Тоталитаризмнің нақ үлгілерін біз бодан болған КСРО-дағы, Қытайдағы, Солтүстік Кореядағы, бүгіннің өзінде бар түрлі режімнен көре аламыз.
Ең сорақысы, осы қанқұйлы жүйенің барлығы адамға, оның санасына, болмысына азаттық алып береміз деген жалған жалауды жамыла ұрандап басталған. Алайда анау айтқан құрғақ уәделер мен қитұрқы саясаттың барлығының ар жағында жеке басқа табындырудың жеті қабат жүйелі жоспарлары жасырынып жатады.
Әрине, тоталитаризмнің тепкісі туралы жан-жақты айта беруге болады. Алайда бұл дөп басып диагнозын таба қоюың екіталай қатерлі дерт сияқты ауыр тақырып. Адам осы жүйе туралы айтқанда өз-өзін дар алдында тұрған жазаланушыдай сезінеді. Азабы сол, тоталитарлық жүйе жөнінде айтылғанда сіз тағы да дар алдында тұрасыз, бірақ жазаланушы емес, жендеттің кейпінде қолыңызда жалт-жұлт еткен өткір айбалтаңыз болады. Әр адам небір ауыр тағдырлар мен көз жастардан іргетас көтерген осы жұтықы жүйені әлі келгенше әшкерелей беруі керек. Адамдардың бас сүйектерінен тұрғызылған сәнді мұнаралардың қабырғаларында жазықсыз жандардың нақақ қаны бары үздіксіз жазылып жатқаны жөн.
Бұл ретте біз атақты жазушы Джордж Оруэлл шығармашылығын бірінші еске аламыз. «Хайуандар фермасы» деп аталатын әйгілі шығармасын оқып отырған адам тоталитарлық жүйеге тас төбесінен төніп қарайды.
Өзіңе таныс тақырыпты оқыған әрине, жеңіл. Біз Оруэллды оп-оңай оқып шықтық. Тіпті жаныңа жақын кейіпкерлер сенімен бірге мәңгі өмір сүріп өтетіндей олармен қоштасудың мүмкін емесін ұғасың...
Әдебиет сонысымен әдебиет емес пе? Әйтпесе, сізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, тіпті адам санатында да жоқ британдық мал қорадан қимас дос, тағдыры ортақ қандай тұлға тауып алуыңыз мүмкін?
Жазушы Джордждың «Хайуандар фермасын» парақтаған пақыр, әсіресе пост кеңестік елдердің үрейлі оқырмандары аталған шығарма желісінің 1917 жылғы революциядан бастау алатынын дереу түйсіне қояды. Тұйық жүйенің қасіреті сол, оның адам санасына салған тыртығы тек сол азапты басынан өткерген ұрпақтың ғана емес, одан туатын тағы бірнеше ұрпақтың үрейіне айналады.
Кеңестік коммунизмді келекелеген бұл шығарма осысымен бізге өте «жақын» жазба... Ойдан құралған оқиға желісі деп айтылғанымен оның таза кеңестік тоталитаризмді әшкерелеген әлемдік бестселлер екенін ешкім жоққа шығармайды.
Джонс есімді араққұмар шаруаның мал қорасынан тұтанған революция өрті хайуандардың, әсіресе доңыздардың наразылық жаппай шерулеріне арқау болады. Күндердің бір күнінде өлім ауызында жатқан кәрі қабан маңайындағы барлық жануарды жинап, маңызды түс көргендігін айтып шақырады. Түсін баяндай келіп олардың бас бостандығы туралы үгіт жүргізеді. Бұл образ бізге патшалық Ресейдің тағын шайқаған маркстік, лениндік, энгльстік идеяларды есімізге салады.
