Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған IT парк мамандары былтыр бұзылған компьютерлерді кәдеге жаратып, оқушыларға табыстаған еді. Жыл басынан бері орталық еріктілері «ҚазГерМұнай» компаниясы ұсынған жарамды компьютерлерді әлеуметтік тұрмысы төмен 10 отбасына таратып берді.
Жақсылыққа жұмылған жастар 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында да жұрт алғысын аларлық жақсы істің басынан табылды. Арнайы ұйымдастырылған марафон аясында облыс орталығындағы 700 отбасына, қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде тұратын 300 үйге азық-түлік жеткізіп берді.
– Жалпы ұйымдастырылып жатқан қайырымдылық шараларының бәрінде көптің үлесі бар. Жеке адамдардан бөлек түрлі қорлар мен мекемелер де қиналғанға қол ұшын созып, үлгілі үрдіс танытып отырғанын айта кетейік. Мысалы, «Халық» қайырымдылық қоры мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған мың отбасына азық-түлікпен көмек көрсетті, – дейді Б.Айтбенбетов
Төрт жүзден астам шаңыраққа көмек қолын созған «Зекет» қорына да ризашылық танытқандар көп.
«Қайырымды істер марафоны» аясында жыл басынан бері Жастар орталығының ғимаратындағы әлеуметтік дүкен арқылы тұрмысы төмен 33 отбасына азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар, үй жиhаздары таратылыпты. Жақсы істерді ұйымдастыратын жастар назарынан оқыс оқиға салдарынан қиындыққа тап болғандар жағдайы да тыс қалмайды. Биыл жыл басынан бері қала маңайындағы саяжайларда өрт болып, аяқ астынан баспанасыз қалғандарға жұрт көмекке жұмылған еді.
Облыстық жастар орталығының бастамасымен еріктілер мен «Ел-Арай» қоғамдық қоры бірлесе отырып, өрттен зардап шеккен Ягодка, Сабалақ саяжайының тұрғындарына тұрмысқа қажетті тауарлар, киім-кешек, компьютер жиынтығы, мен ыдыс-аяқтар табыс етті.
Қызылорда облысы