Руханият • 07 Сәуір, 2021

Сұрапыл жылдар сұлбасы

953 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Архив құжаттарын ақтарып отырып, шерге толы шерменде жылдар шежіресін шынайы қалпында көз алдыңа елестетуің қиын. Әбден көнерген, талай запыран, ащы сырды қойнауына бөккен, бір кезде құпия саналған, бүгін бостан қалыптағы деректерге салғастыра қарап, зұлмат сұлбасын жасауға  болады.

Сұрапыл жылдар сұлбасы

1921 жылдың ақпан-наурыз айларында атылған, шабылған, аштықтан қырыл­ған, ақ сүйек болып шашылып қал­ған адамдардың үстіне орнаған  Кеңес өкі­метінің кесапат саясатына қарсы Сібір шаруалары бас көтерді. Әйтсе де бүлік ұзаққа созылған жоқ, аяусыз қаһарлы күшпен, бет қаратпайтын ызғармен басылды. Жаңа өкі­мет жаңа саясатқа көндіккісі келмеген халық­ты аяусыз қырып-жойды. Ноқтаға басы сыймай, бұлғақтаған бұқара бір сәт саба­сына түскендей, басқа түскен зұлматқа көндіккендей.

Көкшетау уезі төңірегінде де, жекелеген болыстарда жаңа өкіметке қарсы наразылық болып жатты. Бірақ алысқа бармады, сап тыйылды. Тыйылғанымен, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын бейбіт заман орнай қалған жоқ. Ел ішіндегі наразылық бесатардың қарауылына байланып, қылыштың жүзімен кесілді. 1921 жылдың 21 сәуір күні ішкі Ресейде аш­тыққа ұшырағандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиісті отрядтар құрылды. Олар әр отбасыдан салық жинауға тиіс­ті еді. Бұл жайлы болыстық атқару ко­ми­теттерінің баяндамаларында анық жазылған. Біз мұндай деректі 39 папканың 25 және 41-беттерінен таптық. Онда былай делінген: «Барлық күш халықтан салық жинауға жұмылдырылуда. Бірақ нансыз қалу қаупі туындап тұр». Орысша жазылған мәтін мазмұны осындай. Кім жазса да төніп келе жатқан қауіптің ызғары мен зардабын сезіне отырып жазған екен. Әрі қарай тұқым қорынсыз қалуы мүмкін екендігі ескертіледі. Салық төлеуден жал­тарғандар немесе шамасы жетпегендер сотсыз, нақақтан-нақақ атылған, әйтпесе Кеңес өкіметіне қарсы ниеттегі адам деп саналып, сотталған.

Жалғыз Көкшетау төңірегі ғана емес, алыстағы Поволжье, Украинаның сол­түстік қанатындағы бірнеше губерния, солтүстік Кавказ, Орал төңірегі, Орта­лық Ресейде алапат құрғақшылық болып, ел тұтастай ашаршылыққа ұрынған. Деген­мен, негізгі тіршілік көзі мал шаруа­шылығы болған Көкшетау уезіндегі ха­лық­тың ашаршылыққа ұшырауының негізгі себептері бұл емес еді. Әуелі ашар­шылықтан бұрын естіген адамның жанын түршіктіретін, лебі мұздай алып-қашты хабар жеткен. Сол жылы қара күзде, қар түсі­сімен халық қолындағы бар малды тегіс соя бастады. Мәжбүрліктен. Шолақ бел­сенділер тігерге тұяқ қалдырар емес. Көнекөздердің айтуына қарағанда, қалың жылқыны шұрқыратып терең сайға апарып атып тастаған да оқиғалар кездескен. Әйтеуір, алып қоятын  болған соң қолда бар малды сойып алмастан басқа амал жоқ.

Бар мал пышаққа ілікті. Түгелге жуық. Сойылған малдың етімен көп болса бір қыстан шығар, келесі жылы қайтпек?! Ел ішінде оңтүстіктің бүйірі тоқ отыр деген үміт шырағы өлмеші лапылдаған жақсы сипаттағы хабар тараған. Солтүстіктегі жұрт ауыл шаруашылығы құралдарын, киім-кешек, азық-түлік алуға талпыныс жасаған. Амалдап жетпек. Жолдары бол­са, пышақтан аман қалған малына айыр­бастамақ. Жолаушылар қайтып орал­ғанда, оларды мүлде басқа жай тосып тұр еді. Жергілікті билік органдары әр болыстың шекарасына бекет құрып тастаған. Бекеттегілер өкпек жолаушының қолындағы, қоржынындағы тіскебасар дүниенің бәрін түгел сыпырып алған. Бұл туралы деректер де архивтегі 145-ші папкада тайға таңба басқандай сақталған.