Не керек, бүкіл британдық хайуандардың бостандық аңсаған ұлы дүмпуіне осы кәрі қабан өзек болады. Өзі өлгенімен оның көтерген идеясы үлкен құралға айналып, «Англия хайуандары» деген әнұран астында жалпыхайуандық көтеріліс басталады да кетеді. Майор ныспылы әлгі алжыған қабан өлгенімен оның сөзін аманат қылып алып қалған екі доңыз Наполеон және Цицерон алда болатын үлкен революцияны қолға алады. Жем-шөп беруді ұмытып, үйінде мас боп жатқан Джонстың қорасында келесі күні көтеріліс жасалып, ақылдасқан жануарлар иелерін қу далаға айдап шығады.
Хайуандардың ойынша адамның езгісі мен теперішінен құтылса олардың алдын жұмақ дәуір күтіп деп сенеді. Бірақ көпшілік хайуан күткен картина тіпті басқа еді.
«Хайуандар фермасы» – бұл роман-мысал десек болады. Жиырмасыншы ғасыр басындағы оқиғаларды астарлап отырып әжуалаған әлемдік шығармадан Кеңес өкіметінің кесір-кесапатын аңғармау мүмкін емес. Кәрі қабаннан қабылданып алынған ұран келесі күні-ақ Наполеон және Цицерон есімді әбжіл қабандардың қолындағы қаруға айналады. Үй иесі Джонсты қуып шыққан күні сегіз ұялас күшіктің енесі оққа ұшып жетім қалады. Оларды байқап қалған Наполеон дереу оңаша қораға тығып, жуындымен тамақтандырып, құпия асырай бастайды. Наполеонның осы әрекетінен бастап-ақ оның қанқұйлы мұртты көсем – Сталин екенін жорамалдай қоясыз. Жуындыға тойынған төбеттер кейін Наполеонның билігін атып-асып, қырып-жойып орнатушы НКВД жендеттері сияқты өздері құрған империяның ішінде небір жан төзгісіз қатыгездіктерге барады.
Жалпы, осы шығармадағы символдық астарға үңілер болсақ, бүкіл қоғамдық теңдікті ту етіп бастаған қатаң диктатура әлдебір кейіпкерлердің кейін өзі орнатқан мемлекеттің өзі қалай жауына айналғанын ашық көрсетеді. Олардың біреуі – ақылды әрі білімді етіп көрсетілетін қабан – Цицерон еді. Алайда оның болашақ жоспарларының ауқымды екенін, оның осы жұмыстары арқылы жалпы хайуандардың ықыласына көбірек бөленіп кететіндігін іштарлықпен қабылдай алмаған Наполеон аярлықпен оны елден бездіреді. Иә, Цицерон бізге Троцкийді есімізге салғандай болды. Бірақ жазушының шеберлігі де сол, оларды біз не десек те хайуандар екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.
Шығарманың жалпы идеясы биліктің адамдарды жатсынуы десек болады. Тоталитарлық жүйе дегенді басында да айттық, жалпы көпшілікке қызмет ету механизмі кілт тоқтап, жалған ұрандар жалғыз ғана тұлғаға тағзым жасап шыға келеді. Егер кеңінен алып қарастыратын болсақ, Оруэллдың бұл шығармасы тек Кеңес өкіметін келекелеген роман деуге де келмес еді. Олай дейтін себебіміз, өзімен бірге мемлекет құрушы топтың өкілдерін тақ үшін талапайға тастайтын кейіпкер қай қоғамнан болмасын табылатыны сөзсіз ғой. Аристотель айтқандай, адам – саяси жануар және ол өзінің дамуын мемлекетке келіп тоқтатады. Оруэллдың жануарларын біз бірден адам ретінде қабылдай кетуіміздің де мәні осыдан болса керек.
Хайуандар фермасы жеті тармақтан тұратын заң жобасын жасауға шешім қабылдайды. Жарғыларына қарасаңыз қызық.
- Екі аяқты адамдар хайуандарға жау.
- Ал төрт аяқтылар дос. Қанаты барлар да екі аяқты болғанымен дос санатына қосылады делінеді.
- Хайуандар киім кимейді.
