Тарих • 05 Сәуір, 2021

Көзі тірі куәгерлердің естеліктері

762 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қалың қазақтың басына төн­ген ашаршылық нәубеті Әулие­ата өңірін де айналып өткен жоқ. Жақында осы аймақтың Та­раз қаласы және Байзақ, Жуалы, Жамбыл, Қордай, Мер­кі, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Тұрар Рысқұлов, Шу ауда­нын­да тұратын ашаршылық куә­герлерінің естеліктері топ­тастырылған «Әулие-Ата өңі­ріндегі ашаршылық» кіта­бы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты маман­дары­ның жетек­шілігімен жарыққа шықты. Құн­ды басылымға жекелеген аза­маттардың естеліктері ғана емес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз қалалары архивтеріндегі Жамбыл облысының әрбір ауданына қатысты нәубет жылдар жайлы деректер де енгізілген.

Көзі тірі куәгерлердің естеліктері

Бұл еңбек өлкетанушы Тұңғыш­бек Байқұловтың зерт­теулері негі­зінде институт ға­лым­дарының же­тек­­­ші­лігімен жазылды.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инс­ти­тутының директоры Зия­бек Қабылдиновтің айтуын­ша, шалғай­дағы қазақ ауыл­дарындағы адам­дар­дың тағ­дырына қатысты ашар­­шылықтың қасіретке толы тарихы жазылмайынша, тарихшылар үшін бұл мәселе күн тәртібінен түс­пейтіні анық.

Жаңа жинаққа архив қорлары­нан табылған тың құ­жат материал­дарымен қатар, Әулиеата өңірін­дегі нәубетті жылдардың бүгінгі күні көзі тірі куәгерлері болған қария­лар­дың естелік-әңгімелері, фото­суреттері еніп отыр. «Әулиеата өңі­ріндегі ашар­­шылық» жобасын іске асыру мақ­­сатында алапат ашар­шылық туралы куәгерлердің естеліктерін жазып алу­мен қатар, архивтердегі деректерді жинас­тыруда сандық түбінде жатқан сар­ғайған қағаздар табылды. Жасы жүз­ге келіп қалғанына қара­мас­тан, көңіл түкпіріне бұғып қал­ған нәубет күндер жайындағы есте­ліктерді шама-шарқынша жет­кізуге тырысқан куәгерлердің бас­тан өт­кен ауыртпалығы аз бол­маған. «Ал­дымен малымызды алды. Одан кейін жанымызға бұғау салды. Бас­ты соққы елді асырап отырған байларға тиді. Одан кейін халықтың сөзін сөйлейтін азаматтарға ноқта кигізді. Көнгенін де, көнбегенін де атты. Байлармен бірге ауыл ақ­сақалдары мен орта шаруалар, молдалар қуғынға түсті. Бейбіт елдің берекесі қашып, ошағын ой­ран­даған дүрбелең келді. Ағайын­нан ақыл, күштіден күш кетіп, алмағайып заман туды...»,  дейді олар.

Ел басына түскен ауырт­па­лықтан ерте есейіп, ересектермен бірге ашаршылықтың кер­мек дәмін татқан Мекемтас Мырзахметов, Сейітқұл Смайы­лов, Жамбыл Бесбаев, Мәрзия Ибра­гимова, Әшірбек Сәрсенбиев, Сайлаухан Ашанов, Есіркеп Бейсенов, Сейітқұл Смайылов, Өмірбек Медетбеков, Абдулхалил Маюфи, Ермек­бай Ақылбаев, Қабыл Ібі­жанов, Алтын Досжанова, Мы­салы Махамбетов, Мәкіш Қуанышбеков, тағы басқа соғыс және тыл ар­дагерлері ел басына күн туған жылдардың зардабын әлі күн­ге көңіл түкпірінен өшірген жоқ.

Нәубет куәгерлерінің ай­туынша, елдің аштан қырылып жатқанына қарамастан, өкіметтің шолақ белсенділері халықтың соңғы азығына дейін аузынан жырып, сыпырып алып отырған. Аштыққа тап болған ағайын-туыстарының, ауылдастарының қамын ойлаған бірлі-жарым ақыл-парасатты жандарға жазық­сыз жала жабылған. Үйінде бір үзім нанға зар болып, аштан қиналған бала-шағасына егіс даласынан бір уыс бидай алғаны үшін айыпталып, Сібірге айдалып, сол жақта опат болғандар қаншама. Осы орайда тарихшы ғалымдар атап өткендей, жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қазақ халқының басына төнген зұлматты ауыр кезең туралы кеңейтілген ақпарат алу қажет екенін бір сәт те ұмытуға болмайды.

 

АЛМАТЫ