Аталған меморандум тараптарға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі интеграциясын қалыптастырудағы және дамытудағы рөлін зерделеу бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Түркі академиясы жыл сайын ғылым, мәдениет, білім және халықаралық ынтымақтастық саласындағы жобаларын жүзеге асырып келеді. Солардың қатарында түркі әлемінің ақсақалы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі халықтарының қарым-қатынасын дамытуға және бірлігін нығайтуға қосқан үлесіне арналған шаралар легі де аз емес. Өз кезегінде Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тарихи мұрасын сақтау, зерделеу және көпшілікке тарату үшін бар күшін салады. Жақында ғана тарихи оқиға болды. Үстіміздегі жылдың 31 наурызында өткен Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие болды. Бұл бірінші кезекте Нұрсұлтан Назарбаевтың беделімен тікелей байланысты деп айтуға толық негіз бар. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі өркениетін аса маңызды экономикалық және мәдени кеңістіктің біріне айналдыру үшін оны одан әрі жаңғыртуға шақырды. Осының бәрі Елбасы кітапханасы мен Халықаралық Түркі академиясының бірлескен жұмысына жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді Бақытжан Темірболат.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Елбасы кітапханасымен серіктестіктің маңызын атап өтті.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзге де түркі ұйымдары сияқты Түркі академиясының негізін қалаушы екені баршаға белгілі. Қазіргі таңда Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы Елбасының идеяларын жүзеге асыру, мирасын зерттеу біз үшін басты міндет боп саналады. Осы жолда, әлбетте, біздің басты серіктесіміз Елбасы кітапханасы екені сөзсіз, – деді академияның басшысы.
Құжатқа қол қою рәсімінен кейін Д.Қыдырәлі Елбасы кітапханасына Халықаралық Түркі академиясының атынан 70 кітапты сыйға тартты. Олардың ішінде «Түркі интеграциясының архитекторы», «Назарбаев көшбасшылығы: Ұлы даланың өрлеуі» (К.Зорлу), «Ұлы дала тарихы» (Д. Қыдырәлі), «Ұлы дала әдебиеті» (М. Жолдасбеков), «Шыңғыс Айтматов және қазіргі түркі әлемі», «Язык «жами'ат-таўарих» жалаири» (Р.Сыздықова), «Жібек жолындағы өркениет диалогы» (Қ.Хафизова), «Абайды оқы, таңырқа...» (М.Мырзахметұлы), «Йүсүп Ұлық Хас-хажиб Баласағұн. Құт әкелетін білім Құтадғу Білік», Алтай Республикасындағы көне түркі жазба ескерткіштерінің атласы (Қ.Қоңқабаев, Н.Үсеев, Қ. Шабданалиев), «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті» (А.Тоқтабай), «Әлихан Бөкейхан және түркі дүниесі» (С. Аққұлұлы) және тағы басқалары бар.
Өз кезегінде Б.Темірболат Түркі академиясының президентіне Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Летопись лидерства» еңбегін және орыс, түрік тілдерінде жарияланған «Н.Ә.Назарбаев және Ұлы Дала мұрасы» кітабын тарту етті.