Аймақтар • 07 Сәуір, 2021

Ақмола – «қызыл аймақта»

147 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұған дейін «жасыл аймақ» қатарында болып келген өңір дерттің қайта бас көтеруіне байланысты соңғы тәулікте «қызыл аймақ» санатына енді. Жаман індеттің күрт етек алып кету себебі неде?

Ақмола – «қызыл аймақта»

Алдымен бүгінгі ахуалды талдап көрелік. Эпидемиологтардың мә­лі­метіне қарағанда, «жасыл аймаққа» та­бан тіреп тұрған күннің өзінде облыс орталығы мен Шортанды, Ас­трахан, Біржан сал аудандарында дерт деңгейі төмендеген емес. Жаман індетті жұқтыру барысы Аршалы, Целиноград, Шортанды және Ақкөл сияқты Нұр-Сұлтан қала­сы­ның іргесіндегі аудандарда көбірек байқалған. Себебі жол ашық болған соң жергілікті халықтың «қызыл ай­мақ­тағы» астанамен екі арада ат ізін суытпай, тынымсыз қатынап жатуы.

Соңғы тәуліктердегі мәліметке зер салсаңыз, облыста зертханада рас­тал­ған 15 370 жағдай тіркелгендігін аңғарасыз. Яғни ересектер арасында – 13 734, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1 636 жағдай тіркелген. Дауасыз дерттің салдарынан 104 адам өмірден өтті. Орны толмас қай­ғы-қасірет. 15 370 науқастың 7 535 жағдайы емханаға өзінің хабарласуы­мен анықталған. 5 734 адам – ауру жұқтырғандармен қарым-қаты­нас­та болғандар. Осы деректен-ақ дерттің қаншалықты қорқынышты екенін естімек түгіл, күнделікті көз­де­рі­мен көріп жүрсе де, сақтану талап­та­рын орындамағандардың көп­тігін аң­ға­ру­ға болады. Науқасқа шал­дық­қан­дар­дың тағы бір тобы, яғни, 2 101-і про­филактикалық скрининг кезінде анықталған.

Ендігі бір өзекті мәселе – балаларды дерт шеңгелінен аман алып қалу болып тұр. Бүгінгі мектеп оқушылары арасындағы эпидемиялық жағдайға тоқталсақ, оқу жылының басынан зертханалық сараптамамен расталған 991 COVID-19 жағдайы тіркелгендігін айтуға болады. Оның 399-ы білім ошақтарына барып, ал 592-сі қашықтан оқыған оқу­шы­лар. Демек, мектеп қана емес, үйге де ересектердің дертті байқамай жұқ­ты­рып әкелуі аз болмай тұр.

– Эпидемиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу мақсатында төртінші тоқсандағы оқу процесі өзге­ріссіз өтеді, – дейді облыстың бас са­ни­тарлық дәрігері Айнагүл Мусина.

Қалайда дерттің алдын алу шараларын тыңғылықты жүргізген ләзім. Қазір өңірде вакциналаудың екінші кезеңі жүріп жатыр. 24 вакцина егу орыны ұйымдастырылған. Ондағы вакцинаны тасымалдау, сақтау және қолдану жіті бақылауда. Бірінші ком­понентпен 1 298 адам вакциналан­са, екінші компонентті 1 287 адам қа­был­даған.

Адамдардың бейқамдығы, өзде­рі­нің және айналадағы замандас­тарының денсаулығына, сақтығына немқұрайды қарауы әлі де тыйылатын емес. Өңірде «жаман тұмаудың» қайта бас көтеруі осында жатқан тә­різ­ді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқ­санындағы мониторинг барысын­да әр түрлі меншік нысандары 11 390 мәрте тексерілген. Тексеріс барысында 223-інде карантин шараларының сақталмағаны, жалпыға ортақ тәр­тіптің өрескел бұзылғаны анық­тал­ған. Аурудың ошағы болып отыр­ған жер де осы емес пе? Тәртіп бұз­ғандарға 31 936 150 теңге сомасында 297 әкімшілік айыппұл салынған. Мәселен, Бурабай ауданындағы «Той­хана», «Мерей» дәмханалары 50 адам қатысқан үйлену тойларын өткізсе, «Арзу» дәмханасында туған күн салтанаты атап өтілген. Ал Көкшетау қаласындағы «Нұр Сұлтан» мейрамханасында қыз ұзату тойы ұйымдастырылыпты. Степ­но­горс­кідегі «Эхжой» дәмха­на­сын­да да шектеулерге қарамастан, туған күн кеші тойланған. Оған қоса, KonforHotel қонақүйінде караоке-бардың жұмыс істеп тұрғаны белгілі болған. Осындай заң бұзушылықтар үшін 1 502 255 теңге көлемінде 5 әкімшілік айыппұл са­лынған. Мұндай мысалдарды көп­теп келтіруге болады.

Өңірдің бас санитар дәрі­ге­рінің мәліметінше, жаңа штам­дардың пайда болуына байланысты республикада коронавирус инфекциясының айналымдағы штамдары зерттелуде. Яғни Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге, COVID-19 штамдарын анықтауға арналған экспресс-ПТР скринингтің жаңа әдісі енгізілген. Облыстағы он сынаманың біреуі оң нәтиже көрсеткен. Осындай зерттеу нәтижелері бойынша «Бри­тан­дық», «Оңтүстік Африка», «Бра­зи­лиялық» штамдарға тән мутация ықтималдылығы анық­талып отыр.

Аурудың алдын алу үшін каран­тин­ шараларын күшейткен дұрыс тәрізді. Тәртіп болмаған жерде індеттің жалғаса беретіндігін, өрши түсе­тіндігін көз көріп отыр.

 

Ақмола облысы