Парламент • 02 Сәуір, 2021

Зергерлік бұйымдарды экспорттау жеңілдейді

222 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында ЕАЭО аумағында бағалы металдардың еркін айналымы туралы заң жобасы қабылданды.

Зергерлік бұйымдарды экспорттау жеңілдейді

Осылайша, қазақстандық зергерлік бұйымдарды ЕАЭО аумағына экспорттау жеңілдей түспек. «Еуразиялық эко­номикалық одақ шеңберінде баға­лы металдармен және асыл тастар­мен операцияларды жүзеге асыру ерек­шеліктері туралы келісімді рати­фи­ка­циялау туралы» заң жобасына сәйкес, қымбат металдар мен тас­тардан жасал­ған бұйымға қосым­­ша сынама салынбайды. Яғни енді қазақ­­стандық сынамасы бар зергер­лік бұ­йымды Одақтың барлық елдері­нің аума­ғында қайта сынамадан өткіз­бей саудаға шығаруға мүмкіндік туғызылады.

Аталған құжат жөнінде баян­дама жасаған Индустрия және инфра­­құры­лым­дық даму вице-министрі Аманияз Ержанов­тың айтуынша, келісімнің мақса­ты – мүше мемлекеттердің бәсеке­лес­тік артықшылығын жасау және тиімді шаралар әзірлеуге бағытталған сауда-экономикалық тетіктер қалыптастыру, сондай-ақ Одақтың кедендік аумағында бағалы металдар мен асыл тастардың еркін айналымын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау.

«Келісім ережелері мына бағыттарды қамтиды:

Бағалы металдармен, өңделмеген асыл тастармен мәмілелер жасау. Ким­берли процесі талаптарына сәйкес мүше мем­лекеттер арасында өңделмеген таби­ғи алмастарды тасымалдау. Мәмілелер жасау және асыл тастардың жіктеу және құндық сипаттамаларын анықтау.

Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкер­лерде түзілетін сынықтар мен қалдық­тар­ды жинау және міндетті есепке алу. Зергерлік және басқа да бұйымдарды сы­намалау, талдау және таңбалау. Заң­намалық және өзге де нормативтік құ­қық­тық актілер және уәкілетті органдар арасындағы сынамалық таңбалар бе­дер­лерінің үлгілері туралы ақпарат ал­масу. Бағалы металдар мен асыл тас­тардың заңсыз айналымы үшін шаралар қолдану», деді А.Ержанов.

Келісім одақта зергерлік бұйым­дар­дың сынамасына қатысты туындай­тын шектеулерді жояды. Яғни егер зергерлік бұйым Қазақстанда жасалса және сыналса, онда оны Одаққа мүше мемлекеттерде қайта сынамалау қажет емес. Келісім ережелері қаншалықты орындалып жатқанын анықтау үшін Одаққа мүше елдерге бес жылда бір рет арнайы сапар жасалады.

«Келісім өңделмеген табиғи алмас­тарды Одаққа мүше бір мемлекет аумағынан екіншісіне тасымалдауды қарастырады. Өңделмеген табиғи алмас­тарды сертификаттаудың халықаралық кестесі – Кимберли процесі талаптарына сәйкес іске асырылады.                

Кимберли процесіне қатысушы әрбір ел алмастың бірде-бір партиясы оған қатыспайтын тарапқа импортталмайтынына немесе экспортталмайтынына кепілдік береді. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы барлық ел Кимберлий процесіне мүше», деді вице-министр.

Бұдан бөлек, Келісім, бір жағынан, қазақстандық нарыққа сапасыз зергерлік шикізат әкелуден қорғануға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, аффинаж алтынын өндіруді ұлғайтуға және ЕАЭО ке­ден­дік аумағында бағалы металдар мен тастардың еркін айналымы үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

Жалпы отырыс барысында сенаторлар «Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Бұл құ­жат мемлекетаралық стандарттау­ды жетіл­діруге, сондай-ақ ТМД Стандарт­тау, метрология және сертификаттау жөніндегі Мемлекетаралық кеңес қабыл­дайтын құжаттарды тарату және пайдалану қағидаттарының бірлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Біріншіден, стандарттарды тара­туға бір ұйым ғана құқылы. Бұл стандарттау жөніндегі ұлттық орган немесе уәкілеттік берілген ұйым болуы мүмкін. ТМД-ның кей елінде стандарттарды таратуға құқылы әртүрлі ұйым бар. Бізде бұл мәселе шешілді. Екі жыл бұрын күшіне енген «Стандарттау туралы» Заң бо­йынша бұл құқық Қазақстан метрология және стандарттау институтына бекітілді.

Екіншіден, ТМД-ға мүше мемлекет­тердің мемлекетаралық стандарттарды рұқсатсыз таратудан қорғауды заң­намалық деңгейде қамтамасыз ету. Біздің ұлттық заңнамамыз мұндай факті­лерді анықтауды қарастырмайды. Осыған байланысты, стандарттарды рұқсатсыз таратқаны үшін әкімші­лік айыппұл енгізу бойынша өз ұсыныс­тарымызды дайындадық.

Басқа елдерде мұндай тәжірибе бар. Мысалы, Беларусьте бұзушылықтар үшін айыппұл қарастырылған, ал мем­лекетаралық стандарттарды рұқсатсыз тарату қызметі заңсыз саналады.

Үшінші, өзара іс-қимылды үйлестіру Стандарттар жөніндегі бюро арқылы орталықтандырылып жүзеге асырылады. Мұндай тәсіл іске асырылатын мемлекетаралық стандарттарды орта­лық­тандырылған есепке алуды, олар­ды пайдаланудың заңдылығы мен қа­жеттілігін қамтамасыз етуге бағыттал­ған», деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мем­лекеттердің бас бостандығынан айыру­мен байланысты емес жазаларды орын­дауды беру туралы конвенция­сын ратификациялау туралы» заң жоба­сы қаралды. Аталған құжат бас бостан­дығынан айыруға байланысты емес жазаны сотталғандардың өз мемлекетінде өтеуге жағдай жасайды.

«Конвенцияға сәйкес, сотталушы немесе оның заңды өкілі өз жазасын тұрғылықты жерінде өтеу туралы өті­ніш береді. Өтініш бойынша сол елдің Бас прокуратурасы сұрау салады. Сұрау салу­ға сотталушының аза­мат­тығы, оның жазбаша келісімі, сот шеші­мі­нің көшірмесі, мінездеме, келтірілген шы­ғын туралы мәліметтер қоса беріледі.

Жазасын өтеушіні қабылдайтын мемлекет белгіленген жазадан қатаң емес жаза тағайындайды. Жазасын өтеу­­ші шешім қабылданған соң 45 күн ішін­де өз бетінше елден шығуға тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, заң бо­йын­­ша мәжбүрлі түрде елден шығары­ла­ды», деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобаларын қарауды қорытындылай келіп: «Бүгін қабылданған заң жобалары Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және Еура­зиялық экономикалақ одақ шең­берін­­де мемлекетаралық ынтамақтас­тық­­ты одан әрі нығайтуға арналған. Олар азаматтарымыздың құқықтарын қор­ғауды күшейтуге, ТМД деңгейінде мем­лекет­аралық стандарттау жүйесін тиім­ді пайдалануға, сонымен қатар, Еу­ра­зиял­ық экономикалық одаққа мүше ел­дер­де ба­ғалы металдар мен қымбат тас­тар на­ры­ғын дамытуға мүмкіндіктер береді», деді.

Жиын соңында сенаторлар депу­тат­тық сауалдарын жария етті. Сүйін­дік Алдашев Каспий теңізінде маман­дан­дырылған құтқару қызметін құру мәсе­лесін көтерді. Қанатбек Сафинов мем­­ле­кеттік функцияларды бәсекелі ор­таға және жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарына беруді жандандыру ма­ңызды деп санайды. Сұлтан Дүйсем­бинов жеміс бақтарын сақтау үшін қа­жетті отандық биопрепараттарды өндіру және сынақтан өткізу қажеті туралы айтты.