- Түліктер төсекке жатпайды. Алайда бұл жарғылар Наполеон тиранның нұсқаулықтарымен бірнеше мәрте өзгертіледі. Жалпы, заңды белден басып биліктің өзіне ыңғайлы етіп өзгертіп отыруы сонау пайғамбарлар заманынан бері қарай үнемі қолданылып келе жатқан ескі тәсіл десе де болды. Мәселен, інжілді шіркеу қызметкерлері, олармен ауыз жаласқан атқарушы билік өздеріне ыңғайлап бірнеше мәрте қайта көшірілгені бұл күнде қатпар-қатпар тарих. Сол сияқты біз баяндап отырған хайуандар заңы да бірнеше рет өзгеріп, ақыры халықтың ешбір құқын қорғамайтын түсініксіз мәтіндерге айналып кете барады.
- Хайуандар арақ-шарап ішпеуі керек. Кейін бұл тармақ та «Ішілген күннің өзінде шамадан асырылмауы қадағалануы шарт» делініп өзгертіледі.
- Хайуандар бір-бірін өлтірмеуі қажет. Бұл да кейін «Егер де кінәсі болмаса» деп бұрмаланады.
- Соңғы заң: барлық хайуандардың құқығы тең. Бұл да кейін «Кейбірінің құқығы басқаларға қарағанда жоғарылау» деп жөнделеді.
Бұл шығарма кеңестік жүйеге жасалған пародия еді. Роман желісінің әрі қарайғы жағдайы белгілі, билік жеке қолға өткен соң қанішер Наполеон қарапайым хайуандарға ойына келгенін істейді. Еңбек күшін тегін пайдаланып, бітпейтін жылтыр ұрандармен ферма тұрғындарын аямай жұмысқа жегеді. Қасында «Заржақ» атты сұрқылтай доңыз жүреді. Наполеон айтар ойды мінберге шығып алдымен сол айтады. Жұртшылықты жалған есептерге сендіріп, сенбегендері болса оларды халық жауы ретінде қабаған төбеттерге талатып сойқан салады. Бұл кейіпкер де біздің көз алдымызға түрлі типті әкелмей қоймайды.
Аталған шығарманы оқыған оқырман «Балуан» есімді айғырдың аянышты тағдырына көп ойланар еді. Оның тіпті қазаққа жақындығы сондай, қасіретті жылдардағы диктаторлық жүйенің езгісінен мерт болған қазақ рухын бейнелегендей әсер қалдырады.
Балуан – Наполеон тастаған ұранның ең аянышты құрбаны еді. «Желдиірмен саламыз, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатамыз» деген өтірік ұранға имандай сенген Балуан күндіз-түні тынбай еңбек етіп бүкіл денсаулығын сол желдиірменге береді. Кейбір әдебиетшілер бұл кейіпкерді Стахановшылар деп жорамалдайды. Алайда ол жалпы халықтың нақ өзі еді.
Ауыр жарақаттан айыға алмай, жұмысқа жарамай қалған Балуанды бір күні белгісіз көлік келіп тиеп әкетеді. Заржақ басқа жануарларға оны емханаға кетті деп сендіреді. Алайда ол етке өткізілген болатын. Еңбегін пайдаланып-пайдаланып алған Наполеон және оның жақтастары сол күні кешкілік Балуанды етке өткізген ақшаға ішімдік алып, шарапқа бөрте мас болған доңыздар қарқ-қарқ күлісіп масайрап жатады...
