Қазақстан • 11 Сәуір, 2021

Алакөлге ғарышкер келгенде...

502 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біздің ауыл – Шығыстың шұрайлы жерлерінің бірі, қасиетті бабамыз Қаракерей Қабанбай батырдың кіндік қаны тамған жері, бабамыз мекендеген қасиетті Алакөлі, емге шипа, дертке дауа Барлық-Арасаны бар Қабанбай (бұрынғы аты Жарбұлақ) ауылы.

Алакөлге ғарышкер келгенде...

Міне, осы өлкеге, Қабанбай ауылына арнайы сапармен демалуға ақын-жазушылар, әртістер, ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және Қазақстанның түкпір-түкпірінен туристер, одан қалса көрші Ресейден, алыс-жақын шетел қонақтары жаз мезгілінде көптеп ағылады. Солардың ішінде Оразақын Асқар, жазушылар Хасен Әдібаев, Медеу Сәрсекеев, Қабдеш Жұмәділов, Зейнолла Сәнік, елімізге танымал әртістер Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Мәдина Ералиева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сынды танымал тұлғаларымызбен ауыл халқы арасында әртүрлі іс-шара, кез­десу өткізіп тұратынбыз. 2007 жылы тамыз айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев осы Алакөлге келіп демалып қайт­қан. Есімде, Нұрсұлтан Әбішұлы теледидардан берген сұхбатында: «Мен әлемнің талай жерін араладым, талай жерлерді көрдім. Бірақ өзіміздің Ала­көлдің шығыс жағына барған кезде ондай таза, мөлдір, емге шипа көлді бірінші рет көруім», деді.

Осындай қызықты кездесулердің бірі ғарышкер Павел Романович Поповичпен болды. Біз, кеңшар директоры Рақымғали Төлеубеков екеуіміз ол кезде Еңбек Қызыл Ту орденді асылтұқымды «Жарбұлақ» қой кеңшарының атынан аудандық партия комитетінің жиналыс залында актив жиналысында отырғанбыз. Жиналыс үстінде ұлықсат сұрап бірінші хатшының машинист-секретары кірді де, бірінші хатшыға: «Кешіріңіз, Сізді обкомның бірінші хатшысы телефонға шақырады» деді. Жақан Исмағұлұлы Смағұлов сөйлесіп келген бойда – «Төлеубеков, Юсбеков, дереу ауылдарыңа қайтыңдар! Алакөлге келе жатқан космонавт Поповичпен халықтың кездесуін ұйымдастырыңдар!» деді. Бұл 1978-1979 жылдар болатын. Ауылға келе салып, 2-3 сағат ішінде кездесуді ұйымдастыруды бастап кеттік.

П.Р.Поповичті ауыл өнерпаздары нан-тұзбен салтанатты түрде қарсы алды. Өз сөзінде Павел Романович Попович 1930 жылы Украина хуторында туып, оқу бітірген соң әскери-ұшқыш мамандығын игеріп, ұшқыш-сынақшы болғанын айтты. Ғарышкерлер тобына қабылданып, барлық дайындық курсынан өткен. 1962 жылы 12-15 тамыз аралығында космосқа бірінші рет ұшып, Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 1974 жылы екінші рет ұшып, екінші мәрте «Кеңес Одағының Батыры» атағымен марапатталды. Ауыл тұрғындары ғарышкерге өте көп сұрақ қойды. Халық қызыға тыңдап, толық жауап алғандарына риза болып, рахметтерін айтты. Қойған сұрақтарының ішінде «Радиодан хабарлағанда космонав­тардың хал-жағдайы жақсы, өз нормасында дейді. Ал сіздер өздеріңізді қалай сезінесіздер?» деді бір ауылдасымыз. Жауап: «Шындығын айтқанда алғашында ауыр сезінеміз, басымыз ауырады, біраз уақыт өткенде қалпына келеді, бізді арнаулы приборлар бақылап жерге белгілі нормадан аспағандығын жіберіп отырады». Сұрақ: «Қандай тамақ ішесіздер?», «Салмақсыздықты қалай сездіңіз?, «Жерді көргенде оны қалай бағаладыңыз?», «Космоста басқа денелерді, бейнелерді көрдіңіз бе?» және т.б. көптеген сұрақ болды. Соның ішінде «Генерал атағын қашан берді?» деген сұраққа қызықты жауап берді. «Осы сұрақты әкем де жиі қоятын. «Осы сен қашан генерал боласың?» дейтін. Өкінішке қарай, маған генералдық шенді жайырақ берді. Мен космонавт, Кеңес Одағының Батырымын. Мұндай атақты әркім ала бермейді. Не көп, генерал  көп десем, «Жоқ, мен үшін генералдың әкесі болу үлкен мақтаныш, сен генерал болғанда бүкіл хутордың халқына той жасаймын» дейтін. Айтқанындай, мен генерал шенін алғанда бүкіл хутор адамдарын шақырып той жасап, «Енді бүгін өлсем де арманым жоқ, генералдың әкесі болып өлемін», деп қуанды.

Кездесу соңында қазақтың салт-дәстүрі­мен арқасына шапан жауып рах­ме­тімізді айтып, ризашылығымызды біл­дірдік.

 

Слім Юсбекұлы,

зейнеткер, 1975-1987 жылдары

Еңбек Қызыл Ту орденді асыл тұқымды «Жарбұлақ» қой кеңшары партия ұйымының хатшысы

 

СЕМЕЙ