«Өзендердің ашылуы және су деңгейінің көтерілуі байқалады. Бұл ретте шекті деңгейден асып кеткен жоқ», дейді облыстық ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Алексей Штыкель.
Облыста қар мөлшері 33 пайызға дейін азайды. Риддер қаласында, Катонқарағай, Бородулиха аудандарында қар қалыңдығы 50 сантиметрден аспайды. Алтай ауданында ғана 71 сантиметр.
Ертіс, Үбі, Күршім өзендеріндегі мұздың кептеліп қалу қаупі бар 19 учаскелерде профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, құтқарушылар облыс аумағында жоғары дайындық режимде жұмыс істеп жатыр. Жедел штабтар да құрылған.
Ал Ертістің жағасындағы Глубокое ауданында қарсуын бұру жұмыстары қолға алынды. Жол бойына 350-ден астам қап төселді. Өйткені, Глубокое кентіндегі бұлақ арнасындағы су жолға жайылып кеткен. Оқиға орнында екі техника және 24 адам жұмыс істеді.