Белгілі жазушы Төрехан Майбастың «Керат» деген атақты әңгімесі бар. Көзі тірісінде Оралхан Бөкей «Кератқа» керемет баға беріп, тіпті «Кератты» жазған жазушының әкесін көзбен көргім келеді деп Қарғанды жаққа ат та шалдырыпты. Бұл туралы Төрехан Майбастың өзі де айтады. Керат, оның иесі жазушының өз әкесі екен, барлығы өмірде болған кейіпкерлер. Керат – шахтер ат. Біздің Балуан сияқты ол да өмір бойы тоталитарлық жүйені табанынан таусылып жүріп құрған құрбан кейіпкер. Ақыры өзі сол жүйенің жемтігіне айналады. «Кератты» оқыған адам ондағы қазақ кешкен трагедияны бірден сезінеді. Қазақ пен жылқының жаны егіз жаратылған. Соғысқа қатысқан Кераттың оң жамбасына оқ тиіп жараланған соң жарамсыз саналып шахтаға түсіріледі. Ауыр-ауыр вагондарды сүйрей жүріп еркін де азат өмірін аңсайды. Жарыққа ұмтылады. Жер бетіне бір шығуды арман етеді. Алайда сол жер бетіне шыққанда көрген жарығы оның екі көзін ағызып жіберіп, су қараңғы соқыр қылып тастауымен аяқталады. Керат – қазақ еді. Оралхан Бөкей Төрехан Майбасқа «Бұл шығармадан кейін ештеңе жазбасаң да болады» деп биік баға беріпті. «Керат» – шынымен классика.
Біз Оруэллдың Балуанына жанымыз ашып отырғанда Кераттың соқыр көзінен аққан қанды жасына жуынғандай едік. Иә, Балуан бізге қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік тағы бір шығарманы, ақын Серік Ақсұңқарұлының «Арғымақтарын» есімізге түсірді.
«Сəуірбек аға! Ғафу ет сұрағаныма:
Арғымақтың да адамша
жылағаны ма?!
Арғымақтар-ай! Ғасырдың ғажап
тұлпары!
Менің де қаным – қыр қаны,
қазақтың қаны.
Шынымды айтам, шынымды –
сандырақтамай:
Құндыз қыл құйрық сұржекей,
арғымақтар-ай!
Даламыз – кітап. Беттерін ашқанда
кілең –
терең ол, ерен ғажайып
дастандарымен.
Эпосы, эпопеясы қыраттарымның
тұяқтарымен жазылған
пырақтарымның.
Ат тұяқтарының даламда
азан сапты əні...
Ата-бабамның сол еді қаламсаптары!.
Қалғаны содан – ескірмес,
тозбастың бірі,
Арқамды шымырлататын
Олжастың жыры.
Бір кездесуде атбегі түгел келіп те,
Бір сауал қойған сол
Олжас Сүлейменовке:
«Бізді де, ақын, аттардың
жаты санама,
Тұлпарлар енді соғысқа қатыса
ала ма?!»
Сол кезде ақпай қалған бір ақыл,
төзімнен,
Абсенттің жасын көріп ем –
Ақын көзінен.
Тұрды Олжас сонда жүрегі
қан жоса болып,
Тұнжырап кетті:
«Тұлпарың Зорласа – көніп,
Қатысар – деді – тек қана
колбаса болып!!!».
Міне, шығармашылықтың шекаралары осылай тоғысып жатады. Сонау қиырдағы Оруэлл Балуаны Ақсұңқарұлының арғымағына осылай айналып шұжық цехына кетіп бара жатыр...
Ет комбинатына өз аяғымен бара жатқан тағы бір тұлпар жайлы айтпай кетуге болмайды. Ол да қазақ даласында аңызға айналған, қазақ қасіретімен егіз тұлпар-тұғын!
Иә, классик Мағауиннің «Нарқызылын» айтамыз. Көзіқарақты жұрт бұл шығарманы жақсы біледі деп ойлаймыз. Мұнда да заманында бүкіл қазақ сахарасын дүбір мен даңққа бөлеген аңыз Нарқызыл ақыр аяғында адамнан көрген аярлықтың құрбанына айналып, қолтығына қастандықпен қадалған шегеден мертігіп, ақсақ қойторыға айналады. Тұлға қасіреті деген осы болса керек... Алайда сол ақсаңдаған аяғына қарамастан Семейдегі ет комбинатына айдалып бара жатқан бір үйір жылқының Нарқызыл алдында кетіп бара жатады. Алдына қара салмаған сәйгүлік соңғы сапарына да үздік болып еніп бара жатады.
