, «Жаңғыру» бірлестігін құрған Құдаш Нұрсадықов карикатураның қиын жанр екенін сөз етті.

– Сурет салу бір басқа да, сөйлеп тұрған карикатура салу мүлдем басқа екен. Алғашында жүрексінгенімізбен, біраз мәселені көтеретіндей карикатура салып жібердік. Бұл алғаш рет өтіп отырғандықтан кем-кетіктер бар шығар. Оның бәрі алдағы уақытта түзеледі. Бұйырса, карикатура көрмесін жылда 1 сәуірде дәстүрлі түрде өткіземіз, – деді Суретшілер Одағының мүшесі Құдаш Нұрсадықов.

Шара соңында қылқалам шеберлері келген көрермендерге арнап шеберлік сабақтарын өткізді.