Қазақстан • 06 Сәуір, 2021

Қазақстанда 6 мың шақырым автомобиль жолы реконструкцияланады

458 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда 6 мың шақырым автомобиль жолы реконструкцияланады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға қарай 12 мың шақырым жолды реконструкциялау және 27 мың шақырым жергілікті автожол желісін жөндеу бойынша ауқымды міндеттер қойылған. Биыл 1,2 мың км жол бойында көлік қозғалысын ашып, жалпы ұзындығы 6 мың км автомобиль жолдарын реконструкциялау, жөндеу және салу бойынша ірі жобаларды аяқтау керек. 

Талдықорған-Өскемен (768 км), Қарағанды-Балқаш-Қапшағай (645 км), Қалбатау-Майқапшағай (415 км) және т.б. сияқты ірі жобалар іске асырылады. Қызылорда-Жезқазған автожолының реконструкциясы жобасы жүзеге асырыла бастайды. Әкімдіктер 2,6 мың шақырым жергілікті автожолдарды салуды жоспарлап отыр. Жол бойындағы сервистің 125 жаңа нысанын салу көзделген.

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, жоспарланған жобалардың уақтылы іске қосылуын және биыл жыл соңына дейін бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Энергетика министрлігіне құрылыс маусымының қызған шағында бағалардың өсуіне жол бермей, барлық автомобиль жолдары жобаларына битумның мәлімделген қажеттілігін қамтамасыз ету тапсырылды. 

Премьер-Министр биылғы жылдың соңына дейін реконструкцияланған учаскелерде «ақы төлеуді» өнеркәсіптік пайдалануға енгізе отырып, автомобиль жолдарын өзін-өзі қамтамасыз етуге көшіру бойынша жұмысты аяқтау қажеттігін атап өтті, бұл автомобиль жолдарын нормативтік күйде күтіп-ұстауға мүмкіндік береді. Облыс әкімдіктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жол бойындағы сервис объектілерін жаңғырту және оларды Ұлттық стандартқа сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты жандандыру тапсырылды.

«Қойылған міндеттерді іске асырудың тиімділігі аса маңызды. Барлық іс-шаралар белгіленген мерзімдерде аяқталуы тиіс», деді А. Мамин.