Оқиға • 09 Сәуір, 2021

ШҚО: Қызға қол көтерген басқарма басшысы жұмыстан қуылды

913 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының басшысы ішімдік ішіп алып, қызға қол көтерген. 30 наурызда орын алған осы оқиға үшін Мирас Жұмағұлов қызметінен кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШҚО: Қызға қол көтерген басқарма басшысы жұмыстан қуылды

Анық болғандай, шенеунік 30 наурыз күні таңертең Қабанбай батыр көшесі, 109-үйдегі қоғамдық орында 23 жастағы қызды балағаттап, жанжалдасқан. Одан бөлек, қызға қол жұмсаған. Осы әрекеті арқылы басқарма басшысы ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 3-бөлігі,1,2,3 тармағын бұзып отыр.

«Бүкіл ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде лауазымды тұлғаның іс-әрекеті жарияланды, қоғамдық резонанс болды», деді тәртіп кеңесте Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысы Нұрлан Еркебаев.

Осылайша департамент басшысы, кеңестің төрағасы басқарма басшысының мемлекеттік қызметтен кетуін талап етті. Кеңес мүшелері бірауыздан келісіп, сөзге келместен, шешімді қолдады.