Қоғам • 09 Сәуір, 2021

Карантин талаптарын сақтамағандар көп

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу үшін мониторингтік топтар құру аймақтағы бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 10 мамырдағы №12 қаулысы негізінде басталған болатын. Содан бері 1 жылға жуық уақыт өтіпті.

Карантин талаптарын сақтамағандар көп

Бастапқыда 15 топ болса, бүгінде олардың қатары 45-ке жетті. Былтыр мониторингтік топ 4 163 нысанды тексеріп, карантин талаптарын бұзған 919 деректі анықтады. Оның жартысына жуығы халыққа қызмет көрсету нысандарына қатысты, талапқа бағынбай үй жағдайында көпшілік қатысқан іс-шаралар ұйымдастырғандар да аз емес. Анықталған 919 дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-тің 425-бабының 1-бөлігімен жалпы сомасы 44 405 330 теңге әкімшілік айыппұл салынды

Ал осы жылдың басынан бері топ 1 904 нысанға рейдтік тексеріске шыққан. Осы уа­қыт аралығында карантин талаптарын сақ­та­маған 137 дерек анықталып, ҚР ӘҚБтК-тің 425-бабының 1-бөлігімен жалпы сомасы 11 576 735 теңгенің әкімшілік айыппұлы салынды. Талапқа бағынбайтындардың саны жағынан 45 дерекпен Қызылорда қаласы «көш бастап» тұр. Облыс орталығынан кейін 28 фактімен Қармақшы ауданы тұр. Арал ауданында да мониторингтік топ мүшелерінің назарына ілінгендер аз емес.

– Көп факті қоғамдық тамақтану орындарында тіркелуде. Бүгінде осы бағыттағы кәсіпкерлік нысандарының 74 мәрте карантин талаптарын бұзғаны анықталды. Келушілерге жеке қорғаныш құралдарынсыз қызмет көр­сет­кендер, ғимараттың толымдылығы 30%-дан аспауы қажет деген шектеуді сақтамағандар бар. Тіпті тыйымға қарамастан кейбір компью­тер­лік клубтардың жасырын жұмыс істеп тұр­ғаны белгілі болды, – дейді облыстық арна­йы мониторингтік топтың жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.

Аймақта карантин талаптары кезең-кезеңі­мен жеңілдетілгенімен бірқатар шектеулер әлі де сақталып отыр. Соған қарамастан тойды тоқтатпай отырғандар бар. Топ мүшелері жыл басынан бері үй жағдайында ұйымдастырылған 28 отбасылық той-жиынды анықтады. Шек­теу­лі саннан асырған мейрамханаларға да әкімшілік айыппұлдар салынды.

Шектеу шаралары еңбек ұжымдарының барлығында бірдей сақтала бермейді. Наурыз мерекелеріне орай өткізілген ұжымдық іс-шаралар кезінде карантин талаптарын сақ­та­маған бірқатар ұйымдар мен мемлекеттік қызметшілерге Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес айыппұлдар салынды. Ауыл­дық округтердің бірінің әкіміне 8 наурыз ме­ре­кесіне орай ұйымдастырылған жиын ке­зінде бет­перде кимегені үшін 230 АЕК әкім­ші­лік айып­пұл салынды.

– IV тоқсаннан бастап білім беру дәстүрлі және аралас форматқа ауысты. Осыған орай мектептердегі карантин талаптарының сақ­тал­уын бақылауды күшейттік. Сыныпта оқу­шы­ларды белгіленген шекті саннан асыру, бет­перделік режімнің сақталмауы, 80 адамды жинап, ұстаздар жиналысын өткізу сынды де­ректер тіркелді. Сондай-ақ, сыныптардағы ыл­ғалды тазалау жұмыстарының сапасыз өткі­зіл­гені белгілі болып, жауаптыларға әкімшілік айыппұлдар салынды, – дейді топ жетекшісі.

 

Қызылорда облысы