Бүгінде жылына нарыққа 1 млн-нан астам шоколадты кәмпит өндіретін кәсіпорын «Тассай» индустриялы аймағында орналасқан. Шоколадты кәмпит және сағыз өндірумен айналысатын зауыт 1,2 гектар аумақты алып жатыр. 2019-2020 жылдары құрылысы қызу жүрген кәсіпорын биыл 60 азаматты жұмыспен қамтып, толықтай іске қосылып отыр. Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1,15 млн дана шоколад кәмпитін, 1,8 млн дана сағыз кәмпитін құрайды. Сондай-ақ мекеменің Қазақстан Республикасының барлық қаласында өкілдері, сауда командасы мен алаңдары бар. Компанияның негізгі тұтынушылары жасөпірімдер болғандықтан, «Орбит» емес, сағыз кәмпиттер сатылады. 12 түрлі ассортименті бар. Мысалы, алма, банан, таңқурай дәмімен ұсынылады. Бұл кәмпиттер мен сағыздар Шымкентте өндірілетін болғандықтан, шетелдік баламаларынан 10 пайызға арзан.
Өнімдер MEXXI атауымен шығарылып, жергілікті базарлар мен барлық дүкеннің сөрелеріне таратылады. 70 пайызы ішкі нарықта, 30 пайызы экспортқа жөнелтіледі.
Айта кетерлігі, мұндағы мамандар жаңа жабдықта жұмыс істеу үшін арнайы оқытудан өткен. Алдағы уақытта компания жүгеріден жасалған, карамель және таяқшадағы қатты кәмпиттер өндіретін желілерді іске қоспақшы.
«Тассай» индустриялы аймағында орналасқан тағы бір ірі кәсіпорын – «КАЗТЕХНИКАС» ЖШС. Мұнда жарықдиодты шамдар өндіріледі. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен индустриялы аймақтан 1,5 гектар жер бөлінген. Құны 500 млн теңгені құрайтын бұл жоба 2020 жылы бастау алып, биыл іске қосылды. Қазір мекемеде 25 қала тұрғыны жұмыс жасайды. Зауыт жылына 20 мың дана жарықдиодты шам өндіруге қауқарлы. Шамдардың сапасы өндірілгеннен кейін су ішінде 5 минут тұрады да, кейіннен іске қосу арқылы тексеріледі екен. Яғни суға төзімділігі анықталып барып, сатылымға шығарылады. Сонымен қатар мұнда темір сөрелер де жасалады.
Өндіріс орны алдағы уақытта мемлекеттік қолдау арқылы өнім көлемін ұлғайтып, экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.
ШЫМКЕНТ