Экономика • 05 Сәуір, 2021

Көктемгі егіс қарсаңындағы қарбалас

469 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең астықты аймақтың санатындағы өңір диқандары көктемгі шешуші шаққа қапысыз қамдану үстінде. Биыл егіс алқабы да ұлғайтылмақ. Демек, диқан иығына түсер жүк те, жауапкершілік те еселене түспек.

Көктемгі егіс қарсаңындағы қарбалас

Ақмолалық диқандар 5 млн гектар алқапқа егін егуді межелеп отыр. Оның 4,5 млн гектары дәнді дақылдар. Бұл арада өткен жылмен салыстырғанда көп-көрім өсім барлығын айта кетуге болар. Дәнді дақылдар ал­қаптары 68,2 мың гектарға ұл­ғаяды. Жаз жайлы болып, жер­ден беріп, көктен иісе, ел ішін ғана емес, сыртқы саудаға да несібе болуы мүмкін деген үлкен үміт бар. Азық-түлік да­қыл­дарымен қамтамасыз ету қа­шанда айрықша маңызға ие екендігі белгілі. Осы орайда 214 мың гектар жерге майлы дақылдар егілмек. Бұл тарапта да ілгерілеушілік бар. Майлы дақылдар егілетін алқап көлемі 1,2 мың гектарға көбейтіледі. Жалғыз азық-түлік қана емес, мал шаруашылығымен де мық­тап айналысатын өңір үшін мал азығын ескермесе та­ғы болмайды. Бұл орайда 200 мың гектар танапқа мал азығы да­қыл­дарын егу көзделуде. Жо­ғары­дағыдай салыс­тыратын бол­сақ, бұл орайдағы алқаптар ауқы­мы 15,7 мың гектарға ке­ңей­тілмек. Демек, жыл санап басы өсіп келе жатқан төрт түлік мал да сапалы, құнарлы азықпен то­­лайым қамтылады деп айтуға болар. Әрине күні бұ­рын тон пішкен де қисынға келе бермес. Жер емшегін емген елде «балапанды күзде санайды» дейтін де мәтел бар. Әйтсе де ақмолалық диқан­дар­дың ел игілігін молай­туға деген құлшынысы құптарлық. Екінші бір қырынан алғанда, бос жатқан мыңдаған гектар жер игеріліп, кәдеге асады. Егін шаруашылығымен айналысатындар ғана емес, ел де берекелі тірліктің игілігін көрмек.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырма­сына орай азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге мей­лін­ше көңіл бөлініп отыр. Бұл пі­кірімізді дәлелдеу үшін 10 мың гектар жерге қарақұмық, 21 мың гектар жерге картоп, 33 мың гектар жерге күнбағыс егі­ле­т­індігін айта кетуіміз керек.

Егін шығымы әлбетте тұ­қым­ға байланысты. Тұқы­мы тәуірдің өнімі де берекелі бол­мақ. Былтырғы жиын-терін аяқ­талған соң іле тұқым да­йын­дауға кіріскен диқан­дар­дың қамбасында 530 мың тоннадан астам тұқым бар. Сапасы туралы сөз сабақтағанда, аражігін ажы­рата айтқан ләзім. Қолда бар тұқым облыс диқандарының көктемгі егіске қажеттілігін 100 па­йыз өтей алады. Тұқымның 169,6 мың тоннасы бірінші, 125,7 мың тоннасы екінші, 20,5 тон­насы үшінші сыныпты. Демек, әне бір жылдардағыдай дәл науқан үстінде тұқым іздеп ешкімге қол жаймайтын мүм­кін­шілік бар. Облыстың тұқым шаруашылықтары диқандарға қа­жетті мөлшерді өздері-ақ қам­­­тамасыз етіп отыр. Бұл да үл­кен жетістік. Шығын азайып, өзіндік құн біршама арзандайды. Әрі сенім де берік болмақ. Айталық, 36 элиталық тұқым шаруашылығы 30 мың тоннадан астам тұқым сатты. Оның 17 мың тоннасы – элиталық тұқым.

Қазіргі күні көктемгі егіске қажетті қолда бар техника тегіс жөн­делуде. 99 пайызы дайын. Көктемгі егіске 16 мың бірлік тұ­­қым сепкіш, 1 300 жо­ға­ры өнім­ді егіс кешендері қа­тыс­­ты­ры­лады. Жыл басынан бері 4,3 млрд теңгеге 170 ауыл шар­уа­­шылығы техникасы саты­лып алынды. Әрине ескірген техника әлі де танаптар­да кез­десе­тін­ді­гін жасыруға болмас.

