Бұл – әрине ең алдымен түркі жұртына ортақ бабаға көрсетілген құрмет. Ал екіншіден, мемлекет тарапынан Президенттің студент жастарды қолдауы деп қабылдаймыз. Шынында бұл университеттің өзі – іргетасы ел егемендігімен қатар қаланып, өркендеп келе жатқан тәуелсіздіктің тартуы. Мұнда қаншама түркітілдес елдерден келген бауырларымыз білім алып жүр. Сол себепті бұл – бауырмалдықтың бір белгісі.
Көп сыныптастарым елордаға, алып Алматыға қарай ұмтылғанда мен Түркістандай шағын қаладағы осы университетті таңдадым. Қазір сол шешіміме шын қуанамын. Өйткені «Жыл студенті» ретінде еліміздегі 8 медициналық жоғары оқу орнында болып, танысып көрдім. Сонда мен дәл біздің университеттегідей қоры бай кітапхананың басқа ешбір ЖОО-да жоқ екеніне көз жеткіздім. Қазір Түркістан танымастай өзгерді, міне, аталған стипендия Түркістанның студенттер қаласына айналуына септігін тигізеді деген ойдамын.
Ал мұндай мол мүмкіндікті, зор мотивация берер стипендияны тек сабақ оқумен ғана шектелмейтін, қоғамдық өмірге де белсенді білім алушыларға берген дұрыс. Себебі сондай ізденушіден ғана болашақта елдегі маңызды оқиғалардың бел ортасында жүретін, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге қабілетті, кәсіби маман шығады.
Шамсуддин ҚАЙРАТҰЛЫ,
Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті