Аймақтар • 06 Сәуір, 2021

Клубы жоқ ауыл көп

806 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ауылда әрине клубтың болғаны жақсы. Руханият орталығы, елді мекендердегі бірден-бір мәдениет ошағы саналатын клубтың қадірін, пайдасын аға буын мен орта буын жақсы білер. Алдымен экономикаға басым көңіл бөлінген, клубтың тіршілігін кітапханасы сақтап қалған кезеңдегі жастар ше? Көркемөнерпаздар үйірмесі жоқ, әртістеріңіз ауылды айналып өтетін, кино көрсетпейтін клуб қызметінің мән-маңызы мен қоғам өміріндегі рөлін жастар қалай бағалайды?!

Клубы жоқ ауыл көп

Ұмытпасақ, осыдан бес-алты жыл бұрын есімі елге мәлім әнші Жұбаныш Жексен Төлеби ауданындағы клубы бар барлық ауылда тегін концерт беріп, жұрттың алғысын алған-ды. Одан кейін ауылға келген әнші көрмедік, естімедік те. Жасыратыны жоқ, кей ауылдарда клубтың есігі сайлау науқаны кезінде ғана айқара ашылады. Былтырдан бергі пандемия да мәдениет ошағының жұмысына кері әсерін тигізді.

Түркістан облысындағы ауылдық клуб мекемелерінде әлі де болса шешімін күткен бірқатар өзекті мәселе бар. Мысалы, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев 16 клуб күрделі жөндеуді қажет ететінін айтады. Апатты жағдайдағы 5 клубтың тиісті актілерін дайындап, есептен шығару жұмыстарын жүргізу қажет. Бүгінгі таңда 1000-нан аса халқы бар 150 елді мекенде клуб жоқ. Сондай-ақ қазіргі заман талабына сай ауылдық кітапханаларды компьютерлік техникалармен қамтамасыз етіп, интернет желісіне қосу қажет. Бүгінде облыстағы 390 кітапхананың 252-сі компьютерлік техникамен қамтамасыз етіліп, 140-ы интернет желісіне қосылған. Яғни 138-інде компьютер, тиісінше ғаламтор да жоқ.

Дегенмен жұрт рухани азықтан қол үзбеді, өңірдегі мәдениет саласы жаңа форматта жұмыс істеуде. Мысалы, облыстағы 251 клубта ұйымдастырылған 9546 іс-шара 1 475 213 мың адамды қамтыпты. Биыл 8 клубты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. «Қазіргі таңда ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда 889 үйірме мен көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істеуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде еліміздегі кітапханалардың рөлі туралы қоғам назарын аудартқан пікірталасқа қатысты айтқан сөзінде бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін еместігін атап көрсетті.

«Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Сондықтан біз жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көз­қараспен қарауы­мыз қажет. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн», деді Мем­лекет басшысы. Иә, бүгінде кітапханалар жұ­мысында жаңашылдық мол және бұл бағыттағы ізденістер жалғасуда. Облыстағы 390 кітапханада былтыр 3858 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оқырмандар саны 230 382 болды, 121 686 дана жаңа кітаптармен толықтырылды. «Ең көп оқылатын 100 кітап», «Алтын қорға үлес қос», «Кітапханаға сый» акциялары ұйымдастырылып, 18090 дана кітап кітапханалардың қорына сыйға берілді. Халыққа қазіргі заман талабына сай қызмет көрсету мақсатында Nur Otan партиясының жобасына сәйкес бірқатар аудандар мен Арыс, Кентау, Түркістан қалаларындағы орталық­тандырылған кітапханалар жүйесінен коворкинг орталықтары ашылды. Президенттің тапсырмасына орай ауыл жастарын кітап оқуға тарту бағытындағы жұмыстар қолға алынған. Сонымен қатар аудандар мен ауылдарда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Кітапханалық керуен – 30 ауылға» іс-шарасын және «Ұлы Дала руханияты» облыстық кітап фестивалін өткізу жауапты қызметкерлерге тапсырылды», дейді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда облыста 679 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Былтыр клуб мекемелерінде – 9546, кітап­ханаларда – 3858, музейлерде – 213, тілдерді дамыту мен ономастика саласы бойынша– 4, барлығы – 13 645 іс-шара өткізіліпті. Облыстық кәсіби 2 театрда 8 жаңа қойылым сахналанған. Театрларда 148 онлайн іс-шара ұсынылып, 77 859 қаралым жиналыпты. Іс-шаралардың басым көпшілігі онлайн форматта ұйымдастырылған.

Өңірде тарих және мәдениет үшін ай­рық­ша маңызы зор археология және сәу­лет ескерткіштерінің саны – 1700 болса, 702 монументті өнер туындылары мен мемориалдық тақталар бар. Былтыр жер­гілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Тізімге 423 тарихи және мәдени ескерткіш енгізілген. Түркістан қаласында әл-Фараби, Абай, Шәмші Қалдаяқовтың, Төлеби ауданында Абайдың, Бекасыл әулиенің, Кентау қаласында Абайдың, Қазығұрт ауданында «Анаға тағзым» ескерткіштері бой көтерді. Облыстағы 24 музейде 2370 экскурсия, 375 көрме, 213 көпшілік іс-шара ұйымдастырылған. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандар мен қалаларда «Тәуелсіздік толғауы», «Түркістан тарихы» көшпелі көрмелер ұйымдастырылмақ. Дегенмен басқарма басшысының айтуынша, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, зерттеу және насихаттауда атқарылып жатқан жұмыстардың деңгейі төмен. Өткен жылы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауда Қазығұрт, Ордабасы аудандарында заң бұзушылықтар анықталыпты. Ал Кентау қаласында Абайдың ескерткішін орнатуда заң талаптары бұзылған.

– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында мәдени қазыналарымызды әлем жұртшы­лығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсіл­дерін ойластыру керектігін, мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал екенін айтты. Осы орайда, алдымен «Оңтүстікфильм» мекемесінде деректі фильм мен бейнероликтер түсіретін камералар, монтаждау жұмыстарына қажетті техникалық құрал-жабдықтардың ескіргенін айта кетейін. Алдағы уақытта сапасы жоғары түсірілімдер жасауға қажет заманауи камералар мен құрал-жабдықтар алу үшін тиісті құжаттарды 2022 жылдың бюджетіне ұсыну көзделуде. Дегенмен «Оңтүстікфильм» мекемесі 187 деректі фильм мен бейнематериал дайындады, 129 кинокөрсетілім ұйымдастырып, 25 826 қаралым жинады. «Түркістан құпиялары» деректі фильмін көрерменге ұсынды. Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай, «Әл-Фараби кім?» танымдық бейнеролигі мен «Әл-Фарабидің ән әлемі» деректі фильмі, Алтын Орданың 750 жылдығына «Ұлы Көш» әніне бейнеролик, Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Әнмен өрнектелген өмір», «Шәмшімен сырласу» бейнефильмдері дайындалып, А.Құнанбаевтың 175 жылдығына «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңіне және Абай шығармаларына челлендж жасалды. Сондай-ақ Түркістан облысының құрылғанына 2 жыл толуына орай «Түрленген Түркістан» бейнефильмі, «Адамдықты іздеген адамсымақтар» және «Түркістан екі дүние есігі ғой...» қысқаметражды фильмдері да­йындалды. Облысымыздағы ұлттық мұраны дамытушылар туралы «Туған жер», «Киелі менің мекенім», «Ұлттық мұра жаршысы» жобаларының аясында қысқаметражды танымдық фильмдер түсіріліп, отандық БАҚ-тарда көрсетілді. Өңірдің киелі жерлерін насихаттайтын облыстық «Тұран даласы» бейнероликтер байқауы ұйымдастырылды. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи хикметтері мен еңбектерін насихаттау мақсатында жергілікті ғалымдарды тарта отырып, «Хикмет дәстүрі» атты үш тілде, яғни қазақ, түрік, ағылшын тілдерінде циклдік танымдық фильмдер жарыққа шықты, – дейді басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаев.

Биыл ауыл өнерпаздарына қолдау көрсету мақсатында, ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына орай ай сайын аудан, қалаларда түр­лі жанрдағы 16 облыстық өнер байқауы мен фестивалін өткізу жоспарланып отыр. Яғни мәдениет саласы, оның ішінде ауыл клубтарының жұмысы жандана түспек.

 

Соңғы жаңалықтар