Семинардың негізгі дәріскері Президент Архивінің директоры Ж.Әбдіқадырова Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдалану жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне тоқталып, зерттеушілердің қор құрамымен қашықтан Архивтің сайты арқылы танысуға мүмкіндіктері бар екендігін атап өтті. Сонымен қатар Архивтің Алаш қозғалысының тарихы бойынша, 1939-1945 жылдары. Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары, өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық, 1930-1940 жылдардағы Қазақстанға күштеп қоныс аударуға қатысты жобалары туралы айтып өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарының негізгі тақырыптары осы мәселелермен астасып жатқанына баса назар аударды.
Семинарға қатысушылар архив жұмысына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, бірқатар мәселе бойынша қызу пікірталас туындады. Қатысушылардың көпшілігі Президент Архивіндегі зерттеушілердің жұмыс істеуі үшін жасалған қолайлы жағдайды атап өтті.
Өткен ғасырдағы Қазақстан тарихының қасіретті оқиғаларына қатысты құжаттар негізінен, Президент Архивінің 139, 141 және 708-қорларында топтастырылған. Аталған қорларда сақтаудағы архивтік құжаттар құжаттық жинақтарда жариялану арқылы белсенді түрде ғылыми айналымға енгізілуде. Осындай құжаттық жинақтың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе дайындалған «Депортациялар тарихынан» құжаттық жинағы. Жинақтың 1930-1945 жылдар аралығын қамтиын үш кітабы жарыққа шыққан, төртінші кітабын дайындау жұмыстары қазіргі уақытта жүргізіліп жатыр. Жұмыс топтары мүшелерінің өтініші бойынша жинақтың үш кітабы Архив сайтына орналастырылады.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің жетекшісі С.Қасымов өз сөзінде Президент Архивінің құжаттарға қолжетімділікті ұйымдастырудағы тәжірибесі басқа да өңірлік, республикалық және арнайы архивтерге пайдалы боларын атап өтті.
Семинар жұмысына Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарының мүшелері, Президент Архивінің қызметкерлері мен Ғылыми кеңесінің мүшелері қатысты.
Мұхаммед ЖЫЛГЕЛДИНОВ,
Қазақстан Президенті Архивінің қызметкері