Көкшетау қаласын да аштық жайлаған. Қолы жеткендер ғана алатын, әбден аштық­тан бұратылғандарға тиетін азық-түлік көлемі көрсетілген. Бір адамға 400 грамм төңірегінде ет, 200 грамм шамасында картоп, соншалықты деңгейде қырыққабат берілген. Қаланы басып кеткен аш адамдар арнайы орындарға қабылданған. Ол жерлерде 30-дан 250 адамға дейін болған. Бірақ мұнда да үміт шырағының лаулап тұрғаны шамалы. Жұқпалы аурулар көп, аштан өлмесе, жұқпалы аурудан өлері анық. К.Маркс көшесіндегі Стригиннің үйінде 180 адам паналаған. Оның 70-і – балалар.  Осылардың 27-і сүзекпен, 15-і ішек ауруларымен ауырған.

Қаладағы жұмысшы кооперативінің ас­ханасы барлық ашыққан адамдарды тамақтандыра алмайтын еді. Уездік атқару комитеті 1921 жылдың желтоқсан айында ашыққан адамдарға көмек көрсету туралы қаулы қабылдағанымен, қауқары жоқ болатын. Адамдардың азық-түлікті базардан сатып алуы туралы айтудың өзі артық. Сол кезде базардағы баға мынандай деңгейде болған: сары майдың бір пұты – 120 мың, шұжық – 200 мың, картоп 22 мың рубль болған. Архивтегі құжаттарда азық-түлік бағасы анық көрсетілген. Салыстыру үшін әр адамның табысы туралы да айта кетелік. Орташа есеппен алғанда, жан басының табысы айына 219 800 рубльден айналған. Сонда айлық табысқа бір келі шұжық, әйтпесе екі келіге жетер-жетпес сары май ғана сатып алуға болады.

 Қаладағы қысылтаяң жағдай осындай болғанда, ауылдағы ахуал тіпті ушығып тұрған. Егер қаладағы мекемелер мен кәсіпорындарда жұмысшылар мен қызметшілерге паек берілсе, ауылдағы адамға ештеңе берілмеген. Көкшетау уезінің барлық болысын аштық жайлаған. Аштық ешкімді аяуды білмейтін. Осы арада тағы бір дерек келтіре кетелік: 1921 жылдың 21 желтоқсаны күні Кривоозерный болыстық атқару комитетінің төрағасы былай деп мәлімдеме жазады: «Жағдай өте күрделі. Ашыққандар саны әр күн сайын көбейіп барады. Олар атқару комитетіне келіп, азық-түлік талап етуде. Дайындау мекемесіндегі астықты тартып ала ма деген қауіп бар». Бұл дерек №28 папканың 13-бетінде сақталған. Большевиктердің уездік партия комитетінің 1922 жылдың 8 ақпан күнгі отырысындағы хаттамада «барлық уезд халқы азық-түліксіз отыр» деген шынайы дерек көрсетіліпті.

Жаңа билік жағдайды түземек болып жанталасқанымен, аштық дендей берді. 1921 жылғы 7 ақпанда Ақмола губерниялық атқару комитеті «Поволжье республикасының 30 миллионға жуық тұрғыны бір түйір нансыз қалды. Аштан өліп жатыр. Қажетті азық-түлікті Украина, Түркістан, Сібір өңірінен жинау қажет деген бұйрық жолдады. Жоғары билік осындай талап қойып отыр. Шұғыл шара қолдануымыз керек. Тығып қойған азық-түлікті тауып, кәмпескелеп жеткізу туралы М.Калинин басшылық ететін орталық комиссия бұйрық етіп отыр. Осыған орай жұмыс істеуіміз керек» деп шешкен.

Пәрменді орындауға шаш ал десе, бас алатын шолақ белсенділер жанталаса кіріскенге ұқсайды. Халықтың қо­лындағы ең соңғы азық-түлікті тартып алып, жөнелткен. Ол көлем 41 миллион пұтқа пара-пар. Құжатта 11 миллион пұт азық-түлік қайырымдылық есебінде берілді деп көрсетіледі. Әйтсе де, күмән басым. Өзі, төңірегі, ет жақын ағайын-туысы, ауылдасы аштан қырылып жатқанда қайы­рымдылық жасауға қауқары жете қойды ма екен?! Кеудесіне бесатарды тақап қойып, тартып алған да...

Қолда бар малдың қырғынға ұшырауы қайтып күш жинауға мүмкіндік бермеді. Көліксіз егін егу де, көшіп-қону да мүмкін емес еді. Көкшетау уезінің Шалқар, Сухатинский, Большой Изюм болыстарында қарақшылар бас көтеріп, азық-түлік отрядтарымен қоса, сәл-пәл ауқатты отбасыларды тонау оқиғалары көбейіп кеткен. Бұл шын мәнінде жығылып жатқанға жұмсалған жұдырық еді. Алапат аштықтың жан түршіктірер хабары өз алдына, «әне жерде атып кетіпті, мына жерде бауыздап кетіпті» деген алып-қашпа ақпараттың өзі аштықтан әбден қажыған, құр сүлдері қалған адамдардың кеудесіндегі үміт отын үрлеп өшіргендей.  

