Теннис • 08 Сәуір, 2021

Алдымызда – Аргентина

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы айдың екінші жартысында Аргентинаның оңтүстігінде орналасқан Кордова қаласында теннистен әйелдер арасындағы дәстүрлі Билли Джин Кинг кубогының (бұрынғы Федерация кубогы) плей-офф сайыстары басталады. Жарыс жолына шығатын командалардың қатарында Қазақстанның ұлттық құрамасы да бар. Біздің қыздар 16-17 сәуір күндері аргентиналық теннисшілермен шеберлік байқасады. Пиреней түбегіндегі турнирде бізбен ойнайтын сол команда жайында не білеміз?

Алдымызда – Аргентина

Бірден айта кетейік, дәл қазіргі кезде Аргентина құрамасы біздер үшін алынбайтын қамал емес. Өйткені бұл елдің бір ғана өкілі «ТОП-100» ойыншының санатында. Ол – Надя Подорошка. 24 жастағы Росарио қаласының тумасы былтыр Ролан Гаррос турнирінде үздік төрттіктің қатарына қосылып, жанкүйерлер назарын өзіне аударған еді. Париждегі додада ол бельгиялық Гретье Минненді, қазақстандық Юлия Путинцева мен чехиялық Барбора Крейчикованы және украиналық Элина Свитолинаны сан соқтырып, жартылай финалда польшалық Ига Свентекке есе жіберді. Сонымен қа­тар ол 2019 жылы Лимада алауы тұтанған Панамерика ойындарында жеңімпаз атанды. Подорошканың одан басқа жеңіп алған пәлендей атағы жоқ. Бұл күндері теннисші әлемдік рейтингте 46-орынды иеленіп отыр.

Аргентинаның өзге теннисшілерінің нәтижелері тіптен төмен. Мәселен, Паула Ормаэчеа небәрі 282-орынды еншілеуде. 28 жаста болса да, «Үлкен дулыға» санатындағы турнир­лерде үшінші айналымнан асып көрген емес. Ал Мария Лурдес Карле (435), Виктория Бозио (437), Евгения Ганга (718), Жюльета Лара Эстейбл (756), Мелани Соланге Крывой (804) секілді ойыншылар қалың топтың арасында жүр. Олардан пәлендей қауіп келе қоймас деп ойлаймыз.

Аргентинаға қарағанда қазақ­стан­дық­тардың қарқыны әлдеқайда ширақ. Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA тізімінде 23-орынды иеленуде. Ал Юлия Путинцева 31, Зарина Диас 88-сатыға жайғасқан. Бұл ойын­шылардың барлығы да әр жылдары кіл мықтылар жиналатын «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердің бел ортасына дейін жеткен. Сонымен қатар қосалқы құрамда Анна Данилина (290), Гозаль Айнитдинова (469), Жібек Құламбаева (619) және Ярослава Шведова (738) сияқты қыздарымыз
бар.

Ал Билли Джин Кинг кубогының жеңімпаздары жайында айтар болсақ, бұл жарыста ең көп олжаға кенелген  АҚШ құрамасы. Америкалықтар 18 мәрте бас жүлдені олжалаған. Чехия 11 рет топ жарса, Аустралия жеті рет алдына жан салмапты. Сондай-ақ жеңімпаздар қатарында Испания (5 рет), Италия (4 рет), Ресей (4 рет), Франция (3 рет), Германия (2 рет), Бельгия (1 рет), Словакия (1 рет) және ОАР (1 рет) секілді құрамалар бар. 

Соңғы жарыс 2019 жылы жасыл құр­лық­тағы Перт қаласында ұйым­дас­ты­рылды. Финалдық сайыс­та Аустралия мен Франция шеберлік байқасты. Бұл тартыс 3:2 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Жеңімпаз команданың сапында Каролин Гарсия, Кристина Младенович және  Полин Пармантье өнер көрсетті.