Аймақтар • 11 Сәуір, 2021

Ұлы даланы жаңғыртқан ұлағат

471 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мың сан игі бастамаға мұрындық болды.

Ұлы даланы жаңғыртқан ұлағат

Бұған осы бағдарлама басталғалы өт­кен төрт жыл ішінде бір ғана Батыс Қазақ­стан облысында атқа­рыл­­ған іс­терге шолу жасап, көз жет­кізуге бо­ла­­ды. Ең қуаныштысы, бұл жұ­мыс­тың ба­­сым көпшілігі халық­тың өз күші­мен, ерік­тілер мен демеушілердің қол­­дауы­­мен жүзеге асты. Бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығару деген осы емес пе?

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысын үйлестіріп отырған облыстық кеңсеге бас сұқсаңыз, төрт жыл ішінде жасалған небір жан тебі­рентерлік жаңалықтармен танысу­ға болады. Қағаз бетінде бірер сөйлем­мен жазылған ақпараттың артында жүздеген адамның жанқиярлық істері, аза­маттық ауан, мінез бен мейірім, пер­зенттік парыз, ақжүрек жомарттық жатыр.

Өңірлік офистің есебін қарап отырмын. «2017-2020 жылдары бағдарлама аясында Батыс Қазақстан облысында 5745 шара ұйымдастырылып, 5 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалды. Бұл іс-шараларға 1 миллионнан астам адам қамтылды» делінген екен. Шын­туай­тына келсек, облыстың бүкіл халқы 650 мыңнан сәл ғана асады. Яғни осы жылдары «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасының толқыны облыстың әр тұр­ғынын кемінде 2-3 рет шарпып өтті деген сөз ғой. Расында да халық ара­сында танымалдылығы, жақсы мағы­на­сын­да «жұқпалылығы» бұдан артық бас­тама бізде бұған дейін болмаған сияқты.

Бағдарламаға жақын жүргендер бі­леді, «Рухани жаңғырудың» бір­неше бағыты, яғни арнайы жобалары бекі­тілген. Бұл халық ішіндегі әр­түр­­лі әлеуметтік топтардың, қоғам­ның сан түрлі қатпарларының мақ­сат-мүддесіне, көзқарасына сай болу үшін жасалған. Шынында да кей­бі­реу­лер үшін туған жеріне көмектесу – пер­зенттік парыз болса, енді бір топ тарихи һәм киелі жерлердің көркейгенін қалайды. Әлемнің ең озық үлгілерін қазақ даласына алып келіп, қазақ тілін­де сөйлетуді қолға алғандар бір төбе болса, түгел түркінің тұтастығын ті­леп, туыстық туын желбірететіндер де аз емес. Осының бәрі түптеп келгенде Қазақ­стан қоғамын, қазақ халқын жаңа сапалық деңгейге көтерген бас­тама болғаны анық.

Сөз басында айтқанымыздай, бағ­дар­ламаның Батыс Қазақстан облы­сында даму динамикасынан хабар бере­тін бірер цифрды көрсете кетейік.

Бастама алғаш қолға алынған 2017 жылы өңірде 543 іс-шара ұйымдас­тырылып, оған жергілікті бюджеттен 199 млн теңге, ал демеушілер мен меценаттардан 2 млрд 581 млн 864 мың теңге жұмсалған екен. Бұл істерге 25,5 мыңдай адам атсалысқан.

Ал 2018 жылы бұл сандар еселеп өскен! Жыл бойына 1579 іс-шара өтіп, оған 194 550 адам қатысыпты. Атқа­рыл­ған жоба саны 252-ге жеткен.

Осы үрдіс 2019 жылы да сақталған. Іс-шаралар саны 2677-ге дейін кө­бейіп, 711 млн 448 мың теңгенің 195 жобасы жүзеге асқан. 260 мың тұрғын тартылған.

Ал өткен 2020 жылдың көрсет­кіш­теріне әлемді әбігер қылған пандемия кесірін тигізгені байқалады. Бірақ бұл кезеңде еріктілер алға шығып, тағдыр тәлкегіне қалған, аз қамтылған отбасыларға көмектесуге, пандемиямен күресіп жүрген медицина, құқық қор­ғау қызметкерлеріне қол ұшын беру­ге жұмылғанын көзіміз көрді. Бұл жылы меценаттардан жиналған қар­жы да артып, 1 млрд 51 млн теңге болыпты. 406 мың адам ақжолтай істерге атсалысқан.

 

Туған жердің

түтіні де ыстық

Қазақ «Ер – туған жеріне, ит – той­ған жеріне» деген мақал шығарған ха­­лық қой. Шынында жоғарыда атал­ған шаралардың басым көпшілігі, жұм­­салған қаражаттың 4/5 бөлігі Ақжа­йық өңі­рінде дәл осы «Туған жер» ар­­найы жобасына жұмсалған екен.

