Руханият • 06 Сәуір, 2021

Түркілер төрі – Түркістан

1637 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркітілдес, туыстас елдер жетекшілерінің жиыны қазіргі жағдайларға байланысты онлайн форматында өтті. Алайда Түркістанымызда ұйымдастырылмақшы болған ұлы жиынның мән-маңызы титтей де төмендеген жоқ. Баршаға аян, Түркістанды қайта түлету туралы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің әуелгі кезінен-ақ батыл ойларға берілгені белгілі. Тарихи Жарлығын жариялардан он тоғыз жыл бұрын Түркістанның орталық болатынын Ахмет Ясауи университетінде мағлұмдаған. Енді, міне, бүгінгі Түркістан екі-үш жылдың ішінде түрленіп, түлеп, гүлденіп шыға келді.

Түркілер төрі – Түркістан

Бүгінгі Түркістан – ата-бабалар аманатына, Алаш асылдарының  аманатына адалдықтың айқын айғағы.

Бүгінгі Түркістан – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының айрықша әрі нақтылы нәтижесі. Жемісі мен жеңісі.

Әрине, Түркістанды Түркілер төрі күйінде терең түсінбекке тағылымдайтын, ұлылығын ұждан ұнасымдарымен ұғындыратын әлем – Әзірет Сұлтан әлемі. Яғни, Ясауи кесенесі. Тайқазан бастаған жауһар жәдігерлер. Түркістан шаһарының түбінде туып-өскен Темірхан Медетбек:

«Лайласа – қайта тұнар тұнықпын,

Көмсе жерге – өніп шығар ұрықпын.

Алып қазан,

Берік қазан,

Тайқазан – қазаны бұл, қазаны бұл Рухтың!» - деп жырлаған.

Иә, Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті онлайн форматында өтіп жатты. Ал Түркістанымыз жыл сайын, ай сайын емес, тіпті сағат сайын өсіп-өніп, өркендеп-өрлеп бара жатқандай көрінді. Ахмет Ясауи ескерткішінің түбінде жастар қызғалдақ егіп жүр. Менің құрдасым Медетбектің жоғарыдағы «Тайқазан» жырын жатқа айтады. Әне, тағы да бірі Ұлықбек Есдәулеттің өлеңін оқи бастады:

«Қойныңда қыруар хикмет білімі жатыр,

Мүсілімдердің мархабат ілімі жатыр.

Қасиетің мен киеңді мойындады әлем,

Алдыңа келіп, бас иіп, жүгініп ақыр.

Ынтығып неге ұмтылар саған мұнша адам,

Қаншама ақын жыр арнап, қалам жұмсаған?!

«Ұлылық деген не?» десе, көрсетем сені,

«Қасиет деген не?» десе, қараймын саған!»

- дейді ақиық ақын.

Ай, айналайын, Алаш асылдары-ай... Мұстафа Шоқай: «Түркістан, тұтас бол!», Тұрар Рысқұлұлы: «Түркітілдес, түгел бол!» - демеп пе еді?! Саңлақтардың саммиті – аманаттарға адалдық. Абзалдық. Түркістан Декларациясы – дәлел мен дәйектің бір парасы. Елбасы Қырғызстанда өткен саммитте Түркістанға, Ахмет Ясауиге ерекше назар жыққан. Кешегі келелі жиында да кемел ойларын ортаға салды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан шаһары мен Ясауи мәселесін ту етіп көтеруді мәністеді.

Ізгілік ілімдерін, адамдық қадір-қасиет хақындағы хикметтерін хұсни хаттардайын құнарландырып, түркі тілінде тағылымдап, қайткенде түркі жұртының көзін ашамын, көңілін көркейтемін, көкірегін оятамын деп, ұйқы-күлкі көрмеген көрегеніміз – Ахмет атамыздың аруағы риза болғай.

Түркістан түрлене түсер. Індеттер де шегінді. Бұл үшін де бірлік пен ынтымақ, ырысты еңбек, жоғары жауапкершілік керек.

Түркілер төрі – Түркістан түлей берер. Түркітілдес мемлекеттер басшылары – бауырларымыз талай келер. «Қош келдіңіздер!» дерміз. Басшылар ғана емес, түркітілдес барша туыстар, басқа да туристер сәтті сапарлар шегер. Алла алдан жарылқағай!

Мархабат БАЙҒҰТ,

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының лауреаты