Үкімет • 07 Сәуір, 2021

Коронавирустың жаңа толқыны (Үкімет дайындықты күшейтті)

387 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі санитарлық-эпидемиялық жағдай қаралды.

Еліміздегі қазіргі эпидемиялық жағдай, халықты вакциналау барысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин
баяндады.

Коронавирустың жаңа толқыны (Үкімет дайындықты күшейтті)

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Вакциналау кабинеттері көбейтіледі

Республика бойынша вирустың репродуктивтілік көрсеткіші 1,16 құрайды. Инфекциялық төсектік орындар жүктемесі – 36%, реани­мациялық төсектік орындар жүк­темесі – 22%.  Қазіргі уақытта COVID-19 таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақта» – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары, «сары аймақта» – Шымкент қаласы және Қарағанды облысы. Қалған өңірлер – «жасыл аймақта».

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, әлем­де COVID-19 ауруы мен одан өлім-жітім бойынша жағдай шие­ленісе түсуде. Бүгінгі күні әлемнің 221 елінде 130 млн-нан астам КВИ жағдайы тіркелген, аурушаңдықтың өсуі 0,5 деп баға­лануда. 2,8 млн-нан астам адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші 2,2%-ды құрады.

Қазақстанда осы жыл­дың 6 сәуіріне COVID-19 оң нәти­жесімен 256 837 науқас және КВИ-мен 50 839 жағдай тіркелді. Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «қызыл аймақта» 7 өңір бар: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола және Ақтөбе облыстары. Бұл ретте Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары «қызыл аймақта» 28 күн, Батыс Қазақстан облысы – 20 күн, Атырау облысы – соңғы екі апта, Ақтөбе және Алматы қалалары – соңғы апта, Ақмола облысы бір тәулік бойы тұр.

«Сары аймақта» 2 аймақ бар: Шым­кент қаласы және Қара­ғанды облысы. Қалған 8 өңір «жа­­сыл аймақта». «Наурыз айын­да ақпан айымен салыс­тырған­да сырқаттану 30%-ға өскенін атап өткім келеді, осылайша тәу­лігіне 1800-ге дейін жағдай тіркелді. Сәуірдің 5 күнінде 9 983 жағдай тіркелді, тәулігіне 2 мыңға дейін науқас тіркелуде. Аурудың өсуі британдық және оңтүстікафрикалық штамдардың айналымымен байланысты. Осы­ған байланысты өңірлердің әкім­дері инфекциялық төсектік орын­дармен және МСАК мобильді бригадаларымен қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабыл­дауы қажет», деді А.Цой.

Эпидемиялық ахуалды ескере отырып, сәуір айында тестілеудің тәуліктік саны тәулігіне 57 мың зерттеуге дейін артқаны бай­қалады, бұл зертханалардың қолда бар тәуліктік қуатының 50%-ын құрайды және ақпанмен салыс­тырғанда 1,6 есе артқаны бай­қалады. Биыл 6 сәуірдегі жағдай бойынша КВИ-мен ауыратын нау­қастарға меди­ци­налық көмек көр­сету үшін респуб­ликада 28 730 төсектік орын қоры бар 275 инфекциялық стацио­нар жұ­мыл­дырылды. Инфек­циялық стацио­нарлардың жүкте­месі − 36%, реа­ни­мациялық стацио­нар­­лардың жүктемесі 22 %-ды құ­райды. Ин­фекциялық төсектік орын­дар­­дың ең көп жүктемесі Батыс Қазақ­­стан об­лысында, Нұр-Сұлтан қа­ла­сында, Алматы облысында, Ал­маты қаласында байқалады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша «британдық штамм» әлемнің 130 елінде, «оңтүстікафрикалық штамм» 80 елінде, ал «бразилиялық штамм» 45 елінде анықталды. «Жаңа мутацияларды анықтау мақсатында біз тұрақты негізде республика аумағында айналымда жүрген КВИ штамдарына генетикалық зерттеу жүргізудеміз. Мәселен, наурыз айында респуб­лика аумағында «британдық» және «оңтүстікафрикалық» штам­дарының айналымы анықталды. Соңғы зерттеу­лер көрсеткендей, британдық коронавирус нұсқасы бастапқы штамға қарағанда, ауруханаға жатқызу мен өлімнің жоғары ықтималдылығымен байланысты. Бразилиялық штамм бұдан қауіпті болып саналмайды, бірақ ол бастапқы COVID-19 штамына қарағанда тез таралады», деп түсіндірді А.Цой.

Сондай-ақ британдық коронавирус штамы өткен жылғы штаммен салыстырғанда 1,7 есе, оңтүстікафрикалық штам 1,5 есе және бразилиялық штамм 2 есе тез таралатыны анықталды. Сонымен қатар репродуктивтік санның өсуі 1,1-ден 1,9-ға дейін артуы мүмкін, бұл біртіндеп осы штамдардың үстемдігіне әкеледі. Үкімет 2020 жылдан бастап қабылдаған шектеу шаралары 6 ай ішінде жаңа вирустардың тасымалдануына жол бермеуге мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. А.Цой жаңа штамдарға мониторинг жүргізу жалғасып жатқанын нақтылады.

Биыл 1 ақпаннан бастап КВИ-ге қарсы вакциналау науқаны жалғасуда. Бірінші сәуірден бастап вакциналауға жататын адамдардың санаттары кеңейтілді. Кестелерді жергілікті атқарушы органдар жасайды. «Бүгінгі таңда бірінші компонентпен – 194 706, екінші компонентпен – 72 110 азамат егілді. Республика бо­йынша 1000 тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 10,3 пайызды құрады» деді министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында сәуір айында 2 млн доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде, бұл тиісті контингенттің 23,4%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Иммундау жос­парына сәйкес, өңірлерге вакциналарды жеткізудің көлемі мен мерзімі алдын ала анық­талды. Өндірушілермен жүргі­зілген келіссөздерді ескере отырып, Қазақстанда бірінші жар­тыжылдықта вакциналардың 6 млн-нан астам дозасын қабылдау жоспарланып отыр, бұл тиісті контингенттің 64%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Мұндай көлем КВИ-ға қарсы вакциналауға жататын контингентті және өтеусіз негізде егілуге ниет білдірген адамдар үшін қолжетімділігін барынша кеңейтуге жағдай туғызады.

Ведомство басшысы хабар­ла­ғандай, биыл ақпан айында ВАК шешімімен халықты COVID-19-ға қарсы иммундау жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Вакцинаны өндіру және жеткізу барлық GMP және GDP стандарттарын, сондай-ақ «суық тізбегін» сақтай отырып жүргізіледі. КВИ-ға қарсы вакциналау мәселелері бо­йынша 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. 600-ден астам вакциналау кабинеті, 800 мұздатқыш жабдық және
3 мың термоконтейнер дайындалды. Нау­рыз айының соңына дейін 300 мың азаматқа вакциналаудың қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, 11,3 млн шприц сатып алынды. «Жоғарыда айтылған қосымша вакциналарды жеткізу және егу пункттерін ашу қажеттілігімен қатар, біз тағы 14,5 млн бірлік шприц сатып алу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз» деді А.Цой.

Эпидемияға қарсы күрес пен іскерлік белсенділікті сақтау арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында елде цифрлы технологиялар белсенді енгізілетін болады. Атап айтқанда, вакцина­ланған тұлғаларды есепке алу және мониторинг жүргізу үшін әзірленген «Ковидке қарсы паспорт»; жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және тыйым салынған қызмет түрлерін қайта бастау үшін  Ashyq жобасын масштабтау және оны «Ковидке қарсы паспортпен» кіріктіру; мони­торинг топтарының жұмысы­ның тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін ұялы операторлар­дың иесіздендірілген деректері негізінде «адамдардың шоғырлану орындарын анықтау карталары» енгізіледі. Сондай-ақ төсек­тік орын қорының жүктеме деңгей­леріне баса назар аударыла отырып, елдегі эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасының қосымша өлшемшарттары дайындалып, ВАК-тың бекітуіне ұсынылатын болады.

 

Қыркүйекте вакцина салынғандар саны 10 млн адамға жетеді

Мәселені қорытындылаған Пре­­мьер-Министр Асқар Ма­мин Үкімет тарапынан халық­­тың сырқаттанушылық дең­гейін төмендету мен вакцина алған­­дардың санын арттыру жөнін­де жедел шаралар қабылданып жат­қанын атап өтті. Биылғы сәуір айынан бастап өңірлерде ай са­йын 2 млн адамды вакциналау қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациялау бо­йынша нақты жоспар дайындады. «Қыркүйек айында вакцина­лауға жататын 10 млн адамға вакцина салуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін ұжымдық иммунитеттің жинақтаушы әсері күтіледі» деді А. Мамин.

Ауруханаларда дәрі-дәр­мектердің бір айлық қоры бар, ал «СҚ-Фармация» қой­ма­ларында және дәріханаларда 2 ай­лық қор жасалды. Сонымен қатар барлық өңірлерде дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныс құралдары мен шприцтері бар 3 айлық тұрақ­тан­дыру қорлары құрылды. «Жал­пы, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық тап­сыр­­масын орындау бойынша жүйелі жұ­мыс жүргізілуде» деді А.Мамин.

Премьер-Министр Денсаулық сақ­тау министрлігіне, әкімдіктерге «қы­зыл аймақтағы» өңірлерде вакцина алатын­дардың санын арттыру бойынша шаралар қабылдауды және қабылданған жоспарға сәйкес вакцинаны жеткізуді қам­та­масыз етуді тапсырды.  Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігіне Денсаулық сақтау министр­лігімен, әкімдіктермен бірлесіп вакциналаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу тап­сырылды.  Денсаулық сақтау, Цифрландыру, Ішкі істер министр­ліктеріне, «Атамекен» ҰКП, өңірлердің әкімдіктеріне осы жыл­дың сәуір айының соңына дейін бизнес субъектілерінің қызметін қалпына келтіру және эпиде­мияға қарсы шараларды жүргізу үшін «адамдардың шоғырлану орындарын анықтау карталарын» енгізу мен мобильді мониторингтеу топтарының тиімділігін жақсарту мақсатында барлық өңірге Ashyq жобасын кезең-кезеңімен енгізу тапсырылды.

 

6 мың шақырым жол салынып, жөнделеді

Үкімет отырысында жол-көлік инфра­құрылымын дамыту мәселелері қаралды. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға қарай 12 мың шақырым жолды реконструкциялау және 27 мың шақырым жергілікті автожол желісін жөндеу бойынша ауқымды міндеттер қойылған. Биыл 1,2 мың км жол бойында көлік қозғалысын ашып, жалпы ұзындығы 6 мың км автомобиль жолдарын реконструкциялау, жөндеу және салу бойынша ірі жобаларды аяқтау керек. Талдықорған – Өскемен (768 км), Қарағанды – Балқаш – Қапшағай (645 км), Қалбатау – Майқапшағай (415 км) және т.б. ірі жобалар іске асырылады. Қызылорда – Жезқазған автожолының реконструкциясы жобасы жүзеге асырыла бастайды. Әкімдіктер 2,6 мың шақырым жергілікті автожолдарды салуды жоспарлап отыр. Жол бойындағы сервистің 125 жаңа нысанын салу көзделген. Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-пен бірлесіп, жоспарланған жоба­лардың уақтылы іске қосылуын және биыл жыл соңына дейін бөлін­ген қаражаттың толық игері­луін қамтамасыз етуді тапсырды.

Премьер-Министр биылғы жыл­дың соңына дейін реконс­трук­цияланған учаске­лерде «ақы төлеуді» өнеркәсіптік пай­да­лануға енгізе отырып, автомо­биль жолдарын өзін өзі қамта­масыз етуге көшіру бойынша жұмысты аяқтау қажеттігін атап өт­ті, бұл автомобиль жолдарын нормативтік күйде күтіп-ұс­тауға мүмкіндік береді. Облыс әкімдіктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жол бойындағы сервис объектілерін жаңғырту және оларды Ұлттық стандартқа сәй­кес келтіру жөніндегі жұмыс­ты жандандыру тапсырылды. «Қо­йылған міндеттерді іске асырудың тиімділігі аса маңызды. Барлық іс-шаралар белгіленген мерзімдерде аяқталуы тиіс», деді А.Мамин.