Антикалық дәуірде ежелгі гректер «Атомистика» философиясына сенген. Яғни Левкипп, Демокрит, Эпикур бастаған ойшылдар әлем атомдардан құралғанын айтып, ғаламдардың көптігіне сенген. Кейінірек ғалымдар бұл ұғымды одан әрі жетілдіріп, «мультиғалам», «параллель әлем» деген секілді жаңа түсінік қалыптастырды.
Бізге белгілі ғалам (observable universe) – өте үлкен. Оның бір басынан келесі басына жету үшін миллиардтаған жыл кетеді. Былайғы жұрт үшін ғаламның үлкендігін аңғару қиын.
Ал ғалымдар бізге белгілі ғаламнан бөлек тағы да әлем бар деп есептейді. Не параллель әлем бар, не ғалам өте көп. Академиялық орталықта бұған қатысты пікірталас әлі күнге жүріп жатыр. Қысқасы, ғалымдардың пайымдауынша, біздің ғалам жалғыз емес. Рас, әзірге теорияларды дәлелдеудің не жоққа шығарудың сәті түскен жоқ.
Қазіргі таңда солардың ішінде «Ішек теориясының» (String theory) бәсі жоғары. Аталған теорияға сүйенсек, әлемдегі бүкіл материя өте кішкентай бөлшектерден құралған. Олар ғылымға мәлім ең кішкентай кварктар, бозондардан да кіші. Олар ішек секілді, тоқтаусыз тербеледі. Домбыраны тартқанда әр пернені басқан сайын түрлі дыбыс шығатыны секілді, мұндай ішектер де тербетілуіне қарай түрлі бөлшектерді қалыптастырады.
Сонымен қатар «Ішек теориясы» бізге белгілі әлем үш өлшемді – ұзындық, ен және биіктіктен, сондай-ақ уақыттан бөлек тағы 7 өлшемді қарастырады. Жоғарыда айтылған ішектер осы өлшемдерде есептелмек. Осылайша, «мультиғалам» мен паралелль әлемді дәлелдеуге мүмкіндік туады.
Танымал физик әрі теоретик Митио Каку мұны былай түсіндіреді. Бөлмеде радиоқабылдағыш бар делік. Оны қоспайынша әуе толқынында тарап жатқан жаңалықты естіп, музыканы тыңдай алмайсыз. Радиоқабылдағыштың толқынын ауыстырсаңыз, келесі радионы тыңдайсыз, тағы ауыстырсаңыз басқасын естисіз. Өшірсеңіз, тыныштық орнайды. Бірақ бөлмеде әуе толқыны тарауын жалғастыра береді. Оны естімесек те, бар екені анық.
Ендеше, көп өлшемді әлем мен параллель әлемге өту үшін де радиоқабылдағышты ауыстырғанымыз секілді әрекет жасауымыз қажет. Яғни әуе толқыны түрлі жиілікте тарап жатқаны тәрізді «мультиғалам» түрлі жиілікте болуы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, адамзат әзірге ондай технологияны ойлап таба алған жоқ.
Бір қызығы, ғалымдарды әуре-сарсаңға салған параллель әлемнің мысалдарын күнделікті қарапайым өмірден байқау қиын емес. Алысқа бармай-ақ мемлекеттің миллиардтаған қаржысын жымқырғандар ауыр жазадан құтылып, «шелек жалағандар» тұтылып жататынына етіміз үйреніп кеткен. Осындайда қалталыларға арналған заң қарапайымдардан бөлек параллель әлемде жазылатындай ма деген ой келеді.
Жыл сайын сан түрлі бағдарламалар қабылданады. Бірақ олардың басым бөлігі шынайы жағдайды ескерілмей жасалатынын мемлекет басшылары талай мәрте сынады. Ендеше, мұндай бағдарламаларды құрастыратындар – басқа әлемде, қарапайым халық бөлек әлемде тіршілік ететінін айғақтайды.
Елордамызда баспана таппай, лашық жағалап жүргендер жетерлік. Есептеп қарасақ, астанада 300 мыңдай пәтер бар екен. Қала халқы миллионнан асқанына көп болмағанын ескерсек, шаһарда отбасы санынан баспана саны көп екені айтпаса да түсінікті.
Осыдан екі жыл бұрын бес баланың осындай лашықтың бірінде түтінге тұншығып өлгені мәлім. Биыл пәтер жағалап жүрген тағы бір көп балалы отбасы осындай қайғыға душар болды. Қарапайым халық түтінге тұншығып жүргенде миллиардтаған қаржыны қалтасына басып, шетелден қымбат виллалар сатып алып жатқандар қаншама. Осының өзі параллель әлем емей немене?! Қорыта айтқанда, бәріміз бір елде мекен етсек те, біріміз бір «жиілікте», келесіміз басқа «жиілікте» өмір сүреміз.