Басым бөлігі күшейтілген карантин жағдайында өткен кешегі кібі­се жылының өзінде облыста меценат­тардың қолдауымен Бәйтерек ауданы Погодаев ауылында – мәдени-спорт кешені, Қазталов ауданы Жаңажол ауылында – фельдшерлік-акушерлік пункт, осы ауданның Қособа ауылын­да – бастауыш мектеп, Орал қаласы­ның Зачаганск кентінде – көп балалы анаға тұрғын үй салынды. Одан бөлек 4 мәдени нысан бой көтерген. Мысалы, Қаратөбе ауылында Алаш Орда және Қайыржан Хасановтың мемориалдық-музей кешенін белгілі өлкетанушының ұлдары 100 млн теңгеге өз қаражатымен тұрғызды. Ақ­жайық ауданының кәсіпкерлері мен қара­пайым тұрғындары ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойын «Жұбан орталығы» атты мәдени кешен тұрғызып атап өтті. Сырым ауданының Шолақаңқаты ауылдық округінде Ерсары батыр Бегейұлына кесене көтерілсе, Орал қаласында «Бес ұрпақ» саябағы пайда болды.

Елдегі төтенше жағдай кезінде ме­ценаттардың көмегімен жалпы сомасы 120 млн теңгеге 160 дана оттегі кон­центраты, 400 пульсоксиметр, дәрі-дәрмек алынып, облыстағы меди­циналық мекемелерге табысталды.

Айтпақшы, дәл осы «Туған жер» жобасы аясында 2017 жылы Орал қала­сында меценаттардың демеу­шілі­гімен «Рухани жаңғыру» музейі ашыл­ған болатын. «Алаш тарихы», «Ұлттық баспасөз тарихы», «Киелі жер­лер» тақырыбына жасақталған музей экспонаттарын бүгінге дейін 16 мың­нан аса адам қарап үлгеріпті.

2018 жылы елімізде ұлы композитор Құрманғазының мерейтойы ата­лып өткен еді. Сол шаралар аясында Батыс Қазақстан облысында «Ғасыр қойнауынан жеткен бабалар үні» халықаралық экспедициясы, «Жаһан­дану әлемі және Құрманғазы Сағыр­байұлының мәңгілік мұрасы» рес­пуб­ликалық ғылыми-тәжірибие­лік конференциясы, «Ұлы дала мұра­сы» республикалық домбырашылар байқауы ұйымдастырылды. Орал қаласында өткен «Нағыз қазақ – домбыра» акциясына бір мезгілде 1700 домбырашы қатысып, Гиннестің рекордтар кітабына жазылды.

 

Киелі орындар

шақырады

Қазақстан болашақта туризм саласын табысты кәсіп көзіне айналдыруды көздеп отырған ел. Соның ішінде Батыс Қазақстанның тарихи һәм киелі орындары да назардан тыс қалмау керек. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында өңірде тарихи-мә­дени жәдігерлер есепке алынды. Оның ішінде 8 нысан Қазақстанның жалпыұлттық киелі жерлері тізіміне енді. Соның ішінде ортағасырлық Жайық қалашығы орнын зерттеу және музейлендіру жобасы жасалды. Бөкей Орда тарихи-музей кешені де елімізде барынша толық сақталған жалғыз хан ордасы ретінде көпшілік қызығушылығын тудырып отыр. Республика бюджеті есебінен салынып жатқан Қазталов-Жәнібек-Бөкей ордасы тас жолы құрылысы тезірек аяқталса, Ордаға барушылар легі еселеп артары анық. Осы Ордада тағы бір жалпыұлттық киелі нысан – күйші Дәулеткерей Шығайұлының кесенесі бар. Ал Жымпитыдағы Алаш музейі Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлы бастаған Алаш арыстарының табан ізі қалған тарихи ғимаратымен бағалы. 2018 жылы «Алаш Орда үйі» рес­публикалық байқауда «Үздік музей» аталымы бойынша 1-орынды иеленді. Ал әулие Жұмағазы хазірет зиратына тәу етушілер легін құдайсыз Кеңес өкіметі де тыя алмаған екен. Культтік нысан, зиярат орны ретінде тек Қазақстан емес, таяу шет­елдер­ге де әйгілі бұл кешенде бүкіл инф­ра­­құрылым халықтың күші­мен жа­сал­ған. Енді жергілікті билік жол мәсе­лесін шешіп, халықтың талай жылғы тілегін жүзеге асырмақ.

Айтпақшы, әйгілі Тақсай хан­шайы­мы – алтын адам табылған сақ қор­ғаны мен ХХ ғасырдың көр­нек­ті қайраткері, ақын әрі ойшыл Ғұ­мар Қараштың зиратына зәулім ке­се­нені дәл осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті халық өз күшімен көтеріп қойды.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында мәдени-туристік кластерді дамыту бойынша – «Бөкей Орда киелі жерлері» (Хан Ордасы), «Алаш Орда үйі», «Жұмағазы хазірет» кесе­несі, «Алтын Ханшайым» Тақсай кор­ған­дары және «Жайық қалашығы» бағыттары жоспарланған.

 

Ауыл – ел бесігі

«Туған жер» жобасы­мен үндес келетін «Ауыл – ел бесігі» бағдарла­масы ауылдардың инфрақұры­лы­мын жақсарту мақсатын көздейді. Өт­кен жылдары облыстың 12 ауда­нын­­да да осындай іс-шаралар өтті. Шал­ғай ауылдарға су құбырын жүр­гізу, ауылішілік жолдарды жөндеу және салу, мектептер мен дәрігерлік амбу­ла­тор­ияларды күрделі жөндеу, жаяу жүр­­гіншілер жолдарын салу және жа­рық­тандыру секілді игі істер атқарылды.

Мысал ретінде айта кетсек, Ақжа­йық ауданының Жайық ауылында аудан орталығы мен Жайық ауылын қоса­тын жолдың 3,2 шақырымын күр­делі жөндеу аяқталды. Осы бір аралық ауа райының қолайсыз кезеңінде ауыл тұрғындарын сарсаңға салатын. Ақыры осы арнайы жоба аясында шешімін тапты.

Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданы­ның орталығы Сайхында бірнеше көшенің жолына күрделі жөндеу жүр­гізілді. Жәнібек ауданы, Борсы ауыл­дық округінің Тегісшіл елді меке­ніне ауыз су құбыры тартылды.

Ал Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласын іргедегі Қызылтал шағын ауданымен жалғайтын авто­жол­ға күрделі жөндеу басталды.

Жылдан артық уақытқа созылған пандемия жомарт жандардың жолына тұсау болмапты. Белгілі кәсіпкер, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Асанов өткен Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында туған ауылы – Бәйтерек ауда­нын­дағы Погодаев ауылына 120 млн теңге қаржы жұмсап, зәулім мәде­ни-спорттық кешен салып берген болатын. Жақында сол Бейбіт мәдени-спорт кешеніне 18 татами және кимоно костюмдерін алып берді. Енді ауыл балалары боз кілемде белдесіп, күрестің қыр-сырын үйренетін болды.

 

Аманатқа адалдық

Осы мақаламызды дайындап жат­қанымызда қазталовтық әріпте­сіміз Қайрат Жақыптан төмендегі жаңа­лықты естіп, жүрегіміз жылыды.

Қараоба ауылында тұрған кәсіпкер Мереке Кайбушев ауылдастарына қайырымдылығымен әйгілі еді. Шағын ғана Кайбушевтар отбасы талай-талай игі іске мұрындық болып жүрген екен. Өткен жылы аяқ астынан Мереке ағай дүниеден озыпты. Кә­сіпкер шаруа қожалығында ұзақ жыл қызмет еткен жұмысшыларына үй, кө­лік алып беріп, қуантып жүреді екен.

– Жақында Мереке Кайбушевтің ұлы Қуаныш «Ақбота» шаруа қожа­лығында 10 жылдан бері жыл­қышы болып еңбек етіп жүрген Серікқали Төлешевтің отбасына баспана алып берді. Жеті бала өсіріп отырған Серік­қалиға Мереке ағай: «Алла қаласа, жұмыс істегеніңе 10 жыл толғанда үй алып беремін» деп уәде берген екен. Сол уәдені ұлы орындап, әке ама­­на­тын жүзеге асырды. Қарапайым малшы отбасының қуанышында шек жоқ, – дейді Қайрат Жақып.

«Қайырымдылық істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында атқарылған осы бір шағын жаңалық бұл іске қатысы жоқ жандардың өзіне қуаныш сыйлайтыны анық. «Біреудің иығына жапқан шапаның өзіңді де жылытады» демекші, қайырымдылық бүкіл қоғамға оң әсер береді ғой.

Әрине, жомарттық, қайырымды­лық қай кезде де болған. Дегенмен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы бұл жұмыстар жү­йелі қалыпқа, тізбекті реакцияға ай­­налғаны рас. Белгілі ақын, Мем­ле­кеттік сый­лық­тың лауреаты Ты­ныш­тықбек Әбді­кәкімовтің сөзімен айтсақ, «қайы­рымсыз елдегі қайыр­шының қалпағы бос болады». Ал қайырымды ел жоға­рыда айтыл­ған­дай мың сан игі істермен дос болады. Ылайым, солай болғай!

 

Батыс Қазақстан облысы