Саясат • 08 Сәуір, 2021

Мьянмадағы наразылықтар

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мьянмада жаппай наразылықтар 1 ақпанда әскерилер елді толық бақылауға алғаннан бері өтіп келеді. Одан бері жүздеген адамның, оның ішінде балалардың да өмірі қиылды.

Мьянмадағы наразылықтар

Елдегі төңкеріске саяси оқиғалар себеп болған. 1 ақпанда таңертең Мьянманың билеуші партиясы «Демократия үшін ұлттық лигасының» басшысы, мемлекеттік кеңесші Аун Сан Су Чжи, Мьянма президенті Вин Мьин және саяси басшылықтың басқа мүшелері тұтқынға алынған. Сөйтіп елде бір жыл мерзімге төтенше жағдай жарияланды. Әскери күштер бірінші вице-президент Мьин Све қол қойған мәлімдемеге сәйкес мемлекеттік билік Қарулы күштердің бас қолбасшысы Мин Аун Хлайинге берілетінін мәлімдеген. Аун Сан Су Чжи қамауға алынғанға дейін жазған хатында жақтастарын бұл шешімге қарсы тұрып, наразылық білдіруге шақырған. Оның айтуынша, әскери әрекеттер диктатураның оралуына ықпал етеді.

Соңғы айларда ел басшылығы мен армия ара­сындағы қарым-қатынас күрт нашарлаған. Бұған елдегі қарашада өткен сайлаудың нәтижелері себеп болды. Аун Сан Су Чжидің басшылығымен «Демократия үшін ұлттық лига» саяси партиясы сайлауда Парламенттегі орындардың 83 пайызына ие болған. Көптеген адам бұл нәтижені азаматтық үкіметтің жандануы деп қабылдады. Алайда партия көшбасшысы балаларының шетел азаматтығына ие болуына байланысты президент атана алмайды.

Бұл елдегі  2011 жылы әскери диктатура аяқталғаннан кейінгі екінші жалпы сайлау еді. Осыдан кейін Мьянмада демократиялық реформалар басталды. Алайда әскери күштер нәтижеге қарсы шығып, жоғарғы сотқа президент пен орталық сайлау комиссиясының басшысына қарсы шағым түсірді. ОСК жалған айыптауларды жоққа шығарған. Осыдан соң бас қолбасшы елде төңкеріс жасады. Әскери төңкерістің нәтижесінде елдің үлкен бөлігі интернетсіз қалған. Әскерилердің қазіргі әрекеті елді өте қауіпті әрі күрделі жолға итермеледі деуге де болады.