Жалпы, облыста вакциналау сынды аса жауапты шаруамен 30 кабинеттен тұратын 14 орталық айналысады. Олар Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск, Балқаш және Жезқазған қалаларында жұмыс істеп тұр. Кейінде Қарқаралы ауданындағы орталық аурухана жанынан тағы бір орталық ашылды.
Алдағы уақытта 35 вакциналау орталығы іске қосылмақшы. Мұнда әрқайсының өткізу қабілеті тәулігіне 70-80 адамды құрайтын 115 егу кабинеті болады.
Қарағанды облысы 1 сәуірде аталған вакцинаның бірінші компонентінің 7 600 дозасын алған. Эпидемиологиялық жағдай ескеріле отырып, бірінші кезекте бұл партиямен медициналық және әлеуметтік мекемелердің тәуекел топқа жататын қызметкерлері мен сондағы адамдарды вакциналауға шешім қабылданыпты.
– Осы аптаның соңына қарай Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілетін Спутник V вакцинасының тағы 40 мың дозасы жеткізілуі тиіс. Сәуір айында тағы да кезекті партиясын аламыз, – дейді Б.Төлегенова.
Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы тұрғындарды жаппай вакциналау сәуір айының ортасында басталатынын айтады. Осы орайда ірі сауда үйлерінде вакциналау орталықтарын ашу ұйғарылған. Бұл жылжымалы бекеттер емес, толыққанды құрылымдар болмақшы. Онда дәрігерлік және егу кабинеттері, вакцинадан кейінгі бақылау және шұғыл көмек аймақтары болады. Олардың бәрі стационарлық медициналық тоңазытқыштармен және барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта бұл орталықтардың жұмысын үйлестіру санитарлық-эпидемиялық қызметпен бірге пысықталу үстінде.
Коронавирусқа қарсы вакцина алу ерікті және тегін екенін айта кеткен жөн. Балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге вакциналау жүргізілмейді. Ал басқа жастағы адамдарға шектеу жоқ.
Екпе салдыруға ниет білдірген тұрғындар алдымен өздері тіркелген емханаға барып, күту тізіміне жазылуы керек. Егер белгілі бір адам қандай да бір себептермен белгіленген күні вакциналауға келе алмаса, ол міндетті түрде бұл туралы хабарлауы тиіс. Өйткені әрбір доза қатаң есепте тұрады. Мысалы, келе алмаған әлгі адамның кезегі басқаға ауыстырылады.
Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Б.Төлегенова вакциналаудың пандемияны тоқтатудың жалғыз ғана тәсілі екенін, бұл маңызды шаруаға тұрғындардың үлкен жауапкершілікпен және түсіністікпен қараулары керектігін айтады.
Еске сала кететін бір жайт, қазіргі уақытта мамандар жасанды иммунитеттің болғаны абзал деген ұйғарымды жақтап жүр. Мысалы, Спутник V вакцинасын жасап шығарған Н.Гамалея атындағы ұлттық зерттеу орталығының ғалымдары өздері жариялаған мақалаларда иммунитеттің қалыптасу үдерісі екі жылға дейін созылатынын мәлім етті.
Соңғы тәулік бойынша жеткен мәліметтерге сай, Қарағанды облысында 144 адам коронавирус инфекциясын жұқтырыпты. Ал кешегі ұсынылған ақпарат бойынша, 89 науқас аурудан жазылып шыққан.
Қарағанды облысы