Экология • 07 Сәуір, 2021

Шыны сынығынан да өрт шығады

735 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаз айында өрт қаупі өте күшті. Әсіресе, бұл кезде орман, дала алқаптарын өрттен көздің қарашығындай сақтауға тура келеді. Өрт шығу себептерін сараптағанда, көбінесе адамдардың кінәсінен болатыны анықталды. Сондықтан өрт қауіпсіздігінің ережелерін үйрететін үгіт-насихат жұмыс­тарын тек өрт сөндіру қызметкерлері ғана емес, қоғамдық мекемелер де жүргізуі тиіс.

Шыны сынығынан да өрт шығады

Орман шаруашылығының жұ­мы­сында өрт қауіпсіздігі – бірін­ші кезектегі мәселе. Орман шаруа­шылықтарының барлығында орманды өрттен қорғау жоспары болады. Жоспарда орманның түрі, ортаның рельефі, су жолының, темір жол, автомобиль жолдарының жа­қын­дығы ескеріледі. Орман шаруа­шылығын өрттен қорғаудың сызбасы жасалады. Сызбада көлік жолдары, тұрғын үйлер, кардондар, өзендер, көл­дер, орман шаруашылығының кең­селері, өрт бақылайтын тұрғылар, хабар қабылдайтын пункттер, өрт шығу қаупі бар объектілер белгіленеді. Мұ­ны­мен бірге, оған өрт қауіпсіздігі құры­лымының жоспарында орманды бақылау қызметін ұйымдастыру, өрт сөндіру-ба­қылау құрылғыларын салу, телефон байланысының жүйесін жа­ңартып тұру, радиобайланыс ұйым­дастыру, т.б. қыз­меттер кіреді.

Орман өртінің алдын алуға ба­ғыт­талған үгіт-насихат тәрбие жұ­мыс­­тардың түріне мектептерде, клуб­­тар­да, сауықтыру орындарында, ту­ристік базаларда және басқа да бұ­қа­ралық мәдени орында оқылатын лекция­лар, баяндамалар жатады. Бұ­қа­ралық ақпарат құ­ралдары ар­қылы орман алқаптарын өрттен қорғау жө­нінде жиі айтып оты­ру керек. Әсі­ресе, өмірден алын­ған мысалдарды келтіре отырып, газет, радио, теледидар арқылы өрт қауіпсіздігі ере­желерін көп­шілікке түсіндірудің ма­ңызы зор. Біздің мекеме орманға барар жолдарда, демалатын жерлерде, фенологиялық алаңдарда, эко-туристік маршруттарда, хабарламалар аншлактар ілу арқылы өрттен сақтандыру шараларын жасады. Алайда осыларды орман маңында демалушылар ескере бермейді. Әр тұрғын мұндай ескертулерге байыппен қараса, халық байлығы – орманды тілсіз жау – өрттен қор­ғауға, аман сақ­тауға елеулі ықпалын тигізері даусыз.

Өрттің сыртқы себебі көбінесе сөнді­рілмеген шылым не сіріңке, аңшылық, механизатордың өрт қа­уіпсіздігін сақ­тамауы, тұтануға бейім майланған ма­териалды тастап кету, техника қауіп­сіздігін бұзу, көліктің жанында шылым шегу және т.б. орман ішінде болған сая­хатшылар, демалушылар, ауыл шаруа­шылығы жұмысшылары кепкен шөп, кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерге алау жағу, орман алаңдарына, дала алқабына жақын жерлердегі егістің орнын өртеуден болады. Сондай-ақ күннің сәулесі мол түсетін жерлерге тастап кет­­кен шынының сынығы жандырғыш линза тәрізді күн сәу­лесінен қуат алып құрғақ шөптерді тұтандырады. Орманда шаруашылық жұмыстарын (жарылғыш құралмен тамырынан жұлу, қоқысты жағу, жолдарды, электржелілерін, құ­быр­ларды жүргізу кезінде сақтық шараларын сақтамау да өртке себеп болады.

Орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Орман, дала өртін сөн­діретін топқа кірсеңіз, онда сізге өрт сөндіру әдістерін, паналайтын жерді және оған баратын жолды білу керек. Қорғайтын киім (мүмкіндігінше адамдарға арнайы киім, газқағар, каска, түтінге қарсы бетперде) кию керек. Әр топта жерді жақсы білетін жолсерік болуы керек. Егер түтін аймағындағы көз көрерлік жер 10 метр­ден аз бол­са, онда оған кіруге болмайды. Егер өртпен кү­ресу мүмкін болмаса, ол жерді тас­тап шығуға, кетуге ту­ра келеді. Өрт ше­­гіне қарама-қар­сы бетке қарай орман жолымен, алаң­дармен, өзендердің және жыл­ға­лардың жағаларымен жүру керек. Қат­ты түтіндеуде ауызды және мұ­­рынды сулы байламмен, орамалмен, киімнің бөлшегімен жабу керек. Кей­де өрттің ішімен жүгіріп өтуге тура келеді. Мұндайда өкпеңізді күйдіріп алмау үшін демалмай жүгіру керек.

Елді мекенге тақалған өртті тоқ­тата алмаған жағдайда адамдарды, мүлікті және малды қалай қорғау ке­рек­тігін, не істеу қажеттігін, ал қа­жет­ті жағдайда эвакуациялау туралы жауапты мекеме алдын ала хабарлайды.

 

Ерлан АҚЖІГІТОВ,

«Тарбағатай» МҰТП РММ-нің еңбек қорғау және техника қауіпсіздік инженері

 

Шығыс Қазақстан облысы