Елорда • 08 Сәуір, 2021

Нұр-Сұлтан тұрғындарына газ қосу үшін пайызсыз несие беріледі

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Halyk Bank және «ECOJER» қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында тұрғын үйлерді газдандыруға жәрдемдесу бойынша жоба іске қосылды, деп хабарлайды  Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан тұрғындарына газ қосу үшін пайызсыз несие беріледі

Ол Halyk Bank-тен елордада алғашқы жүз тұрғынның үйлерін газбен жабдықтаудың орталық желілеріне қосу үшін пайызсыз кредит беруді көздейді.

Халықтың экологиялық таза көгілдір отынға көшуін жеделдету үшін қаржылық ынталандырудың қосымша шараларын енгізу қажет.

Осыған байланысты Halyk Bank аса ірі әлеуметтік жауапты қаржы институты ретінде, өз үйлерін газға қосуды қалайтын бірінші жүз абонентке пайызсыз кредит бере отырып «ECOJER» қауымдастығының бастамасын қолдады.

«Бүгінде экология мәселесі өте өзекті, әсіресе ірі отандық мегаполистер үшін. Сондықтан Halyk Bank экологияны жақсартуға және ауа бассейнін тазартуға байланысты бірқатар бастамаларды қолдайды. Бүгін біз Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үйлерді газдандыру жобасын қолдауға дайын екенімізді мәлімдедік. Жоба қосу бойынша жұмыстардың барлық көлеміне есептелгенін атап өткім келеді, яғни банк газды тұрғын үйге жеткізуден бастап, барлық қажетті газ коммуникацияларын қосуға және қажетті жабдықты орнатуға пайызсыз қарыз береді. Бұл біздің елорданың әуе бассейнін сауықтыруға қосқан үлесіміз. Біз өз тарапымыздан Елорданың бизнес-қоғамдастығын біздің бастамамызға қосылуға шақырамыз», - деп атап өтті Halyk Bank Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова. 

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша пайызсыз кредит беру бағдарламасының шарттары бойынша елорда тұрғындары 750 000 теңгеге дейінгі сомаға, 18 айға дейінгі мерзімге жылдық 0% - бен кредит ала алады (қарызды ұйымдастырғаны үшін комиссия небәрі 0.1% - ды құрайды).

Осылайша, жүзден астам отбасы газға көшуге мүмкіндік алады, өз жағдайларын едәуір жақсартады және ең бастысы атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға ықпал етеді.

«ECOJER» қауымдастығы Кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова бұл әлеуметтік маңызы бар жоба Мемлекет басшысының елорданы газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындауды қолдау мақсатында іске асырылып жатқанын атап өтті.

«ECOJER Қазақстан бизнесінің ең ірі экологиялық серіктесі бола отырып, кәсіпорындардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуды және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды өз мақсаттарының бірі деп санайды. Ауаның ластануы тек экологиялық проблема ғана емес, сонымен бірге экономикалық проблема болып табылады.Сарапшылардың бағалауы бойынша ауа сапасының нашарлығы экономиканың өсуін баяулатады және ЖІӨ-ден жыл сайын 1,5-2% шығын болуына ықпал етеді. Біз Halyk Bank пен қала әкімдігіне елорда халқы табиғи газды өте тиімді қаржылық шарттарда пайдалануға көшуі жөніндегі жобаны қолдағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Алғашқы жүз қатысушы осы үлкен қадамның жақсы бастауы болады және жоба басқа қаржы институттарының қатысуымен кеңейе түседі деп үміттенеміз", - деді Лаззат Рамазанова.

Пайызсыз несие алу үшін бағдарламаға қатысушылар:

- кеңес алу, өлшеу мен құнын есептеуді жүзеге асыру үшін жақын жердегі ұйымға («Capital Construction 2020» ЖШС) жүгінуі;
- газды қосу үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ техникалық шарттар алуы;
- жеткізушімен шарт жасап, «ECOJER» қауымдастығының «Жасыл сертификатын» алуы;
- шартпен және сертификатпен Halyk Bank-тің екі бөлімшесінің біріне пайызсыз кредит алу үшін жүгінуі керек (Жеңіс даңғылы, № 72 үй және Бейбітшілік көшесі, № 24 үй, № 4 т.е.ж.).
 
Толығырақ ақпарат halykbank.kz және ecojer.kz сайттарынан алуға болады.