– Егер техника толық даяр болмаса, ойға алған істің сапалы орындалуы мүмкін емес, – дейді Зеренді ауданындағы шаруа қожалығының өкілі Құлан Батыров, – ең өзекті мәселе – механизаторлардың тапшы­лы­ғы. Аға буын әлдеқашан зейнет демалысына шығып кетті. Кейінгі толқын бейнеті көп жұ­мыс­қа бел буып бара бер­мей­ді. Егер тәжірибесі то­лыс­қан, ж­ұ­мыс­қа деген ынтасы мол жас­тар болса, еңбек те өнімді болар еді.

Еңбек өнімділігі үшін ауыл шаруа­шылығы құрылымдары қолда бар мүмкіндікті пайда­лана отырып техниканы тегіс жаңартуға тырысқандары жөн. Көктем жауын-шашынды болса егіс жұмыстары кешеуіл­деп, мерзімінен кеш аяқта­ла­­тын да көріністердің орын ала­­тын­дығын жасыруға болмас. Мол өнімнің бір кепілі тыңайытқыш екендігі даусыз. Қазір­гі күні 12,2 мың тонна ми­не­рал­ды тыңайтқыш дайындалып, оған қоса 31,2 мың тоннаға келісімшарт жасалып қойды.

Өңірдегі астықты ауданның бірі – Жақсының жалпақ даласында да көктемгі егіске қар­ба­лас күшейген. Осы жылы ауданда егіс көлемі 476,2 мың гектарды құрамақ. Басты бағыт – дәнді дақылдар. Бұл ша­мамен 47,4 мың гектарды алады. Майлы дақылдар мен көкөніс көлемі 25,6 мың гектар­ға жеткізілмек. Өндірісті әр­т­араптандыру шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату да ауданда оң жолға қо­йыл­ған. Соңғы жылдардағы жағымды жаңалықты сыналап енгізе кетелік. Аудандағы жаңа­шыл, озат ұжымның бірі есебіндегі «Урожай» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігінде құны 2,6 млрд теңге бо­ла­тын өндіріс ырғағы толық автоматтандырылды. Жоғары өнімді италиялық жаб­дық­тар­мен қамтамасыз етілді. Өнімді өңдеуге көңіл бөлу табысты да еселей түспек. Бұл серіктестік жылына 12 мың тонна жарма дайындай алады. Осындай жаңалыққа жаны құмар жандар көктемгі егіске де барынша ден қойып отыр.

Соңғы жылдары аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер пайдалы дақыл – жасамық пен бұршаққа көбірек көңіл аудара бастаған. Сондай-ақ жаздық рапс, майлы зығыр, қыша дақылдарына да мән беріліп отыр. Өткен жылы 70 мың гектардан астам жерге мал азығы егіліп, ысырапсыз жиналып алынды. Жемшөп егуге оң көзқарас – мал шаруашылығы саласын дамытуға да көп-көрім ықпал етуде. Сабақтастыра дамыту арқылы үйірілген игілік те аз емес. Берекенің бастауы қол­жетімді мемлекеттік бағдар­ла­малар болып отырғанын да айта кетуіміз керек. Тұқым сапасын тексеретін зертхананың деректеріне қарағанда, қолда бар тұқымның 91 пайызы жоғары өнімді.

– Көктемгі егіс өте жауапты науқан, – дейді аудан әкімі Бауыржан Малғаждаров, – негі­зі­нен дайынбыз. Тұқым шар­уа­шы­лықтарының үлесі мол. Қазір элиталық бидайдың 1 тон­насының бағасы 140 мың теңгеден 160 мың теңгеге жетіп отыр. Бір жақсысы, біздің өңір­дің диқандары тұқымды шеттен са­тып алмайды.

Облыс диқандары көктемгі дала жұмыстары кезінде қара­жат­тан қысылмайтын сыңайлы. «Қазагро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ филиалдарына жал­пы құны 8,1 млрд теңгені құ­рай­тын 184 өтінім түссе, оның 6 млрд теңге көлеміндегі 150-і қа­нағаттандырылған. Ауыл шар­уа­шылығын қол­дау қоры арқылы 18 ірі ауыл шаруа­шы­лы­ғы тауарын өндірушілер 83 млн теңгеге несиелендіріліп отыр. Бұл арада несиенің пайыздық үстемесі 4-6 пайыз көлемінде екенін айта кетуге болар. Ел ер­теңі үшін еңбек көрігін қыз­ды­рып жатқан диқандарға көп-көрім көмек.

Облыс диқандарына қажетті жанар-жағармай жеткізілуде. Наурыз айында 34 мың тоннасы арнайы орындарға құйылып алынса, сәуір айында 18 мың тоннасы тасымалданады. Ке­лі­сім­шарт жасалған.

Әзірге диқан қауым көктемгі дала жұмыстарына қапысыз қам­данған іспетті. Ендігісі таби­ғат­тың жомарт пейіліне байланысты.

 

Ақмола облысы

 

Соңғы жаңалықтар