Ондағы перілер мен диюлар, самұрық пен сан алуан алыптар, арасан бұлақтар мен мәңгі сарғаймайтын балғын құрақтар талай ертегіге жүк болған. Осынау Қап тауынан да иығы асқақ, қазыналы жұмбағы қатпарлы, ар-намысы айбынды, бекзат та тәкаппар даңқымен, ізгілікті иірімімен әлемдік әдебиетте түркі халықтарының мәртебесін аспандатқан бауырлас әзербайжан халқының сүйікті перзенті, әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, данышпан ақын Низами Гәнжауидің өмірге келгеніне биыл 880 жыл толып отыр. Соған орай Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев 2021 жылды «Низами Гәнжауи жылы» деп жариялады.
Низами Гәнжауи (1141-1209) – әзербайжан халқының классик ақыны, түркі әлемінің ұлы ойшылы. Ол 1141 жылы қазіргі Әзербайжанның Гәнжа қаласында дүниеге келген. «Гәнжауи» – оның лақап аты, шын есімі Ілияс ибн Жүсіп Низами. Гәнжашәй өзенінің алқабында орналасқан көрікті Гәнжа шаһары орта ғасырда мәдениет пен білімнің, сауда мен қолөнердің гүлденген орталығына айналады. Кавказ, Таяу Шығыс, Орта Азия елдерімен тығыз қатынаста болған Гәнжада сол заманда үздік өнерге ие болған атақты шайырлар мен ойшылдар, қылқалам, құснихат шеберлері, зергерлер мен сәулетшілер бас қосады. Ақынның әкесі әуелі Иранда, кейіннен Гәнжа шаһарында өмір сүреді. Низами жастайынан ғылым-білімге құштар зеректігімен көзге түсіп, математика, медицина, музыка, бейнелеу өнері, ислам философиясы, фикх, астрономия, жұлдызнама, алхимия, ботаника, теология, ислам, христиан, иудаизм, зороастризм, мани ілімі, мифология, үнді мен антикалық мәдениет мирастары және басқа да салаларды терең меңгеріп өседі. Оның сол дәуірдегі ғылымды жан-жақты меңгерген ғұлама екендігі өлеңдері мен дастандарынан айқын көрініп тұрады:
Оқыдым арабшаны, Дариды да,
Үңілдім Бұхари мен Табариға.
Жырларым ағат, қате болмасын деп,
Аштым мен, кітаптардың қоймасын көп.
Пехлеви қоймасынан бума таптым,
Ізетпен әр параққа шырақ жақтым.
Көненің көп кітабын тауысқанда,
Қаламым қанат қақты алыстарға.
(Аударған Қ.Бекқожин)
Ол өлеңдерін түрк тілімен қатар, араб, парсы тілдерінде жазған. X-XII ғасырларда елдің әлеуметтік-саяси өміріне дағдарыс пен қиыншылық әкелген Иран, Кавказ, Тұран билеушілерінің тақ таласын өткір сынап, елдің арман-мұңын, ізгілік пен махаббатты парасат шуағына өрнектеп шебер жырлаған Низамидің әлемге әйгілі «Хамса» топтамасына енетін бес дастаны және лирикалық өлеңдер диванының жеке бөлімдері, 6 қасида, 116 ғазел, 2 қыта, 30 рубаи және басқадай туындылары бүгінге жеткен.
Ақынның жауһар туындылары Шығыс пен Батыс поэзиясының дамуына орасан зор ықпалын тигізді. Әсіресе Хафиз Ширази, Жалал-аддин Руми, Сағди сынды ақындар оның нәрлі поэзиясынан сусындады. Мысалы, Әмір Хұсрау Дехлеуи, Әлішер Науаи, Абай, Гёте тағы басқа ақындардың дастандары Низамидің әсем әлемінен тамыр тартып өрбіді. Шығыс шайырларының баршасы нәзира үлгісінде Низамиді жаңғыртып қайталайды. «Хұсрау – Шырынды» 1383 жылы Сарай Беркедегі қыпшақ Құтып та жырға қосады. Бұл мектептен Батыс классиктері де құр алақан қалмаған. Айталық, «Жеті ару» дастанының «Турандот ханшайым» атты бөлімін неміс ақыны Гёте де жырлаған.
Парсы тілді әдебиетте Сағди, Фирдауси, Анвариді ақындардың пайғамбары десе, Фирдауси жазған «Шахнамадан» асырып «Хамса» жазып, бес дастаннан құралатын жаңа жанрды әлемдік әдебиетке ендіріп, соны бағыт қалыптастырған Низамиді «ақындардың Тәңірісі» деп замана данышпандары аспандатып баға берген, ал оның алдында дүниеге теңдессіз туынды «Шахнамасы» арқылы мәшһүр болған Фирдаусиді «шайырлардың пайғамбары» деп ұлықтаса керек.
Шығыс әдеби дәстүріне жаңа өрнек әкелген ғұлама шайыр Низами өзінен бұрынғы Фирдауси, Санаи секілді ақындардың әдеби мирастарын жалаң жалғастырушы ғана емес, шығармашылықпен ілгері дамытушы, сыни көзқараспен ширатып, соны белеске көтеруші тұлға ретінде дараланады. Ол мөлдір махаббатты, ізгілік пен адал еңбекті, қарапайымдылық пен нәзіктікті, қисапсыз байлық, шексіз билік, тоғышарлық пен қатыгездікке қарама-қарсы қойып жырлап, адам рухының бәрінен асқақ екенін ұлықтайды.
Шайырдың негізгі іргелі шығармасы – «Хамса» («Бес дастан топтамасы»), оған «Сырлар қазынасы» (1173 – 1179), «Хұсрау-Шырын» (1181), «Ләйлі-Мәжнүн» (1188), «Жеті ару» (1197) және «Ескендірнама» (1203) атты бес дастаны кірген. Низамидің эстетикалық-философиялық соны да күрделі пайыммен үйлестіріп, энциклопедиялық ұшан-теңіз ілім-біліммен нәрлендіріп, қайталанбас әсемдікпен өрнектеген «Хамса» («Бес дастан топтамасы») эпопеясы әлем әдебиетінің алтын қорының төрінен орын алады. Низами Гәнжауидің «Хамса» топтамасы шамамен алпыс мың жол өлеңнен құралады, ақын бұл бес дастанды өмірінің соңғы отыз жылында жазып бітіреді.
«Уа, құдірет, көтер мені құзырыңның қақпасына, Тәкаппар жұрт есігінде денем шаң боп жатпасын да!», деп жырлаған шайыр патша сарайының бұлбұлы болуды қаламай, шабытты шығармашылық азат рухты таңдап, серілік пен рухани кемелдену жолын өміріне серік еткен. Оның өлеңдерінен сопылық бағыттың іздері айқын байқалады. Абжад есептерімен Низами аты 1001 деген санға пара-пар, оны да өлеңдерінде сипаттайды.
Низами «Хамсаны» құрайтын «Сырлар қазынасы (Мағзам ул-асрар)» дастанын Ерзинжан әкімі Бахрам Шах ибн Дәуітке, «Хұсрау мен Шырынды» Селжұқ сұлтаны Атабек Махаммед ибн Жаһан Пехлеванға, «Ләйлі мен Мәжнүнді» Ширван шах І Ахситанға, «Жеті аруды» Мараға билеушісі Аладдин Көрпе-Арсланға арнайды. «Ескендірнама» дастаны «Шарафнама» және «Икбалнама» атты екі бөлімнен тұрады. «Шарафнама» кітабын Әзербайжан Атабегі Нүсрәтаддин Әбубәкір ибн Мұхаммедке, «Икбалнаме» кітабын Мосул әкімі Мәлік Изаддинге арнайды.
Оның дидактикалық-философиялық ой-пікірлерге толы «Сырлар қазынасы» дастанында ақын адам баласының өткінші фәни жалғанға келуі, ержетіп, ғұмыр кешуі, ақыры сол өмірмен біржола қоштасуы жайында толғаса, «Хұсрау мен Шырын» дастанында адам бойындағы ең асыл қасиет – махаббатты жырлай отырып, сол арқылы ол мемлекетті басқаратын адам қашанда қара қылды қақ жаратындай әділ, ақ ниетті, мейірімді жан болуы керек деген пікір айтады. Ал ғұмыр бойы адал махаббатынан айнымаған Шырын сұлуды Низами ізгіліктің үлгісі етіп мадақтаса, «Ескендірнама» шығармасында ежелгі аңыз-лақапқа айналған патша Ескендір Зұлқарнайын туралы тарихи бай деректерді көркемдікпен әрлеп, жырға арқау етеді. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Ескендір» дастанын Низами үлгісіне жақын жырлағанын кемеңгер Мұхтар Әуезов анықтаған.
«Хұсрау-Шырын» дастанының кейіпкерлер жүйесінің өзінде ежелгі заман поэзиясының дәстүрінде кездеспейтін өзгеше жаңа леп, тосын мүсіндеу байқалады. Айталық, дастанның бас кейіпкері әйел, ол – сұлулығы мен даналығы жарасым тапқан Шырын. Оның даналығы ел билеген патшалардан да артық, нәзік сезім, терең парасат, адал махаббаттың иесі. Мұндай ару бейнесі сол дәуірде әлемдік әдебиетте кездеспейтін сирек құбылыс. Байлығы мен билігі шексіз, бірақ көркем мінезді жомарт патша Хұсрауға қарсы қойылған кейіпкер де соны, ол – қарапайым еңбек адамы, тас қашаушы Фархад. Оның алып денесі мен ізгі көңілі адал еңбек иесінің мәртебесі патша тағынан да, қисапсыз қазынадан да асқақ екендігін танытып, данышпан Низами гуманистік рухты, адалдық пен еңбекқұмарлықты, мөлдір махаббатты барша құндылықтан артық бағалап, адамзатқа үлгі еткендігін дәйектейді.
«Хамсадағы» оқиғалар шытырман хикая, қызықты аңыз-әпсана, ширыққан сюжеттік желіге өріліп, оқырманды бейжай қалдырмай тартымдылығымен арбап алады. Шайырдың шеберлігі сол, оның әрбір кейіпкері бір-біріне мүлде ұқсамай, жаңа қырымен,тылсым сырымен, қызу тартыс-таласпен, әр дастанда оқиғалар буырқанып дамумен суреттеледі. Мысалы, Хұсрау патша мен Фархад шебердің кездесуіндегі мынау диалог ежелгі түркі дәстүріндегі айтыс үлгісінде, нақтырақ айтқанда, шешендік дау мазмұнында берілген десек болады:
Хұсрау: – Уа, кімсің сен, қалай білмей келгенмін.
Фархад: – Менің өлкем алыста, достық деген елденмін.
Хұсрау: – Немен сауда жасайды, қияннан келіп қайдағы?
Фархад: – Жүректерін айырбастап, қайғы арқалап қайтады.
Хұсрау: – Жүректерді тастап кету оңай емес екен ғой.
Фархад: – Бұл махаббат әркімге олжа бермес мекен ғой.
(Аударған Ө.Күмісбаев)
Данышпан ақынның адамның кемелденуі мен жүректі әспеттеуі, ізгілік пен махаббатты, адамның ар-намысын, мұқалмас жігерін дәріптеуі, әділетті қоғамды, қайырымды мекенді арман-аңсар етуі бағзы түркілік «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» Жерұйық – Өтүкен әпсанасымен, сонымен бірге кейінгі Әбу Насыр әл-Фараби мұратымен терең үйлесіп қабысады. Әлбетте, антикалық санаткерлер мен үнді даналарының ой ұшқындары да Низами Гәнжауи өнернамасында айрықша із қалдырғаны аңдалады. Адамзаттың ақыл-ой қазынасының тұнығымен суарылған оның озық туындыларының мәңгілік жасау сыры да осында болса керек. Мәселен, ақынның суреттеуінде Ескендір ел қамын жеген, қара қылды қақ жарған әділетті, мінсіз патша, заманынан озған ойшыл, оның қасында еріп жүрген нөкерлері Аристотель, Валис (Фалес Милетский), Сократ, Пулинас (Аполлоний Тианский), Фурфуриус (Порфирий Тирский), Хермис (Гермес Трисмегист) және Платон.
Ол жаһанды шарлап жүріп Әзербайжанның Барда өлкесінен ару патшайым Нушабе еліне келеді. Ақын Әзербайжан жерінің сұлулығын, Барда қаласының әсемдігін, адамдарының жомарт пейілін құлпыртып айшықтайды. Жиһанкез ол елде тек қана әйелдер өмір сүретінін, ғажайып әділет орнағанына куә болады. Елші болып пішінін өзгертіп жасырынып келген Ескендір патшаны Нушабе ханым біліп қояды, себебі Зұлқарнайынның суреті сарай қорында бар болатын. Ол ұлық мейманның құрметіне ұлан-асыр той жасап, дастарқан тартады. Мұндағы ас мәзірі патша мен оның сарбаздарын таңғалдырады. Себебі Нушабе ханым тағамның орнына, дастарқанға үйіп-төгіп небір асыл тас, жауһарларды жайнатып қояды. Бұған патша қайран қалып, себебін сұрағанда ханшайым былай деп жауап береді:
Сізге тамақ болмаса гауһар маржан,
Ел тонайсың неліктен салып майдан.
Жылтыраған меруерт, жақұт, лағыл,
Ашыққанға бидайдай болсын қайдан?
Көздің құртын алатын асыл тасқа,
Алданып ашкөз жандар жолдан тайған.
Талай адам аштықтан бұралып жүр,
Соның қамын кім ойлар, патшам, ойлан?!
(Аударған А.Тойшанұлы)
«Ескендірнама» дастаны «Шарафнама» (Даңқ кітабы) және «Икбалнаме» (Бақыт кітабы) атты екі бөлімнен тұратыны белгілі. Соңғы бөлімде Ескендір патша әлемді шарлап жүріп солтүстік қиырдан «Ізгі қалаға» тап болады. Бұл ғажайып мекеннің сипаты да Әбу Насыр әл-Фараби трактатында баяндалған әділетті қала-мемлекетке ұқсас болуы түркі ұлыларының арасындағы дәстүр сабақтастығы берік болғандығының бір дәлелі-сынды. Бұл қалада әрбір адамның құқы тең, билеуші мен бағынушыда айырма жоқ, бай мен кедей деген түсінік жойылған, зорлық-зомбылық атымен жоқ, қожайын мен құл деген болмайды, ауру, аштық пен жалаңаштық жоқ, адамдар қартайғанша бақытты өмір сүре береді, себебі әділет салтанат құрып, тұрғындар еркіндікпен толық қамтамасыз етілген. Егер қапелімде біреу әділет заңын бұзса, оны адамдар бұл өлкеден қуып жібереді екен. Ежелгі түркінің «Мәңгі ел» әпсанасынан бастау алып бауырлас халықтардың эпикалық санасына арқау болған осы ізгі мекенді Низами асқақтата жырлайды. Оның тұрғындары жиһанкезге былай дейді:
Біздің елде болмайды ұрлық-қарлық,
Қажетсіз боп есіктен құлыпты алдық.
Мұнда жоқ алдап-арбау, өтірік айту,
Қорқыныш, зорлық, қорлық, кіріптарлық.
Сиырлар ен жайлауды аралайды,
Біреу бағып, оны ешкім қамамайды.
Сенсеңіз, жыртқышқа да зиын біткен,
Арыстан-қасқыр табынға жоламайды.
(Аударған А.Тойшанұлы)
Гәнжауидің әлеуметтік-утопиялық көзқарастары, асыл мұраттары көне түркі, орта ғасырлық түркі жазба әдеби мұрасы, халық қазынасымен тығыз астасып жатуы қайран қалдырады. Ол жырына арқау еткен тақырыптарды шығыс классиктерінің баршасы нәзира үлгісі бойынша қайтадан жаңғыртып жырлап, өнегелі мектеп қалыптастырған. Әлбетте, Низами поэзиясының дәстүрлі өрнегі қазақ поэзиясында Шортанбай, Дулат, Абай, Шәкәрім, Шәңгерей, Шәді, Мәшһүр Жүсіп, Ақан сері, Тұрмағамбет секілді сөз зергерлерінің шығармаларында айқын байқалып тұрады.
Ұлы Абай ұстазы Низами Гәнжауиден көп үлгі үйренгені оның өлеңдерінің ой құнары мен көркемдік кестесінен аңдалады. Ақын Абай нәзирашылдық дәстүрінде «Ескендір» поэмасын жырлағаны анық. Бірақ ол ұлы ұстазына құр еліктемей оның мұрасын шығармашылықпен еркін меңгеріп, өзі өмір сүріп отырған дәуірінің шындығы тұрғысынан бағамдағаны байқалады. Низами «Хамсасында» кейіпкер болған барша патшаларды сынап-мінеп, тек қана Ескендірді мінсіз патша, әділетті билеуші, ерекше асылзада етіп бейнелейді. Науаи да осы сүрлеуді ұстанады. Абай болса, керісінше Ескендірді жойқын шапқыншылық жасап ел жаулаған ашкөз жеміт патша ретінде әшкерелеп, «бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық» деп өз өлеңінде айтқанындай дана Аристотельді асқақтатады. Пенденің тойымсыз көзі бір шымшым топыраққа тояды деген ескі аңызды тәмсіл етіп, айналасындағы замандастарға, оқырмандарға сыншыл ой тастап, ғибрат беруді, дүниеқоңыздықтан сақтандыруды мақсұт тұтады.
Низами мен Абайда үндес үлгі, орамдас ой сарыны мол кездеседі:
Низами:
Жазмышты ұқ, – фәнилік бұл іс пен атақ,
Бәрі де болар бір күн көр-топырақ.
(Аударған Қ.Бекқожин)
Абай:
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ұлы Абай дәстүрін кейінгі толқын қазақ ақындары жасампаздықпен жаңғыртты. Данышпан Низами Гәнжауидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын Т.Жароков, Т.Әлімқұлов, Ғ.Орманов, Қ.Аманжолов, Ж.Сыздықов, Д.Әбілов, А.Жұмағалиев бастаған бір топ әйгілі ақындар аударып, 1947 жылы Низами Гәнжауидің 800 жылдық мерейтойына тарту етті. 1980 жылы «Жеті ару» поэмасын көрнекті ақын Қ.Бекқожин аударып жариялады.
Низами Гәнжауи отыздан асқан шағында қыпшақ қызы Әппаққа үйленіп, оған көптеген өлеңін арнап, асыл жарының бейнесін, мөлдір махаббатын жыр-дастандарында шеберлікпен мүсіндеген. Осы шежірелік тарихтан шабытына алау жаққан ақиық ақын Қ.Бекқожин 1974 жылы «Әппақнама» дастанын жазады. Қ.Қуанышбаев театры Низами Гәнжауидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны желісі бойынша спектакль әзірлеп, 2019 жылы табысты сахналап, көрерменге көне ғасыр күмбірін жеткізді.
Сөз асыл талай ғайып сыр ашатын,
Әлеммен сыры жұмбақ сырласатын.
Бүгін бардың ертең-ақ бәрі өшер,
Сөз ғана мәңгі жасап, майдан кешер!
Бақ солар, жібек шіріп, күмбез құлар,
Бәрі-бәрі желге кетер, тек сөз қалар.
(Аударған Қ.Бекқожин)
– деп түркі халқының данышпан ақыны Низами Гәнжауи жырлағандай шайырдың өнер әлеміндегі шұғыласы адамзат баласының жүрегіне нұрлы шуағын мәңгі шаша береді.