Өнер • 09 Сәуір, 2021

Еуропа шеберлерінің қолтаңбасы

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің жинақтамасынан (гравюра және офорт) алынған туындылар көрерменді әлемдік мәдениеттің жауһар мұраларымен таныстырады. Музей қабырғасында салтанат құрған «XVI-XVII ғасырлардағы Еуропа графикасы» деп аталған көрмеден әлем таныған сурет саңлақтарының қолтаңбасын тамашалаудың таптырмас мүмкіндігі туып отыр.

Еуропа шеберлерінің қолтаңбасы

Экспозицияға Германия, Франция және Нидерланд суретшілері Альбрехт Дюрер, Жак Калло, Рембрандт Ван Рейн, Антони Ватерло, Ян Ливенс сынды белгілі қылқалам шеберлерінің 100-ден астам туындысы қо­йыл­ған. Жаһандық әлемді құру жолындағы бетбұрыс кез­еңі деп аталған XVI-XVII ғасыр әлемдік тарихтың маңызды кезеңі саналады. Дәл сол кезеңнен бастап графиканың офорт деп аталатын түрі баспа графикасының танымдық, ғылыми және діни мазмұндағы суреттерін тарататын ыңғайлы әрі арзан құрал ретінде қол­даныла бастады.

Көрмеге француз графика мектебінің XVII ғасырдағы көрнекті өкілі, өзінің замандас суретшілеріне, олардың арасында әйгілі Рембрандтқа елеулі ықпал жасаған Жак Каллоның (1592-1635) туындылары қойылды. Каллоның «Соғыстың кіші апаттары» (1632) және «Соғыстың үлкен апаттары» (1634) топтамалары француз әскерінің оның кіндік қаны тамған Лотарингиясын басып алған кездегі қайғылы көрінісінен туған. Оның композицияларынан зорлық-зомбылық пен соғысқа деген наразылық үні естіледі.

1

Экспозицияның негізгі бөлігін картиналары әлемдік бейнелеу өнерінде үздік түп­нұсқа саналатын әйгілі голланд суретшісі Рембрандт Ван Рейннің (1606-1669) туындыларынан жасалған офорттар алады. Музейге әйгілі орыс коллекционері әрі суретшісі Н.Мосоловтың (1847-1914) кол­лекциясынан түскен бұл гра­фикалық туындылар ұлы шебер жауһарларының ерек­­шеліктерін жеткізуде орын­дау шеберлігімен және асқан дәлдігімен дара тұр. Экспонаттардың арасынан Рембрандтың «Киелі отбасы» (1645), «Түнгі бақылау» (1642), «Адасқан ұлдың ора­луы», «Даная» сынды бел­гілі картиналарының офорт­тарын көруге болады. Әсі­ресе, осы көрмеге қойыл­ған туын­­дылардың ішінен Рем­брандтың «лейден» кезеңінде орындалған «Қайыршы» (1630) композициясы ерекше қызықтырады. «Адамның сыртқы келбетін түзетуге қа­нағаттанбайтын, бірақ оның ішкі жағдайын анықтауға тырысатын» (Е.Левитин) Рембрандттың көлемі шағын офорты туындыгердің суреткер ретінде жоғары шеберлігін көрсетеді.

Көрермен үшін ұлы гол­ланд суретшісінің шығар­ма­шылығына арналған әр жыл­­дардағы сирек кітап ба­­­сылымдары да көр­ме­ден орын алған. Экспо­зиция­ның аталған бөлімімен – Ә.Қастеев атындағы Мем­ле­­кеттік өнер музейінің кі­тап­хана қорын­дағы бірегей жи­­нақтама аясында да та­ны­суға болады.

 1

АЛМАТЫ