Нарқызыл туралы бұл уақиғаны көркем шындық деп сенбейтіндер ақын Несіпбек Айтұлының «Нарқызыл мен жалғыз ұлын» оқыса жетеді деп ойлаймыз. Несіпбек ақын тіпті сол Нарқызыл тұлпардың үстінде бәйгеге шапқан желтақым шабандоз екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Мұның бәрін біз неге айтып отырмыз? Осынау бағанадан бері тізбелеп айтып шыққан Оруэллдың «Балуаны» да, Майбастың «Кераты» да, Мағауиннің «Нарқызылы» да, Ақсұңқарұлының «Арғымақтары» да – біз құқай көрген тоталитарлық жүйе – Кеңес империясының есіл құрбандары болатын... Осынау озбыр жүйе болмаса, ауыздығымен алысқан асау арғымақтардың барар соңғы нүктесі ет комбинаты ғана ма? Осы шығармалардың бәрінде арғымақтардың ақыры – кеңестік жүйенің кесапатынан жазықсыз оққа ұшқан ұлттық рухты бейнелер еді. Нарқызыл – Алаш интеллигенциясын еске түсіреді. Маңдайын оққа тіреп, қан-қасап лагерьлердің мұздай суық камераларында жазықсыздан-жазықсыз оққа ұшқан қазақтың қаймақтары нағыз Нарқызылдар еді.
Ақын Айтұлының жазбасында да айтылады: Мағауинді ұлттық рухқа шомылдырып тәрбиелеген Мағауия ақсақал Алаш арыстарымен аса тығыз қарым-қатынаста болған. Шәкәріммен бірге аң қаққан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты арыстар Шәуешекке бара жатқан жолда сол ақсақалдың үйіне түскен. Мұхтардың өз әкесі де ұлтшылдығы үшін түрмеге түсіп, Воркута лагерінде Әлімхан Ермекұлымен бірге отырады.
Алаш арыстары – бұлар нағыз Нарқызыл арғымақтар еді. Ал Кеңес өкіметі үшін олар жай ғана цифрлар. Орындалған жоспарлар, өтірік берілген есептер ғана...
Арғымақ – еркіндіктің символы еді. Ең қорқыныштысы, тұлпарларды тұсаулаған, шын жүйріктерді шідерлеген топас жүйенің қортық комплекстері біз өмір сүріп отырған жаңа қоғамда әлі де бары үрей тудырады.
Әрине, «Хайуандар фермасында» жеке-жеке тоқталуға тұрарлық кейіпкерлер жетерлік. Біз алайда қазақ рухымен қанаттас арғымақтар трагедиясын ғана шендестіргенді жөн көрдік.
Наполеон билігі – нағыз Сталиннің темірдей суық жүйесі еді. Жалған уәделермен жұрттың санасын улаған өтірік ұрандар жаңа жүйені орға жығады. Орға жығып қана қоймай өздері әу баста зорға құтылған адамдармен бұл Наполеон кейін ауыз жаласады.
Шығарма да солай аяқталады. Кешкісін үйдің ішінде екі аяғымен қаздаң-қаздаң басқан мегежіндер, адамдардың киімін киіп алған қабандар басқа ферманың бақташыларымен әмпей-жәмпей көзе қағыстырып, шарап ұрттап жатады. Олардың аяр да сатқын бейнелерін сырттан бақылап тұрған басқа момын да қорқақ хайуандар үйдің ішіндегілердің қайсы адам, қайсы шошқа екендіктерін аңғарудан қалады.
Түйіні сол, биліктің кімге ауысса да халықтың ауызы аққа, ауы атқа жарымайтындығы ғой. Оруэлл осыны айтқысы келді.
Бұл Оруэлл – шынымен кеңестік жүйеге керемет карикатура жасаған озық қаламгерлердің бірі еді.