Аймақтар • 09 Сәуір, 2021

Тасқынға тас-түйін дайын

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы аумағындағы сай-салада қалыңдығы бір метрге жуық қасат қар әлі жатыр. Егер бүгін-ертең күн күрт жылитын болса, бұл қардың қауырт еритін түрі бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде болған брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов мәлімдеген болатын.

Тасқынға тас-түйін дайын

– Қазіргі уақытта облыста су тасқыны жағдайы тұрақты. Тұрғын үйлер мен тас жолдарды су басу жағдайлары тіркелген жоқ. Қазгидрометтің хабарлауынша, қар қорының азаюы Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің бассейндерінде байқалады. Ірі су қоймаларының жағдайы тұрақты. Самарқан және Ынтымақ су қоймаларында тасқын суларды қабылдауға жеткілікті көлем бар. Космомониторинг көрсеткендей, қазіргі уақытта облыс аумағының шамамен 50%-ы қар жамылған, – деді ол.

Бүгінде тасқынға тосқын қою ісін қа­дағалау үшін құрылған комиссия қалыптасқан жағдаймен жете танысу үшін елді мекендерді жиі аралап жүр. Қарғын судың алдын алу мақсатында арықтар мен суағарлар тазартылып, топырақтан ұзыннан-ұзын жал тұр­ғызылып жатыр. Қауіпті деген 140-қа жуық учаске бақылауға алынып, 2 млн текше метр­ге жуық қар сыртқа шығарылған.

Былтыр облыстың 33 елді мекенінің аума­ғында 22 шақырым болатын қорғаныс бөгеті салынып, ірі өзендер арнасының қауіп туғызады-ау деген учаскелеріндегі 12 шақырым жері кеңейтілді. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 65,5 шақырым болатын арық және суағар жүйелері күл-қоқыстан тазартылған. Автожолдардағы 74 учаскенің суағарларының өткізу мүмкіндігі арттырылыпты.

Су тасқыны бола қалған жағдайда тұр­ғындарды көшіріп апаруға болатын 253 қа­былдау бекеті дайын. Бұл жерлерде азық-тү­лік пен ауыз судың  жеткілікті қоры бар.

Облыстық төтенше жағдайлар депар­таментінің басшысы Мұрат Қатпановтың айтуынша, өткен жылдары тасқын судан зардап шеккен елді мекендер ерекше бақылауға алынған. Мысалы, сол кездері үйлеріне су кіріп, дүние-мүлкі қатты зақымданған Ғ.Мұстафин атындағы ауылдың маңына ұзындығы 6,5 шақырым болатын қорғаныш жал тұрғызылған. Сонымен қатар Чкалов және Садовое ауылдары да тасқыннан толық дерлік қорғалған деуге болады.

– Сәуір айының алғашқы онкүндігінде өзендердегі мұз бұзыла бастайды. Жақын арада Абай және Бұқар жырау аудандары аумағындағы өзендерде жарылыс жұмыстары басталады, – деді М.Қатпанов.

Тасқынға тосқын қоятын күш жеткілікті дегенді айтады жауапты тұлғалар. Бүгінде Төтенше жағдайлар департаментінің 400 қызметкері мен 100 техника бірлігі қандай жағдайға болсын сақадай-сай. Сондай-ақ мекемеде қажетті арнайы техникамен және құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген алты құрама топ бар. Олардың әрқайсысының жауап беретін аумақтары анықталып, міндеттері белгіленген.

Сонымен бірге полициясы, азаматтық қорғанысы, әскерилері бар, жалпы саны 6300 адам мен 1,5 мың техника бірлігінен тұра­тын құрылымдар да жауапты кезеңде ха­лыққа қол­­ұшын беруге дайын екендігі белгілі болды.

Қазіргі уақытта елді мекендерде жер үйлерге су кіріп, жекенің мүлкі бүлініп жат­қан деректер арагідік кездесіп қалып жатады. Арнайы комиссия бұл оқиғалар бойынша жеке-жеке мониторингтік тексерулер жүргізіп, өтемақы мөлшерін соның қорытындысына қарай анықтайтын болады.

 

Қарағанды облысы