Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің кеңейтілген алқа отырысында педагогикалық университеттерде педагог мамандарын дайындағанда қашықтан білім берудің әдіс-тәсілдері бойынша міндетті пән және міндетті модуль енгізілетінін, сондай-ақ біліктілікті арттыру курстарында да осы мәселеге қатысты тиісті модуль қосылатынын айтты. Өте орынды шешім. Десек те бір маңызды мәселе ескерусіз қалып кетті. Мұғалімдер пандемия кезіндегі шұғыл шешімге байланысты қашықтықтан оқыту бойынша қысқа мерзімді курстардан өтті. Осындай курстармен мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері де қамтамасыз етілуі қажет. Өйткені балабақшаның мектепке даярлық және ересек топтарында балалар мектепке дайындалады, кейбірі тіпті оқушы ретінде 0 сыныпты мектепке дейінгі ұйымнан бітіреді.
Шыны керек, пандемия кезінде балабақшалар жабылып, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру процесі тоқтағанда соған дейінгі еңбегіміздің еш кететініне алаңдадық. Расымен де ұзақ үзілістен кейін келген балалар білгенін ұмытып қалған. 3-4 күнге созылатын мерекелік демалыстардан кейін де балалар біраз уақытқа дейін балабақшаға үйрене алмай, бұрынғы тақырыптарды есіне түсіре алмай жүретінін өз тәжірибемізден анық білеміз. Ал балабақшалар айлап жабылғанда жағдайдың қандай болғанын өздеріңіз пайымдай беріңіздер. Сондайда тым болмаса жоғары топтың тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері қашықтықтан оқытумен мектепте білім алуға қажетті ең негізгі (буындау, оқу, жазу, сурет салу, санау секілді) дағдыларды игеруді жалғастыра бергенде кейін 1 сыныпты үйден оқуға дайын болар еді.
Кейбір облыстарда эпидемиялық ахуалдың нашарлығына байланысты 1 сыныпты қашықтықтан оқығандар бар. Обал-ақ. Ал сол балаларда білімнің іргетасы қалай қаланды? Біз олардың болашағына қиянат жасаған жоқпыз ба? Міне осы сұрақ мазалаған кезде шынымен де шұғыл іске кірісуге тура келетінін түсінеміз.
Ең алдымен әрине, мектепке дейінгі ұйым педагогтерін қашықтықтан білім беру бойынша біліктілік курстарынан өткізген абзал. Мамандар жаңа жағдайдағы жаңа талапқа сай болса, балаларды өздері-ақ тәрбиелейді. Бұл әлбетте бәрімізге таныс екінші бір мәселені тудырады. Мектептер қашықтықтан оқытуға көшкенде оқушыларға техника таппай қиналдық. Сондай түйткіл балабақша балаларында да болатыны заңды. Дегенмен ең болмағанда әріптерді тану мен санауға қатысты 1-2 тапсырманы 10-15 минут ата-анасының немесе үйдегі бір ересектің смартфонынан орындап жіберуге мүмкіндік қалайда табылады.
Қанша жылдық тәжірибемізден және соңғы уақыттағы ата-аналардың алаңынан осындай мүмкіндікке олардың да мүдделі екенін білдік. Себебі балабақшалар уақытша жабылып, тәрбиеленушілер келмей қалғанда ата-аналары тынымсыз хабарласып, балаларына тапсырмалар сұратты. Балаларға арналған электронды оқулықтар бар, сондай-ақ танымдық тұрғыда ойын құралдары да жеткілікті. Міне, сондай көмекші көрнекіліктердің көмегімен тақырыптарды түсіндіре беруге болады. Сөзсіз, мұның бәрі де маманның кәсібилігіне келіп тіреледі. Дегенмен білікті кадрдың өзін әрдайым жаңа жүйе бойынша оқытып отыру қажет. Біз көбіне оқушылардың сабағына, оқуына алаңдаймыз. Бірақ балаға балабақшада дұрыс тәрбие мен білім берілсе, мектепке барғанда мұғалім мен ата-анаға салмақ салмай, өздігінен оқып кететінін естен шығарып аламыз. Біз осы олқылықтың орнын толтыруға тиіспіз.
Қазақстанның ғана емес, әлем елдерінің білім беру жүйесі жаңа міндет жүктейтін жаңа бағытқа бет алды. Біз өз қалауымыздан тыс қашықтықтан оқыту форматына көшкеніміздей, бұл бағытқа бейімделуге мәжбүрміз. Өйткені түптің түбінде қашықтықтан оқыту технологиясы заман талабына айналады. Ал білім беру жүйесі қашан да жаңа заманның талабына сай болуы керек.
Гүлсім БАЙЖАНОВА,
«Бегім ана» балабақшасының әдіскері
ҚЫЗЫЛОРДА