Медицина • 05 Сәуір, 2021

Алматылық дәрігерлер өкпесінің 96%-ы зақымданған зейнеткерді құтқарды

236 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

22 наурызда Орталық қалалық клиникалық ауруханаға 67 жастағы науқас ауыр халде жеткізілген.

Алматылық дәрігерлер өкпесінің 96%-ы зақымданған зейнеткерді құтқарды

Дәрігерлер тексеру кезінде Covid-19-ды анықтап, екі жақты полисегментальды пневмония диагнозын қойған еді. Компьютерлік томографиядан өту кезінде науқас өкпесінің 96%-ы зақымданғаны анықталған.

Науқас әйел жүре алмаған, ауа жетпей, тынысы тарылған.

Науқас бірден жансақтау бөліміне жеткізіледі.

Орталық қалалық клиникалық аурухананың реанимологтары 8 күн ішінде ауыр науқастың жағдайын тұрақтандырып, жансақтау бөлімінен палатаға шығарады. Осы күндері науқас Бобров жүйесі бойынша ылғалданған оттегімен тыныс алған.

Мамандар оттегі беретін құрылғыларды және басқа медициналық құралдарды қолданды.

Дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің арқасында әйелдің жағдайы жақсарған.

«Емдеу науқастың қосалқы ауруларына қатысты күрделене түсті. Науқаста артериялық гипертензия, жүрек-тамыр жеткіліксіздігі, ишемиялық кардиомиопатия болды. Бүгінде жағдайы жақсарған науқас ауруханадан шығарылады. КТ-ны қайта жасау кезінде емделушінің жағдайының жақсы екені байқалды. Науқас амбулаториялық ем алып, учаскелік дәрігердің бақылауында болады, қажет болған жағдайда оңалтудан өтеді»,  дейді емдеуші дәрігер Ихтияр Байжанов.

Өз кезегінде әйел дәрігерлерге алғысын білдірді.

«Қазір жамандықтың бәрі артта қалды. Аурухананың барлық медицина қызметкерлеріне, дәрігерлерге, кіші медицина қызметкерлеріне үлкен рахмет. Сіздер маған екінші өмір сыйладыңыздар. Мен сауығып шықтым, бүгін отбасыммен, балаларыммен кездесемін. Мен қолдау және медициналық көмек көрсеткендері үшін барлығына алғыс айтамын», деді сауығып шыққан науқас.