Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимовтың айтуынша, 1 сәуірден бастап жылу электр стансаларының (ЖЭС) шекті тарифі тағы да 15 пайызға көбейеді. Энергия өндіруші ұйымдардың тарифті ұлғайту туралы ұсынысын қарастырған министрлік осындай шешім қабылдаған. Одан түскен қаржы сол стансаларды жаңғыртуға жұмсалмақ. Елдегі энергия өндіруші 45 ұйымның 37-сінің шекті тарифтері ұлғайтылмақ.
Қазақстандағы энергия өндіруші стансалардың көбі XX ғасырдың 60-70-жылдарында пайдалануға берілген. Соның біразы тоза бастаған. Енді соларды жұмысқа дайын күйде ұстап отыру үшін қыруар қаржы керек.
– ЖЭС-тердегі жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасы алаңдаушылық туғызады. Себебі лайықты қаржыландыру болған жоқ. Жұмсалған шығынның өзі қажеттіліктерді толық көлемде жаба алмайды, – дейді Қ.Рахимов.
Жөнделмейтін стансалар тиісті энергияны да өндіріп бере алмайды. Қаржы бөлінбегендіктен апат та көп, техникалық ажырау саны да артып барады. Былтыр еліміздің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде 4 458 технологиялық бұзылу тіркелген. Тарифті көтеру осыншама қиындықты еңсеріп қана қоймай, күз-қыс маусымында толық көлемде жөндеу жұмыстарын атқаруға мүмкіндік сыйламақ. Қала берді, баға өсімі арқылы 23 мың жұмыс орны сақталады дейді ведомство.
Елімізде электр энергиясын өндірудің шекті тарифі заң бойынша 7 жылға бекітіледі. Алайда энергия өндіруші ұйымдар «Электр энергетикасы туралы» заңды алға тартып, егер өндіріс шығыны артып кеткен жағдайда шекті тариф көлемін қайта қарау бойынша кезектен тыс өтініш бере алады. Былтыр 35 ЖЭС сол мүмкіндікті пайдаланып, нәтижесінде тариф көтерілген еді.
Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың басынан бастап отын сатып алу құны – 9,9, жаңғырмалы энергия көзінен алынатын электр энергиясының тарифі 9,3 пайызға өскен. Тарифтегі бюджет төлемдері мен жүйелік оператордың қызмет ақысы да қымбаттады. Соңында министрлік 2019 жылы бекітілген тарифті орташа 16 пайызға қымбаттатуға мәжбүр болды. Себебі сол кезде бекітілген тариф елдегі бір киловаттық өндірістің құнын да жабуға қауқарсыз болған. Қысқасы, ЖЭС бастан кешіретін қиындық аз емес. Мәселен, былтыр жыл соңында «Қаражыра» мен «Богатырь көмір» ЖШС-дегі көмір құны 8,6 және 9,9 пайызға өсті. Өз кезегінде оны стансаға жеткізу құны да өседі. Айлық есептік көрсеткіштің өсуі де шығынды арттыра түскен. Бұдан өзге, электр стансалары төлейтін салық бар. Міндетті төлем биыл 14 млрд теңгеден асқан. Экологиялық төлем 2016 жылы 7,4 млрд теңге болса, биыл бұл төлем көлемі 13,2 млрд теңгеге жетіпті. Сонда жеті жылды былай қойғанда, бекітілген тариф бір жылдың өзінде-ақ шығынның шым тереңіне бір-ақ батырды деп зар қақсайды жылу электр стансалары.
«Орталық Азия электрэнергетикалық корпорациясы» АҚ басшылығының айтуынша, егер тариф көтерілмесе сала біржола құрдымға бет алады. Өйткені мемлекеттен ешбір қолдау жоқ. Тіпті электр энергетика саласы 2020 жылдың соңына дейінгі экономикалық өсім жөніндегі кешенді жоспарға да кірмей қалған.
Осы сала сарапшысы Әсет Наурызбаевтың айтуынша, министрліктің тарифті көтеруі орынсыз һәм негізсіз.
– 15 пайыз – инфляциядан да жоғары. Осы шешім арқылы Энергетика министрі электр энергиясы генераторының пайдасына қалтамыздағы ақшаны қағып түспек. 15 пайызды 10 тг квт/сағатқа көбейтіп, оны бір жылдағы 100 млрд квт/сағатқа көбейтер болсақ, жылына 150 млрд теңге жиналады деген сөз. Сонда бес жылда 750 млрд теңге немесе 1,8 млрд доллар жиналады. Бұл ақшаға қуаттылығы 1800 МВт-тан асатын күн батареяларын салып тастауға болады, – дейді сарапшы.
Энергетика саласында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеген білікті маман Жақып Хайрушев мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, Қазақстан күн батареяларының игілігін көруге әлі дайын емес.
– Күн стансаларының белгіленген қуаттылықты пайдалану коэффициенті 10-25, ал жел стансаларының көрсеткіші 25-35 пайызды құрайды. Алынатын қуаттылық мөлшері күннің ұдайы жарық болуына және жел екпініне байланысты. Олардан бөлінетін қуаттылықты жинақтап тұратын құрылғы керек. Бізде ондай жоқ. Біздегі жаңғырмалы энергия көздері жинақтаушысыз салынады және электр энергиясын бірден электр желілеріне беріп тұрады. Әрине бұл пайдалы. Бірақ бұл кешенді құрылыс пен түбегейлі жаңаруды талап етеді. «Жасыл» генерациядан бөлінетін электр энергиясын сақтап отыруға үлкен көлемде шығын жұмсалады. Жалпы, жаңғырмалы энергия көздерін дамыту керек деп есептеймін. Меніңше, бұл елдегі бүкіл электр энергиясы инфрақұрылымымен қоса дамуы керек. Алайда біздегі инфрақұрылым 60-70 пайызға тозып кеткен. Ондай ескірген технологиямен даму қарқынына ілесу қиын, дейді Ж.Хайрушев.
Дәл қазір кімнен сұрасақ та тарифті көтеруден басқа амал қалмағанын айтады. Себебі ақшаға жарымай отырған салада жалақы да тым мардымсыз. Сондықтан жастардың энергетик болсам деген ықыласы да жоқ. 2016 жылы салада 26 мың адам жұмыс істесе, содан бері 3 мың адам жұмыстан кеткен. Энергетикалық станса басшылары қызметкерлерінің зейнет жасына тақап қалғанын, жастарды жұмысқа шақыра алмай отырғандарын айтып зар қақсайды. Басшылық жалақыны көтерейін десе оған тариф мүмкіндік бермейді. Олар әбден тозығы жеткен құрылғыларды қосып-жалғап, елге жарық жеткізіп отырғанымызға тәубе қылыңдар дейді.
Осы салада біраз жылдан жұмыс істеп келе жатқан Мұсақбар Рамазанұлы энергетика саласында ұрпақтар сабақтастығының ұмытылып бара жатқанына қынжылыс білдірді.
– Бұл бір күнде іске асатын шаруа емес. Ол жылдар бойы қалыптасады. Қазір осы үрдіс жоғалып барады. Жұмыс істеп жүргендердің көбі үлкен кісілер. Меніңше, мемлекет көңіл бөлмейтін болса бұл саланың жұмысы ақсай береді, – дейді инженер-энергетик.
Оқтын-оқтын шығып жататын ақпараттар да саланың күні батып келе жатқанын меңзейтін секілді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің өзі айналасы 2-3 жылда энергия тапшылығына ұрынамыз дейді.
– Иә, қазір жыл сайын 106 млрд квт/сағат электр энергиясын өндіріп, профицит жағдайына жеттік. Бірақ бірер жылда тапшылықпен бетпе-бет келетініміз ешкімге құпия емес, – деген еді С.Жұманғарин.
Оның айтуынша, 2025 жылы ЕАЭО-да энергия тасымалдаудың ортақ нарығының жұмыс істей бастауы бізді тығырықтан шығаруы мүмкін. «Бізде генерацияның 48 пайызын мемлекеттік компаниялар өндіреді. Ал энергетикаға мемлекеттің араласуы бұл саладағы бәсекелестікті дамытпайды» дейді спикер. Дәл қазір елімізде 155 электр стансасы бар болса, соның 69 пайызы көмір тұтынады, тек 9 пайызы ғана – гидроэлектр стансалары.
Тарифтің 15 пайызға қымбаттауы салдарынан енді қазақстандықтар электр энергиясы үшін шамамен бұрынғыдан 200 теңге артық төлей бастайды. Ал елімізде халықтың әл-ауқатына байланысты әркім әртүрлі тарифпен төлеуі керек деген әңгіме де көтеріліп келеді. Сарапшы Ж.Хайрушев халықтың да қалтасына ауыр соқпайтын, мемлекетке де пайда әкелетін әділетті тариф енгізілуі керек деген ой айтты.
– Электр стансаларының жабдықтары тым тозып кеткен. Әділетсіз тариф орнату және оны жасанды оқшаулау осыған жеткізіп отыр. Генерация секторы үшін мемлекеттен қолдау керек емес. Сапалы жөндеу жүргізуді, отын және жабдық (90 пайызы шетелде дайындалады) сатып алуды қамтамасыз ететін, жұмысшыларға лайықты жалақы төлейтін және арнаулы техникаларды жаңартатын әділетті тариф орнату керек. Сала біржола күйрей қоймас, бірақ қатты жел екпіні немесе экстремалды төмен температураларда апатты жағдайлар туындап, бұл электр энергиясының үзіліп қалуына және үйлерде жылу деңгейінің төмендеп кетуіне әкеліп соғуы мүмкін. Меніңше, табиғи монополиялар субъектісі болып саналатын электр желісі компаниялары үшін тарифтерді қалыптастыру әдісі әділетті нұсқа болар еді. Айта кетер жайт, энергия өндіруші ұйымдар үшін тарифтерді өсіру халыққа тікелей әсер етпейді. Жергілікті атқарушы органдарда тариф қымбатшылығына ұрындырмайтын көптеген механизм бар, – дейді ол.
Салада қордаланған мәселе көп. Жалақы аз, құрылғы ескірген, стансалар модернизацияға зәру, шикізат қымбат, оны жеткізу құны да жыл санап өсіп барады. Бұлай жалғаса берсе ел айналасы бір-екі жылда электр энергиясы тапшылығына ұшырап, энергетикалық коллапсқа тап болуы ықтимал. Мұндай ахуалдағы салаға инвестиция тарту да қиын. Себебі олар да түбінде пайда көруді қалайды. Ал отандық жылу электр стансаларынан инвестор тұрмақ, стансаның өзі пайда таппай отыр. Ақша жоқ болса жаңа құрылғы да жоқ, модернизация да жоқ. Демек, ел тұрғындарының ұдайы болатын апаттарға бой үйрете бергені жөн. Бұдан шығар басқа байлам да жоқ сияқты.