Жалпақ жонда тіске басар азықсыз, тақымына басар көліксіз қалған кәрі-құртаң, жас бала баудай түсті. Мұның арғы жағында ел құлағы естімеген сұм­дық оқиғалар да болған. Ол туралы архив құжаттарында анық баяндалады. Мәселен, 1921 жылдың соңында Полтава губерниясындағы Никольское елді меке­нінен көшіп келе жатқан жолаушы әйелдің жанында ауру меңдеген күйеуі, екі жас баласы және бірнеше бауыры бар екен. Жол үстінде бір ағасы көз жұмады. Аштықтан әбден көзі қарауытып, жүйкесі жүндей түтіліп, ақыл-естен ада болған міскіндер мәйітті жеп қойыпты. Көш жолы тұйықтала келе, әлгі әйел екінші ағасын да жеген. Кезек балаларға жетіпті. Арғы жағын тәптіштеп айтпаса да болады. Бұл туралы дерек, №57 папканың 91-бетінде сақталған. Міне, аштық азабы, оның салдарлары туралы бұдан артық қандай қан-қасап, қанқұйлы оқиғаны айтуға болады?!

Сол жылы уездің Кривоозерный, Рузаев, Зеренді, Троицк болыстары өте ауыр халде еді. 1921 жылы аштықтың салдарынан Кривоозерный болысындағы 14825 адамның 868-і опат болған. Бұл тек есепке енгендері ғана. Аласапыран заманда «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, әркім қарақан басын аштықтың аранынан аман алып қалуға жанталасып жатқанда, есептің толық жүргізілгеніне сенім аз. Әйтсе де, ресми деректе 1921 жылдың 1 қаңтар күнгі мәліметі бойынша, Зеренді станицасында 3325 тұрғын болса, 1922 жылы  274 адамға азайған. Бұл уақытта жергілікті жұрттың үстіне қоныс аударушылар да дүмеп келіп жатқан болатын. Әсіресе аштыққа шалдыққан Ресей губернияларынан. Барлығын қоса есептегенде, станица тұрғындарының үштен екісі опат болған. «Жұт жеті ағайынды» демекші, жалғыз аштық қана емес, оба, сүзек тәрізді жұқпалы аурулар да халықтың қырылуына себеп болыпты. Бойларында күш-қуат қалмаған адамдардың аштықтан опат болғандарды дұрыстап жерлеуге де дәрмені жетпейтін еді.

Осы арада салық инспекторының баянхатынан үзінді келтіре кетелік. Ол былай деп жазады: «1921 жылы несие есебінде берілген тұқымдық астықты қайтарып алуға үміт жоқ. Несие алғандардан тірі қалғандары саусақпен санарлық». Егіс көлемі 60 пайызға қысқарған. Уездің оңтүстік бағыт бөлігін қоныстанған тұр­ғындар тұқым сұрап өтініштер жаза бас­таған. Әйтсе де оларға көмек көрсетудің ешбір мүмкіндігі жоқ. 1922 жыл жауын-шашынды болса да аштықтың әсерінен арыла алмаудың бір себебі осында жатыр. Ауыл шаруашылығы күйзей құлдырады. Ол жайлы Атбасар және Көкшетау уезі кеңестерінің құжаттары сақталған. Бұл құжаттарда жаңа мемлекеттің құрылу барысындағы экономикадағы және қо­ғамдағы қарама-қайшы үрдістер анық баян­далады. Әсіресе уездік жұмысшылар, шаруалар мен казактарға байланысты революциялық комитеттің құжаттарында көптеген айғақ сақталған. Олардан күштеп жүргізілген астық жинау саяса­тының салдарын аңғаруға болады.

Алапат аштық мыңдаған адамның өмірін қиып кетті. Сөзімізге тиянақ ретінде архив құжаттарындағы есеп-қисапты келтіре кетелік. Ақмола губерниясының ашыққандарға төтенше көмек көрсететін комиссия мүшесі Любимовтің 1921 жыл­дың 27 қаңтарындағы жазбасында мынандай деректер бар: «Аштыққа жер­гілікті жұрттың 62 мыңы, орыстардың 27 мы­ңы, қоныс аударушылардың 37 мыңы ұшыраған».  Зер салып қарасаңыз, ең көп зардап шеккен жергілікті жұрт екендігін көруге болады. Ел іші әбден жүдеп-жадап, тігерге тұяқ қалмаған уақытта қияндағы Поволжьеге 10979 пұт астық көмек ретінде жіберілген. Оның ішінде Атбасар астық дайындау конторы 646 пұт, Маринск мекемесі 796 пұт дайындапты. Жалғыз астық қана емес, картоп, қырыққабат, қызылша, сиыр және қой еті жөнелтілген. Бәлкім, Алаш баласының азап шегуі осылай аузынан жырып алғандықтан шығар.

Сақталған деректерден алапат аштық жылдарының бір үзік сұлбасын осылай көруге болады. Қадау-қадау деректерден ауыртпалықтың ең алдымен жергілікті жұрттың басына түскендігі айдан анық көрініп тұр.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше