Таяуда осы кентте Таңыбай Бекназарұлына қоладан құйылған алып мүсін орнатылды. Бұл игілікті жобаны батырдың ұрпақтары қор құрып, қаражат жиып, өздері жүзеге асырған екен.
Салтанатты іс-шара барысында құттықтау сөз сөйлеген Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров ескерткіштің Мойынты кентінде орнатылуы тегін еместігін атап өтті. Өйткені Таңыбай батыр осы өлкені мекен еткен. Қазіргі уақытта батырдың өсіп-өнген ұрпақтары Мойынты-Киікті өңірінде көптеп тұрады.
Кейбір тарихи деректер бойынша, Таңыбай Бекназарұлы 1670 жылы дүниеге келіп, 1755 жылы қайтыс болыпты. Даланың ауызша тарихы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманындағы қалмақ-жоңғар шапқыншылығында Ер Таңыбайдың Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Тарақты Наймантай, Сарым Дербісәлі, Керней Жарылғап, Тарақты Байғозы сынды батырлармен тізе қосып, ел мен жерді ата жаудан қорғағанын айтады.
Таңыбай батыр қартайып барып, 85 жасында дүние салған. Оның сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылған деген дерек бар.
Таңыбай батыр ұрпақтары арасында елге танымал тұлғалар жеткілікті. Мысалы, заманында Құнанбаймен аға сұлтандыққа таласқан Көпбай болыс, Арқада өз алдына шертпе күй мектебін құрған Қыздарбек Төребайұлы, оның шәкірттері Әбди, Мақаш, Сембек күйшілер, сондай-ақ атақты Әбікен Хасенов осы атадан тарайды.
Тағылымды іс-шара барысында осы ауылдың тумалары Досым Сарғасқаев пен Роза Сүлейменова музыкасы мен сөзін жазған «Мойынты вальсі» әнінің тұсауы кесілді.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы